Сахнадағы сырлы сезім
Жақында Шіркейлі ауылындағы мәдениет ошағында «Жұбайлар жыры» тақырыбында өнерлі жұптардың облыстық отбасылық ән байқауы өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, дербес бөлім басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.Жалпы алғанда, Отбасы күні мерекесі аясында өткізілген байқауда 7 өнерлі жұп өзара шеберліктерін байқатып, бақ сынады. Өз кезегінде аудан әкімі жиналған қауымды Отбасы күнімен құттықтап, отбасы институтының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді» деп атап өтті. Бүгінде біздің алдымызда отбасы институтын дамыту міндеті тұр. Ол үшін еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеудің жаңа сапасын қалыптастыру керек. Жанұяда отбасылық құндылықтар сақталуы тиіс. Осы бағытта Сыр өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен облыс орталығында «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым», «Өнер орталығы» ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары жұмыс жасауда. Тереңөзек кентінде ұлттық құндылықтар дәріптелетін «Руханият орталығы» пайдалануға берілді. Мұндай игі бастамалар қоғамдағы өзара сыйластықты арттырып, отбасы құндылықтарын нығайтуға және ұлт тәрбиесінің сабақтастығын сақтауға үлкен үлес қосуда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сахна төрінде ән өнерін биік шыңға жеткізе білген майталман өнерпаздар отбасылық өмірде де жарасымды жұп ретінде танылды. Әділқазылар алқасының шешімімен ІІІ орынды Алмат Шербатшаев пен Ғайни Құлымбетова, Айбек Есқараев пен Айда Есқараева иеленді. ІІ орын Қараман Тілепов пен Жазира Қыстаубаеваға, сондай-ақ Жарқынбек Әлешов пен Аяжан Кенжебекке бұйырды. І орын Айбек Есжанов пен Меруерт Малбағароваға табысталса, бас жүлдені Кенжебек Сарыбаев пен Ләззат Сарыбаева еншіледі.
Барлық қатысушы жұпқа арнайы диплом, Алғыс хат және қаржылай сыйлық табысталды.
Б.ЖАНӘЛІ










