Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас патриоттар додасы

Жас патриоттар додасы

Жас ұрпақты елжандылық рухта тәрбиелеу, олардың бойында жауапкершілік пен табандылық қасиеттерін қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті міндетінің бірі. Осы мақсатта өткізілетін әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашып, олардың физикалық дайындығы мен зияткерлік қабілеттерін ұштастыруға мүмкіндік береді. Мұндай байқаулар жасөспірімдердің өз күшіне сенімін арттырып, ортақ мақсат жолында біріге әрекет етуге үйретеді.

Осындай тағылымы мол іс-шараның бірі – «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар байқауы. Бұл бастама өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, оларды тәртіпке, шыдамдылыққа және көш­­­­басшылыққа баулиды. Сонымен қатар сайыс барысында қатысушылар өзара бәсекеге түсіп қана қоймай, тәжірибе алмасып, достық қарым-қатынасты нығайтады.
Жақында №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей базасында оқушылар арсында «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жас­тар бай­қауының аудандық кезеңі өтті. Байқаудың мақсаты жастардың зияткерлік қабілетін жан-жақты дамыту, Отанға деген құрметке тәрбиелеу, дене даярлығын дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау болды. Мәні мен маңызы ұштасқан байқаудың ашылуына Сырдария ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Алияр Шаменов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Қайрат Рахманбердиев, №35 мектеп-лицей директоры Қалихан Омаров арнайы қатысты.
– Бұл – өскелең ұрпақтың бо­йындағы елге деген сүйіспеншілікті, ерік-жігер мен батылдықты айқын­дайтын маңызды алаң. Сіздер тек сайысқа қатысушы емес, ел бола­шағына жауапкершілікпен қарайтын нағыз азаматсыздар. Бұл байқау барысын­да өз білімдеріңіз бен күш-қуаттарыңызды сынап қана қоймай, ұйымшылдық пен тәртіптің, төзімділік пен табандылықтың маңызын дәлелдейсіздер. Осын­дай қасиеттер – кез келген жетістіктің негізі, ал болашақта ел қорғаны боламын деген жас үшін бұл аса маңызды. Байқау сіздердің шығармашылық және зияткерлік қабілеттеріңізді жан-жақты дамы­ту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қаты­сушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Алияр Шаменов.

Сайысқа үш аймақтан барлығы 45 оқушы қатысқан. Олар Ак-74 қаруын жартылай бөлшектеу мен жинақтау, пневматикалық винтовкадан нысана ату, ұлдар белтемірде тартылу, қыздар арқада жатып денені көтеру, әскерилендірілген эстафета, әскерилендірілген кросс және арқан тарту бойынша бақтарын сынады. Сайыс қорытындысы бойын­ша І орынды І аймақ командасы, ІІ орынды ІІІ аймақ, ІІІ орынды ІІ аймақ командалары иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және кубокпен, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар Алғыс хатпен марапатталды. Айта кетейік, бағы мен бабы қатар түскен 10 оқушы алдағы уақытта облыстық кезеңге қатысатын болады. Үздік ондық – сайысқа қатысқан 45 оқушының ішінен іріктеліп алынған.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 мамыр 2026 ж. 40 0