Марияш Бахадүрова – «Үздік сырмақшы» номинациясының иегері атанды
2026 жылдың 14–17 мамыр аралығында Өскемен қаласында Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырылған «Атамұра» халықаралық тоқыма қолөнері фестивалі аясында «Аламан құрақ» республикалық жобасы өтті.«Ғасырлық дәстүр» тақырыбын арқау еткен тағылымды шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Әзірбайжан және өзге де мемлекеттерден келген қолөнер шеберлері қатысып, түркі дүниесіне ортақ ұлттық өнердің құндылығын кеңінен насихаттады. Жалпы сегіз мемлекеттен жиналған ісмерлер өздерінің төл өнерін таныстырып, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүр сабақтастығын дәріптеді.
Осындай халықаралық деңгейдегі өнер мерекесінде ауданымыздың мерейін үстем еткен Сырдария ауданы, Айдарлы ауылының қолөнер шебері Марияш Бахадүрова «Үздік сырмақшы» номинациясының иегері атанды!
Бұл – табандылық пен шеберліктің, ұлттық өнерге деген адалдықтың айқын көрінісі. Сырмақ сыру өнері – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, терең мағына мен тағылымға толы қасиетті мұра. Әрбір оюында халқымыздың тарихы, дүниетанымы мен рухы көрініс табады. Осындай киелі өнерді дәріптеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жүрген Марияш апайымыздың еңбегі зор құрметке лайық.
Халықаралық фестивальде ел намысын абыроймен қорғап, ұлттық өнеріміздің мәртебесін көтерген Марияш Бахадүрова апайымызды шын жүректен құттықтаймыз!
Өнеріңіз өрлей берсін, еңбегіңіз елене берсін!
Қазақтың қасиетті қолөнері жасай берсін!










