Ардагерлерге құрмет – ұрпақ парызы
Наурыз мерекесіне орай елімізде аталып өтіп жатқан Наурызнаманың он күндігі аясында түрлі тағылымды әрі тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – Қайырымдылық күні. Бұл күн қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықты насихаттап, үлкенге құрмет көрсетуді мақсат етеді.Осыған орай 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Қызылорда қаласындағы қарттар үйіне арнайы барып, мекеме тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады. Әскери бөлім мамандары қариялардың жағдайын сұрап, оларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Кездесу барысында қарттар үйінің тұрғындары сарбаздарды жылы қарсы алып, өздерінің өмір жолдары туралы әңгімелеп берді. Көпті көрген қариялар елдің дамуына қосқан үлестері мен өткен кезеңдердегі еңбек жолдары жайында айтып, жас ұрпаққа ақыл-кеңестерін жеткізді. Өз кезегінде әскери қызметшілер де үлкен буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың батасын алды.
Іс-шара барысында әскери бөлім ұжымы қарияларға мерекелік сый-сияпат ұсынып, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды табыстады. Сонымен қатар мекеме ауласын ретке келтіруге көмектесіп, түрлі шаруашылық жұмыстарына да қолғабыс жасады.
Қарттар үйінің тұрғындары көрсетілген қамқорлық пен құрмет үшін алғыстарын білдіріп, жастарға ақ баталарын берді. Мұндай кездесулер олардың көңілін көтеріп, ерекше қуаныш сыйлағанын айтты.
Наурыз – жаңару мен жақсылықтың, татулық пен берекенің мерекесі. Қазақ халқы ежелден үлкенге құрмет көрсетіп, қарияны елдің қазынасы деп бағалаған. Сондықтан мұндай қайырымдылық шаралары ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы ізгілік пен бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
Наурызнаманың он күндігі аясында ұйымдастырылған бұл шара да соның айқын көрінісі. 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері алдағы уақытта да осындай игі бастамаларға белсенді қатысып, қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін дамытуға өз үлестерін қоса бермек.
Фатима МАРАТОВА
Тәрбие және әлеуметтік- құқықтық
жұмыстар бөлімшесі бастығыны
(мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі)
аға көмекшісі
Тәрбие және әлеуметтік- құқықтық
жұмыстар бөлімшесі бастығыны
(мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі)
аға көмекшісі










