Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкеңізге соңғы рет қашан қоңырау шалдыңыз?

Әкеңізге соңғы рет қашан қоңырау шалдыңыз?

Әке біз үшін әділдіктің, қаталдықтың, тәртіптің символы десек, қате айтқан болмаспыз. Таң атқаннан күн батқанға дейінгі уақытта жұмыста жүріп, кеш бата үйге келетін әкемізді асыға күтіп, анамызбен бірдей оның жағдайын жасауға асығатынбыз. Сәл еркелеп кетсек, анамыз «әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөзін ести сала, тез есімізді жинап алатын кезді де сағындық-ау бұл күнде.


Иә, қазір өзіміз ата-анамыз. Бойжетіп жат жұрттық болып кеткенімізге де ширек ғасырдай уақыт болыпты. Үлкейсек те, сәл хабарсыз қалсақ алаңдап, іздеп отыратын қарт әкеміздің орны біз үшін тым бөлек. Кейде осы біз тым өзімшіл болып кетпедік пе деген ойға келеміз. Иә, мына зымыраған уақыттың әуенімен жүреміз деп, үйдегі қарт әкеміздің жағдайын сұрауға да бармайтынымыз тым өзімшілдік емес пе?
«Әке – асқар тау», «Әке – қамқорың, тірегің» деген сөзді бала кезімізден құлағымызға сіңіріп өстік. Енді міне, күнделікті күйбең тірлікті сылтау етіп, сол асқар тауымызға кейде қоңырау шалуға уақыт таппаймыз деп өзімізді алдаймыз.

Өмірде бәрін кейінге қалдыруға болады, бірақ ата-анамен өткізілетін уақытты қайтарып алу мүмкін емес. Сондықтан дәл қазір телефоныңызды қолыңызға алып, әкеңізге қоңырау шалыңыз. Оның дауысы сізге күш-қуат берсе, сіздің қоңырауыңыз оған қуаныш сыйлайды. Психологтардың айтуынша, ата-анамен тұрақты қарым-қатынаста болу адамның эмоционалдық саулығына оң әсер етеді. Әсіресе әке-шешенің көңілін сұрап, олармен жиі сөйлесу отбасы арасындағы байланысты нығайтады. Кейде бірнеше минуттық телефон қоңырауының өзі үлкен қуаныш сыйлауы мүмкін.

Иә, уақыт бар-ау, сол уақыттың ішінен бес-он минутты қиып әкеміздің дауысын естуге асықпаймыз. «Неге біз сондай қаталмыз?» деген сұрақ ішкі жан дүниеміздің астаң-кестеңін шығарғанда, оны «қоғамның, бүгінгі қым-қуыт тірліктің кесірі» деп өз өзімізді ақтағандай боламыз. Асылы, бұл өмірде көзі тірі адамға жылы сөз айтуға асықпайтын жайбасарлығымыз бен немқұрайлығымыз себеп шығар. Ал өмір деген қамшының сабындай қып-қысқа дейміз-ау. Сонда да ең ардақты жан әкеміздің дауысын есту үшін уақытымызды бөлуге асықпаймыз, ұмытамыз, ертеңге қалдырамыз. Әке үшін перзентінің амандығын білуден асқан бақыт жоқ. Бір ғана аман-есендігіңді білу үшін әкеміз телефон қоңырауын күнұзақ күтетінін сезесіз бе? Балалыққа салынып жүргеніңде әкенің де бұл өмірдегі уақыты да бітіп кетпесіне кім кепіл? Сондықтан анаңызбен бірге әлпештеп өсірген әкеңіздің мейірімін мәңгілік сағынышыңызға айналдырмас үшін міндетті түрде бүгін қоңырау шалыңыз.

Бүгінде технология дамып, әлемнің кез келген нүктесімен байланысу оңай. Бірнеше секундта хабарласып, бейнеқоңырау шалуға мүмкіндік бар. Соған қарамастан, көптеген адам ата-анасына уақыт таппайтынын айтып жатады. Шын мәнінде, мәселе уақыттың аздығында емес, көңіл бөлудің жеткіліксіздігінде болса керек.

Бір күні әкеме қоңырау шалдым. Телефонның ар жағында әкем:
– Қызым, амансыңдар ма? Үй іші қалай?
– Жақсымыз, әке! Себепсіз, даусыңызды естиін деп едім, – деген мен сексеннен асқан әкемді қуантып қойдым...

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
20 маусым 2026 ж. 98 0