Су – тіршіліктің өзегі, ел игілігінің кепілі
Жыл сайын 9 шілдеде елімізде Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. 2019 жылы кәсіби мерекелер тізбесіне енгізілген бұл күн – су ресурстарын қорғау, ирригация жүйесін дамыту, халық пен ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың қажырлы еңбегіне көрсетілген зор құрмет екені даусыз. Су – адамзаттың ең қымбат байлығы. Қазақ халқы «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Әсіресе, тіршілігі күрішпен біте қайнасқан Сыр өңірі үшін судың маңызы ерекше. Егіннің бітік шығуы, халықтың әл-ауқатының артуы, табиғи тепе-теңдіктің сақталуы – барлығы суға тікелей байланысты. Сондықтан су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әрбір тамшы суды тиімді пайдалану бүгінде еліміздің стратегиялық міндетінің біріне айналған.
Соңғы жылдары әлемде климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну, мұздықтардың азаюы және трансшекаралық өзендердегі су көлемінің төмендеуі әлем елдерін алаңдатып отырғаны жасырын емес. Қазақстан үшін де бұл мәселе аса маңызды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беріп келеді.
Ел Президенті өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында су мәселесінің маңыздылығына бірнеше мәрте тоқталғаны белгілі. «Су қауіпсіздігі мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту – басты міндеттердің бірі» деді. Бұл ретте Мемлекет басшысы «Әрбір тамшы судың қадірін білуіміз керек. Су – сарқылатын ресурс. Сондықтан оны ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз қажет» деп, суды үнемдеу тек су шаруашылығы мамандарының қатысты еместігін тілге тиек етіп, барлық қоғамның ортақ жауапкершілігі санады.
Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде су саласын жаңғырту жұмыстары жаңа кезеңге қадам басты. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, саланы басқарудың жаңа жүйесі енгізілді. Бүгінде министрлік еліміз бойынша су қоймасын жаңғырту, каналдарды қайта қалпына келтіру, гидротехникалық нысандарды жөндеу, су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Министрлік қолға алған маңызды бастаманың бірі – су пайдаланушылармен жұмысты толық цифрлық форматқа көшіру. Бұл су есебінің ашықтығын қамтамасыз етіп, әрбір текше метр судың тиімді пайдаланылуына мүмкіндік береді. Осы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалына қарасты «Сырдариясушар» өндірістік учаскесі де маңызды рөл атқарып келеді.
Аудандағы су шаруашылығының тарихы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастау алады. Алғаш 1938 жылы Тереңөзек ауданы Жалағаштан бөлініп, өз алдына дербес болып құрылған кезде аудандағы алғашқы мекеменің бірі ретінде су шаруашылығы бөлімі ұйымдастырылды. Сол уақытта аудан орталығы Аламесек елді мекенінен Тереңөзек станциясына көшіріліп, су шаруашылығы саласы өңірдің ауыл шаруашылығын дамытудағы негізгі тіректің біріне айналды.
Бүгінде «Сырдариясушар» өндірістік учаскесі аудандағы суармалы егіншіліктің қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп отырған маңызды өндірістік құрылым. Ұжым көктемгі егіс науқаны басталған сәттен бастап күзгі жиын-терім аяқталғанға дейін тәулік бойы қызмет атқарады. Қазіргі таңда өндірістік учаске Шіркейлі, Айтек, Елтай, Соркөл, Жетікөл-Жарма, Жүнісбек және Жаңадария су жүйелері арқылы ауданның егістік алқаптарына су жеткізіп келеді. Осы жылдың суару маусымында 138 шаруа қожалығы «Биллинг» электронды жүйесі арқылы 26 968 гектар жерге келісімшарт жасады. Оның 17 671 гектар жерге күріш дақылы орналастырылған.
2026 жылдан бастап енгізілген «Биллинг» электронды келісімшарт жүйесі су пайдаланушылар мен мекеме арасындағы жұмысты жаңа деңгейге көтерді. Цифрлық жүйе арқылы келісімшарт жасау жеңілдеп, су көлемін нақты есептеу, төлем жүргізу және су пайдалануды бақылау жұмыстары анағұрлым тиімді ұйымдастырылуда.
Осы күні «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінде 72 қызметкер еңбек етеді. Олар тәулікпен жұмыс істеп, егістік алқаптарына судың уақытылы әрі белгіленген мөлшерде жетуін қамтамасыз етеді. Су мамандарының тынымсыз еңбегінің арқасында аудан диқандары жыл сайын мол өнім алуға мүмкіндік алып келеді.
Суды үнемдеу – уақыт талабы. Осы бағытта өндірістік учаскеде бірқатар жұмыс атқарылуда. Су үнемдеу құрылғылары кезең-кезеңімен орнатылып, алдағы уақытта электронды су есептегіш құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Бұл судың нақты көлемін бақылауға, шығынды азайтуға және су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды жақсарту жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл «Жетікөл-Жарма» каналының 16,5 шақырымы механикалық тазартылып, су өткізу қабілеті арттырылды. Айдарлы ауылындағы «Ақтам» каналы толық тазалаудан өтті. Бұл жұмыстың барлығы Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалының қолдауымен жүзеге асып отыр.
Өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында көлдерге, шабындық және жайылымдық жерге де қажетті мөлшерде су жіберілуде. Бұл табиғи тепе-теңдікті сақтауға, жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемінің қалыпты дамуына оң әсерін тигізуде.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Су – стратегиялық ресурс. Оны тиімді пайдалану – бүкіл қоғамның ортақ міндеті». Сондықтан су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, жаңа технологияларды енгізу, судың әр тамшысын ұқыпты пайдалану – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
– Су – халықтың ортақ байлығы. Сондықтан оны тиімді пайдалану – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі маңызды мәселе ретінде айқындап отыр. Бұл – біздің сала мамандарына жүктелген үлкен жауапкершілік. Бүгінде ұжымымыз суармалы алқаптарды уақытылы сумен қамтамасыз ету, су ысырабына жол бермеу, цифрлық жүйелерді енгізу және су үнемдеу технологияларын қолдану бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау, электронды келісімшарт жүйесін енгізу – осының нақты дәлелі. Алдағы уақытта да Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалының қолдауымен бұл жұмыстар жалғасын табады. Барша су шаруашылығы саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, – дейді «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің басшысы Бектұрғанбек Искаков.
Су – табиғаттың сарқылмас қазынасы емес. Сондықтан оны қорғау, үнемдеу және келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз. Ал осы игілікті іске өлшеусіз үлес қосып жүрген су шаруашылығы саласының мамандарының еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Б.ОРДАБЕКОВ










