Жылу беру маусымының қорытындысы және алдағы кезеңге дайындық мәселелері талқыланды
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымының қорытындыcы және алдағы кезеңге дайындық барысы талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жауапты тұлғаларға барлық әлеуметтік нысанды қыркүйек айына дейін, мектептерді тамыздың соңына дейін жылу беру маусымына толық дайындауды тапсырды.
«Қала, аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары әлеуметтік нысандардың дайындығын күнделікті бақылауға алып, жұмысты жоспарға сәйкес жүргізіңіздер.
Жылу беру маусымына қажетті көмір көлемін анықтау керек. Жеткізуші операторлармен алдын ала келісім жасасып, көмір қорын жасақтауды жаз мезгілінен бастаңыздар. Алдағы жылу беру маусымының дайындығына, жұмыс сапасына күнделікті мониторинг жүргізу керек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бұдан бөлек, заңсыз жолаушылар тасымалын тоқтату, апатты жағдайдағы ғимараттарды заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес комиссия арқылы есептен шығару, санитарлық тазалық жұмыстарын күнделікті бақылау тапсырылды.
Айта кетейік, өңірде 2025-2026 жылғы жылу беру маусымы штаттық режимде өтіп, сәуір айында аяқталды. Қазір алдағы жауапты маусымға дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 7 млрд.
400 млн. теңге қаржы қаралған. Республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд. 622 млн. теңгеге 6 жобаның құрылысы аяқталып, қабылдануда. Сонымен қатар, 1 газтурбиналық қондырғы, 14 бу қазандығы мен 21 автономды қазандық жөнделуде.
Мемлекет басшысының қолдауымен «Акса Энерджи» компаниясы Қызылордада 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салды. Бүгінде орталықта 176 мегаватт электр энергиясы өндірілуде, 4 су жылыту қазандығы пайдалануға берілді. Қосымша қуаттылықтар мамыр айының соңына дейін, жалпы орталық алдағы жылу беру маусымында толық іске қосылып, тұрғындарды жылумен, электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етеді.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі











