Егін егу науқанының қарқыны артты
Жақында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына арнайы іссапармен келді. Іс-сапар аясында аймақ басшысы Шіркейлі ауылдық округіне барып, «Мәді қажы» шаруашылығының жұмысымен және ғарыштық мониторинг жүйесінің мүмкіндіктерімен танысты. Мұнда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, шаруашылықтың басшылық құрамы егін егу маусымынының жұмысын аймақ басшысына баяндады.Айта кетейік, жиырма екі жылдан бері өңірдің аграрлық саласын дамытуға үлес қосып келе жатқан шаруашылық негізінен егін егуге және мал басын көбейту ісін ілгерілетуге басымдық беріп келеді. Шаруашылықтың 9 765 гектар жерінің 3 065 гектары егістікке, 3 267 гектары жайылымға арналған. Биыл 1000 гектарға күріш, 1200 гектар алқапқа жоңышқа егілді. Бүгінде күріштің 60 пайызы суға бастырылған.
Сапар барысында аймақ басшысы диқандармен кездесіп, көктемгі дала жұмыстарының жай-жапсарын талқылады. Заманауи технологиялардың тиімділігіне тоқталып, ғарыштық мониторинг жүйесінің су үнемдеу, егіс көлемін бақылау және өнімділікті арттырудағы маңызын ерекше атап өтті.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды енгізу – уақыт талабы. Осы ретте, ғарыштық мониторинг жүйесінің мүмкіндіктері ерекше маңызды. Бұл жүйе арқылы су ресурстарын үнемдеп пайдалану, егіс алқаптарының жай-күйін бақылау, өнімділікті арттыру және еңбек тиімділігін күшейту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады. Су тапшылығы өзекті мәселеге айналған қазіргі кезеңде мұндай озық технологияларды енгізу – аса маңызды міндеттердің бірі. Сырдария ауданында биыл көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауданда 32 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылы егіліп, оның ішінде негізгі басымдық күріш дақылына берілген. Егісті әртараптандыру бағытында жүгері, жоңышқа, көкөніс және бау-бақша өнімдерінің көлемі ұлғайтылуда. Бұл – ауыл шаруашылығы саласын нарық талабына сай дамытуға жасалған нақты қадам. Әсіресе, су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңбырлатып суару әдісін пайдалану және жерді лазерлік тегістеу жұмыстарының қолға алынуы – агросектордағы тиімділікті арттыруға бағытталған маңызды бастамалар. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Біз үшін ең басты мақсат – шаруалардың табысын арттыру, еңбек өнімділігін көбейту және ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту. Диқандарымыз – елдің ырысын еселеп отырған еңбек адамдары. Көктемнің әр күнімен санасып, тынымсыз еңбек етіп жүрген шаруаларға ризашылығымды білдіремін. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады. Алдағы уақытта да өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға, заманауи технологияларды кеңінен енгізуге және су ресурстарын тиімді пайдалануға басымдық береміз, – деді аймақ басшысы.
Биыл Сырдария ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл ауданда 32 064 гектарға егін егілуде, оның ішінде 17 мың гектары – күріш, 142 гектары – картоп, 180 гектары – көкөніс, 368 гектары – бау-бақша. Егісті әртараптандыру бағытында 2000 гектарға жүгері егу көзделген. Жаңбырлатып суару әдісімен 150 гектарға жоңышқа себілсе, 1500 гектар жер лазермен тегістелді.
Б.ОРДАБЕКОВ











