«Таза Қазақстан» – ортақ міндет, ортақ жауапкершілік
Қоршаған ортаның тазалығы – адам денсаулығының, қоғам мәдениетінің және ұлт болашағының айқын көрсеткіші. Таза аула, таза көше, таза ауыл мен аудан – жай ғана сыртқы көрініс ретінде қарастырылмағаны жөн. Тұрғындардың өмір салтына, қоршаған ортаға деген көзқарасына, азаматтық жауапкершілігіне тікелей байланысты маңызды ұстанымға айналғаны жақсы. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – ел көлеміндегі маңызды әрі мазмұнды бастаманың санатына кіреді.Ел Президенті өз Жолдауында «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығына арнайы тоқталып, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың, табиғатқа жанашырлықпен қараудың, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдырудың маңызын айрықша атап өтті. Бұл – бір реттік науқан емес, бұл – баршамызға ортақ міндет, елдік санаға негізделген жүйелі жұмыс. Акцияның түпкі мақсаты да осы – қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін орнықтыру, азаматтардың табиғатқа деген жанашырлық сезімін күшейту, туған жердің тазалығына әр адамның жеке жауапкершілігін арттыру.
Осы уақытта «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты қоғам өмірінің әр саласында кеңінен дәріптелуде. Бұл құндылық адалдық пен тазалықты тек еңбекте ғана емес, өмір сүру салтында, қоғамдық ортада, туған жерге деген көзқараста да берік ұстануды керек етеді. Сондықтан тазалық мәселесі – тек коммуналдық немесе санитарлық талап шеңберіндегі жұмыс ретінде қарастырылмайды. Ауқымды бастама – тәрбие, мәдениет, елге деген жанашырлықтың нақты көрінісі.
Сырдария ауданында да аталған бастамаға ерекше мән беріліп отыр. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жүйелі түрде ұйымдастыру, оның мазмұнын тереңдету және нақты нәтижеге бағыттау мақсатында аудан көлемінде арнайы өкіммен жұмысшы топ құрылып, оның құрамы бекітілді. Бүгінде осы топ тарапынан аудан аумағындағы санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, белгіленбеген қоқыс орындарын анықтау және жою, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі шаралар атқарылуда.
Тазалық – ортақ іске айналғанда ғана нәтижелі болмақ. Осыны негізге алған жұмысшы топ аудан көлеміндегі елді мекендерді аралап, санитарлық талаптардың сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізуде. Белгіленбеген орындарға қоқыс төгу, қоғамдық орындарды ластау, тұрмыстық қалдықтарды бейберекет орналастыру секілді келеңсіз әрекеттің алдын алу мақсатында нақты іс-шара қабылдануда. Мұндай жұмыстың барлығы аудан аумағында тазалық тәртібін сақтау, экологиялық ахуалды жақсарту және жергілікті халықтың ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Акция аясында аудан аумағында экологиялық мәдениетті арттыруға арналған 10 билборд орналастырылып, тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылды. Көпшілік арасында түсіндіру жұмысы тұрақты жүргізіліп, тазалық сақтау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, қоғамдық орында тәртіп сақтау жөнінде кең көлемде ақпарат берілуде. Әлеуметтік желі мен ақпарат құралдары арқылы экологиялық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған бейнеролик пен түсіндірме сипатындағы материал кеңінен таратылуда. Тұрғындардың назарын тазалық мәселесіне аударып қана қоймай, оны күнделікті әдетке айналдыруға бағытталған маңызды жұмыс атқарылуда.
Атқарылған іс-шараның нәтижесі де жоқ емес. Бүгінгі күнге дейін аудан көлемінде санитарлық талаптарды бұзуға байланысты 51 әкімшілік хаттама толтырылып, 5 белгіленбеген қоқыс орны жойылды. Аталған көрсеткіш бақылау мен талаптың күшейгенін аңғартса, тазалық мәселесіне салғырт қарауға болмайтынын білдіреді. Заң талабын сақтау, қоғамдық орынды ластамау, белгіленбеген жерге қоқыс төкпеу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі қоршаған ортаға немқұрайлы қарау – тек тәртіп бұзушылық емес, болашаққа, келер ұрпаққа деген жауапсыздықтың белгісі.
Әр отбасы өз ауласын таза ұстап, әр тұрғын көше тазалығына жауапкершілікпен қарап, әр мекеме өз аумағына ұқыптылық танытқанда ғана біз шын мәнінде таза әрі жайлы орта қалыптастыра аламыз. Тазалыққа бейжай қарамау – өркениетті қоғамның белгісі. Ал өркениетті қоғам ең алдымен өз ауласынан, өз көшесінен, өз туған жерінен басталады.
Прокуратура органдары үшін заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету – басты міндет. Осы тұрғыдан алғанда аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту, экологиялық талаптардың орындалуын бақылау ісі де назардан тыс қалмайды. Тазалық мәселесіне қатысты құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізу, заң бұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені «Таза Қазақстан» бастамасының өміршеңдігі – тұрақтылығында және әрбір азаматтың саналы қатысуында.
Абай ӘЛІМБАЕВ,
Сырдария ауданының
прокуроры










