Жас түлектер үлкен өмірге қадам басты
Кеше оқу жылының аяқталуына орай ауданға қарасты барлық білім ошағында түлектердің салтанатты іс-шарасы өтті. Жас түлектерге арналған Аманкелді ауылындағы №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдегі іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ауыл ардагерлері, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.Аудан басшысы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, аймақ басшысы Мұрат Нәлхожаұлының алғысын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» деген болатын. Еліміздің болашағы – жастарымызға сапалы білім, саналы тәрбие беруде Президентіміздің тапсырмасымен жүйелі жұмыс атқарылуда. Жаңа дәуірде бәсекеге қабілетті ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер жолы ашылуда.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сыр өңірінде білім саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетуде. Аймағымызда соңғы жылдары 45 жаңа заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді. Аудан бойынша балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайыз шешімін тапқан. Соңғы жылдары білім саласы бойынша 2 мектеп күрделі жөндеуден өткізілсе, 7 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Қазақстан ұлттық қоры» есебінен 8 мектеп физика, химия, биология кабинеттерімен жабдықталды. Білікті ұстаздардың тынбай ізденуінің арқасында ауданда озат оқушылардың саны артуда. 2025-2026 оқу жылында 82 оқушы облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі бағыттағы байқауларда жүлдегер атанса, 16 мұғалім кәсіби байқауларда жетістіктерге жетті. Білім саласындағы жарқын жетістіктер аудан ұстаздарының еңбегінің нәтижесі деп білемін. Мектептің жүрегі саналатын ұстаздар қауымына, оларға үнемі қолдау білдіретін сала ардагерлеріне аймақ басшысының шынайы ризашылығын жеткіземін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Салтанатты іс-шарада шәкірттері жетістікке жеткен ұстаздар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, мектептің ардагер ұстаздары мен ата-аналар да құттықтау сөз сөйлеп, бітіруші түлектерге батасын берді. Жас түлектер де ұстаздарына алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, биылғы оқу жылын ауданда 8149 оқушы аяқтады, оның ішінде 583 оқушы мектепті бітіреді, олардың 505-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда. Мектеп бітіруші түлектердің 53-і «Алтын белгіге», 70-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Аудандағы барлық білім ошағында салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Бұл ретте, мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30, 40 жыл толған көпшілік алтын ұя мектептерімен қайта қауышып, аяулы ұстаздарына қауышуда.
Әрбір үйдің үкілеген үміті саналатын жас түлектер үлкен өмірге қадам басуда. Ұстаздардың қажырлы еңбегінің арқасында сапалы білім алып, әрбір жас түлек жоғары оқу орындарына түсуге бақтарын сынауда.
«Тт» ақпарат











