Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы жұмыс – елге ырыс

Сапалы жұмыс – елге ырыс

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің салалық орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары мен кент және ауыл әкімдері қатысты.

– 2026 жылдың қаңтар-наурыз ­айында ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 25,7 млрд тең­генің өнімін өндірді, бұл 2025 жылдың осы деңгейіне қарағанда 5,7 есеге ұлғайған. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 3,5 млрд теңгені құрап отыр. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі көлемі 2026 жылдың қантар-наурызында 1,7 млрд теңгені құрап, 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға артты. Аудан экономикасына 16,8 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2 пайызды құрады. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айында 4 969 шаршы метрге тұрғын үй салынып, 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,6 пайызды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 2026 жылдың 3 айында 4 793 млн теңгені құрап, 11,5 пайызға өсті, – деді аудан әкімі.

Аудан басшысы І тоқсанның қо­ры­тындысы бойынша макроэко­но­микалық көр­сеткіштердің толық орын­далғанын атап өтіп, алдағы уақытта да межеленген жос­пар­дың толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды.

Бұған дейін аудан әкімі А.Тоқмаған­бетов ауылдық округіне қарасты «Айжанкеткен» каналының тоспа бөгетін жөндеу жұмыстарымен танысқан бола­тын. Аудан басшысы нысанда жүр­гізіліп жатқан жұмыстың сапасына және техникалық талаптың сақталуына ерекше назар аударды. Жауапты сала басшыларымен атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін талқы­лады.

«Сырдариясушар» мекемесі бас­шысының орынбасары М.Айтмұханов «Ай­жан­кеткен» каналының тоспа бөгетін қайта жаңғырту жобасының өңір үшін маңыз­дылығын атап өтті. Аталған нысан елді мекенді аяқсумен қамтуға және ауыл шаруа­шылығы алқап­тарын сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде егін шаруашылығының өнім­ділігін арт­тырып, әлеуметтік-эконо­микалық жағ­дайдың жақсаруына оң ықпал етпек.

Бүгінде аудан орталығы мен ауыл­дық округтердің жан-жақты дамып келе жатқаны белгілі. Сапалы атқарылған жұмыстар тұрғындар игілігіне бағытталуда. Бұл ретте әрбір жұмыс аудан басшысының тікелей бақылауында екенін айта кету орынды. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда Қалжан ахун ауылында электрмен жабдықтау жұмыстары жүр­гізілуде. Электр желілерінің тозу деңгейін төмендету бағытында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды «Қызылорда электр тарату торабтары компаниясы» акционерлік қоғамы мердігерлігі жүргізуде. Жоба бойынша 242 дана тұтынушының электр есептегіш құралы мен вводтық кабель­дері ауыстырылуда. 4,7 шақырым көше жарығы қамтылып, 10 кВ әуе желісі бойынша 189 дана бағана орнатылды.


Қыстың соңғы күндері ауданымыз үшін сынаққа толы болғаны белгілі. Табиғат тосын мінез танытып, жарықсыз қалған жұртшылық үшін электр энергиясының қадірі арта түсті. Бұл ретте атқарылып жатқан жұмыстар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жаңартылған ин­фра­құрылым болашақта апаттық жағ­дайлардың алдын алып, халықтың игі­лігіне ұзақ мерзім қызмет ететін болады.

Ауданда атқарылып жатқан жұ­мыстар – жүйелі жоспар мен нә­тижелі еңбектің көрінісі. Әлеу­меттік, инфрақұрылымдық және эко­­­номикалық бағыттарда жүзеге асқан жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде. Алдағы уақытта да игі істер жалғасын тауып, ауданның әлеуетін көтеруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға сер­пін беретіні анық.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

18 сәуір 2026 ж. 42 0