Белсенді азаматтар марапатталды
Конституциялық референдум кезінде учаскелерде байқаушы болып, ерікті түрде азаматтық белсенділік танытып, саяси науқанның заңдылыққа сәйкес өтуіне үлес қосқан белсенді азаматтар марапатталды. Оларға облыстық қоғамдық даму басқармасының Алғыс хаты табысталды.Марапатты «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы табыстады. Бұл ретте Атқарушы хатшы бірлесе атқарылған жұмыстың жемісті болатынын тілге тиек етіп, жетекші партияның айқын мақсат-міндеті мен бағыт-бағдарын көпшілікке жеткізді.
– Елордада өткен салтанатты іс-шарада Президентіміз Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталып, Ата Заңымыздың мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізген Жалпыұлттық коалиция мүшелері мен азаматтарға алғысын білдірді. Бүгін, міне, республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан белсенді азаматтарға облыстық қоғамдық даму басқармасының Алғыс хатын табыстаудамыз. Бұл ерекше қолдау бізді жаңа жетістіктерге жетелейді, еселенген жауапкершілік жүктейді, – деді «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде партия белсенділері сөз сөйлеп, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге ынталы екендіктерін айтты.
– Мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумда бақылаушы ретінде қатыстым. Бұл – ел өміріндегі аса маңызды саяси науқан екенін өз көзіммен көріп, оның әділ әрі ашық өткеніне куә болдым. Дауыс беру учаскесінде барлық үдеріс заң талаптарына сай ұйымдастырылды. Азаматтардың еркін таңдау жасауына толық мүмкіндік берілді. Таңғы уақыттан бастап кешке дейін халықтың белсенділігі жоғары болды. Әсіресе, жастар мен аға буын өкілдерінің келіп, өз таңдауларын жасауы қоғамдағы азаматтық жауапкершіліктің артқанын көрсетті. Бұл референдум – елдің болашағына бей-жай қарамайтын әр азаматтың үн қосуына мүмкіндік берген маңызды қадам болды. Халық өз таңдауын жасап, ел дамуының жаңа бағытын айқындауға үлес қосты деп есептеймін. Өз басым Нағи Ілиясов ауылындағы референдум учаскесінде болып, өткізілу барысына қанықтым. Бүгінгі жиынға қатысып отырған азаматтарды марапаттарымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Бауыржан Әлиев.
Жиында жетекші партияның аудандағы белсенді өкілдері Айзада Садықова мен Жадыра Бағдатқызы сөз сөйлеп, алдағы уақытта бірлесе атқарылатын жұмыстарға сәттілік тіледі.
«Тт» ақпарат











