Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылу беру маусымы қорытындыланды

Жылу беру маусымы қорытындыланды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде жылу беру маусымының қорытындысы және алдағы жауапты маусымға дайындық, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Оған қала, аудан әкімдері, жауапты сала басшылары қатысты.

«Бюджеттік бағдарлама әкімшілері және жылу-энергия нысандарының басшылары, 1 мамырға дейін алдағы жылу беру маусымына дайындық жөніндегі штабтар құрып, іс-шара жоспарын бекітіңіздер. Әлеуметтік нысандарды газға көшірудің жоба-сметалық құжаттамаларын 1 шілдеге дейін әзірлеңіздер. Қажетті көмір қорын жасақтауды шілде айынан бастаңыздар. Сұйық және қатты отын жеткізуші мердігерлермен жасалған келісім-шарттарда көрсетілген бағамен жеткізу бойынша жұмыс жасаңыздар.

Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтудың екінші кезеңі сапалы жүргізіліп, жылу беру маусымына дейін аяқталуы керек.

Мемлекет басшысы 2025 жылдың соңына дейін тұрғындарды 100 пайыз ауыз сумен қамтуды тапсырғаны белгілі. Орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған елді мекендерді қамту үшін қажетті қаражат толық бөлінді. Арал және Қазалы аудандары әкімдері, ауыз сумен қамту жобаларын мерзімінде және сапалы етіп бітіріңіздер. Бірлік, Ақтам елді мекендеріне су тұшытқыш орнатуды тез арада аяқтаңыздар», – деді Н.Нәлібаев.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы Қызылорда қаласындағы 187 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізуге Үкімет резервінен 11 млрд.теңге бөлініп, бірінші кезеңдегі тұрғын үйлерге қосылды. Биыл қаржы тапшылығына қарамастан, Үкімет резервінен 5 млрд. теңге бөлінді. Бұған қаладағы 61 үйге ыстық су тартылады.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

16 сәуір 2025 ж. 161 0