Тынысы кең кітапхана – танымы биік ұлт
Сәуір айындағы ең ауқымды атаулы күннің бірі – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні. Бұл мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген. Қоғамда кітап оқу мәдениетін арттыру, жастарды білімге баулу және кітапханашылар еңбегін дәріптеу мақсатында белгіленген атаулы күн біздің ауданда да кең көлемде атап өтілді.«Руханият орталығында» «Кітап – ұлттың рухани тірегі» атты мерекелік іс-шара өтті. Жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар мен оқырман қауым қатысты. Іс-шара барысында әсем көмкерілген орталық залында ерекше кітап көрмесі, ұлттық әдебиет пен әлемдік классиканың жауһарларына арналған бұрыштар мен кітап керуені ұйымдастырылып, келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Өз кезегінде аудан басшысы оқырмандарды «Ұлттық кітап күнімен» құттықтап, кітаптың баға жетпес байлық екенін атап өтіп, бұл күннің рухани-танымдық маңызына тоқталды.
– Кітап – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани қазына, баға жетпес байлық. Бұл күн – кітаптың қоғамдағы рөлін дәріптеп, білім мен парасатты биікке көтеретін айтулы мереке. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Ұлттық кітап күні» аталып өтуде. Президентіміз «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп ерекше атап өтті. Бүгінде ауданда 17 кітапхана жүйесі және білім ошақтарында кітапханалар бар. Аталған кітап қорларын сақтау және халыққа жеткізуде 50-ден астам кітапханашы аянбай қызмет етіп келеді. Жыл сайын кітап қорлары жаңартылып, кітапхана жұмысы заманауи техникалармен толықтырылуда. «Коворкинг» орталығы, тегін интернет желісі және аудио-видео құрылғылар пайдаланушылардың электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жергілікті оқырмандардың белсенділігі, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығы жыл санап артуда. «Кітап – алтын қазына» десек, сол қазынаны оқырманға жеткізіп жүрген кітапханашыларға алғысымыз шексіз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, ал сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін жандар – кітапхана қызметкерлері. Бүгінде кітап оқу – трендке айналып келеді. «Қазіргі кезде кітап оқу азайды» деген қасаң пікірді жоққа шығаруға болады. Себебі биыл ел кітапханаларына бас сұққандар саны былтырғымен салыстырғанда едәуір көбейген. Бұл халықтың кітап оқуға деген құштарлығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Салтанатты жиын соңында кітапханашылар мен белсенді оқырмандарға кітап оқу мәдениетін дәріптеу жолындағы еңбектері үшін аудан әкімінің «Алғыс хаты», Қазақстандық салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасы, облыстық салалық кәсіподақтың «Алғыс хаты» табысталып, сый-құрмет көрсетілді. Сондай-ақ Ұлттық кітап күніне орай аудан әкімдігінің атынан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне LED-экран мен дыбыс күшейткіш аппаратурасы сыйға берілді.
Бүгінде «Руханият орталығында» оқырманына қалтқысыз қызмет көрсететін кітапханашылар түрлі іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне, рухани қазынаны келер ұрпаққа мұра ету жолында елеулі еңбек етіп келеді. Аталған ғимаратта аудандық орталық кітапхана мен балалар кітапханасы орналасса, одан бөлек ауылдық округтерде орналасқан 15 кітапхана ел игілігі үшін жұмысын жүргізіп отыр.
«Тт» ақпарат











