Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 19 газет

14 наурыз 2026 ж.

№ 18 газет

07 наурыз 2026 ж.

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мейірхан Бақытжанұлы, Сырдария аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: елді мекендерді газдандыру жалғасатын болады

Мейірхан Бақытжанұлы, Сырдария аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: елді мекендерді газдандыру жалғасатын болады

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы объектілері мен мекемелерінің үзіліссіз жұмыс істеуін ұйымдастыру, техникалық іс-шараларды қамтамасыз ету – ауқымы кең жұмыс. Сонымен қатар көлік кешенінің жағдайын және автожолдардың жай-күйін талдау, оларды дамытудың негізгі бағыттарын анықтап, сақтау, күтіп ұстау – тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің негізгі міндеті. Осы орайда бөлім мамандары өткен жылы негізгі қызметімен қатар жергілікті инженерлік коммуникациялардың, кәріз және ауызсу жүйелерінің жұмысын тыңғылықты атқарды. Бұл жайында бөлім басшысы егжей-тегжей әңгімелеп берді.

– Мейірхан Бақытжанұлы, ауданда ең күрделі саланың жүгін арқалаған бөлім қызметі тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін аса қажет. Әсіресе күз-қыс айларында инфрақұрылым жұмысының үзіліссіз жұмыс істеуі маңызды. Жалпы бөлімнің атқарған қызметі жайында айтсаңыз?

– Бөлім тарапынан атқарылған жұмыс ауқымы кең. Соның ішінде күретамыр саналатын ел мен елді жалғайтын автомобиль жолдары саласы бойынша тоқталсақ, аудан аумағында жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын автомобиль жолы бар. Оның 44 шақырымы – республикалық, 111,6 шақырымы – облыстық, 107,7 шақырымы – аудандық маңызы бар жол. Аудан­дық маңызы бар автомобиль жолының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 99 пайызды құрайды. Тереңөзек кенті мен елді мекендерде, көшелерінің жалпы ұзындығы – 238,3 шақырымды құрайтын 227 көше бар. Бүгінгі күнге ішкі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 87 пайыз.


Өткен жылы облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қолдауымен ауданның жол саласын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 1 млрд 375 млн теңге қаржы бөлінді. Барлығы 13 жоба бойынша 29,2 шақырым автомобиль жолдары құрылыс, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Атап айтқанда аудан­дық маңызы бар «Кызылорда-Аэро­порт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолы­ны­ның 10,2 шақырымы орташа жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.


Елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары бойынша 6 жоба іске асты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 жоба аяқталды. Яғни облыстық бюджет қаржысынан Шаған ауылының Ә.Омаров көшесінің автомобиль жолын күрделі жөндеу, осы ауылдың С.Мыханова көшесін күрделі жөндеу, Шіркейлі ауылдық округіндегі Б.Жақыпов көшесін күрделі жөндеу, С.Сейфуллин ауылының Ә.Байназарұлы, М.Арықұлы, З.Әбілдаұлы көшелерінің автомобиль жолын күрделі жөндеу жобасы аяқталды.


Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 267,1 млн теңгеге жалпы ұзын­дығы 12,3 шақырымды құрайтын елді мекен­­дердің ішкі жолдарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргі­зілді. Атап айтқанда: Шаған, Жетікөл, Амангелді, Ақжарма, Іңкәрдария ауылы және Тереңөзек кентіндегі бірнеше көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.


– Адам қауіпсіздігі үшін жол белгі­лерін орнату мен жолаушылар тасымалы бойынша қандай қызмет көр­сетілді?

– 2025 жылға аудандық бюджет есебінен жол белгілерін орнату және күтіп ұстау, жол үсті таңбаларын сызу жұмысына тиісті қаржы қаралды. Жоспарға сәйкес кент және елді мекендерде 140 дана жол белгілері орнатылды. Сондай-ақ жасанды бұдырлық орнату, жаяу жүргінші өткеліне жол таңбасын және ішкі көшелерге жол таңбасын сызу жұмысы атқарылды. Бөлім тарапынан жолаушылар тасымалы бойын­ша әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалы аудандық бюджет есебінен субсидияланды. Нәтижесінде Тереңөзек кентішілік және ауданішілік маршрут халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінгі күні жолаушыларды тасымалдау шартына сәйкес, Тереңөзек кентішілік бағыттар бойынша «Арысбай А» ЖК-мен және ауданішілік «Тереңөзек – Іңкәрдария» маршруты бойын­ша ЖК «Ахметов» тарапынан атқарылып келеді.


– Өткен жылы ауданда бірнеше елді мекен табиғи газға қосылып, ел-халық үшін қуанышты жағдай орын алды. Газбен қамту көрсеткіші қанша пайызға жетті?

– Иә, газдандыру бойынша аудан орта­лығы мен 5 елді мекен газдандырылған. Яғни Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов, Н.Ілиясов, Шаған елді мекендері. Қазіргі таңда, аудан бойынша елді мекен санымен газбен қамту көрсеткіші – 42 пайыз. Талдап айтсақ, жоба құны – 661,4 млн теңгені құрайтын Н.Ілиясов елді мекенін газдандыру жобасына 2024-2025 жылдары облыстық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, аталған нысан 2025 жылдың мамыр айын­да пайдалануға берілді. Ал жоба құны – 2,6 млрд теңгені құрайтын Шаған елді мекенін газдандыру жобасына 2024-2025 жылдарға республикалық, облыстық бюд­жеттен қаржы бөлінгенін білесіздер. Барлық жұмыстың нәтижесінде, өткен жылдың желтоқсан айында аталған елді мекенге газ берілді. Келесі ауыл жоба құны – 1,8 млрд теңгені құрайтын Ақжарма елді мекенін газдандыру жобасы. 2025 жылға рес­публикалық бюджеттен 840,7 млн теңге бөлініп, нысан 2026 жылға өтпелі болып танылды. Жобаны толық аяқтауға 2026 жылға республикалық бюджеттен – 1,5 млрд теңге, облыстық бюджеттен – 564,5 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда мердігер мекеме «Алия Сервис» ЖШС арқылы газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауданда газға қосылатын ауыл Ақжарма болады деп күтілуде.

– Сусыз тіршілік көзі тоқтайды. Облыс­та таза ауызсу тұтынатын ауданның бірі – біздің аудан. Дегенмен ауызсуды үздіксіз беру үшін су насостарын жаңадан орнату жұмысы жүрді ме?

– Аудан бойынша жалпы су құбыры жүйесінің ұзындығы 209,8 шақырымды құрайды. 18 дана су қоймасы мен 19 су мұнарасы бар. Бүгінгі күні аудан халқы түгел орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етілген. 2025 жылы ЭЦВ 6-16-110-ESQ –2 дана, ЭЦВ 8-25-100 ESQ –2 дана маркалы ауызсу насосын сатып алуға жергілікті бюджеттен 2,4 млн теңге қаржы бөлінді. Тереңөзек кенті мен Н.Ілиясов елді мекеніне 2 ауызсу насосы орнатылды. Мұның барлығы тұрғындарды таза, сапалы ауызсумен қамтуға байланысты қолға алынған жұмыс.

– Жыл сайын аудан әкімінің есепті кездесулерінде әрбір ауылда автомобиль жолдарын жөндеу мәселесі көтеріледі. Биылғы жылы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жоспарына сәйкес қандай жұмыс атқарылады?


– 2026 жылға жол инфрақұрылымын дамытуға облыстық және аудандық бюджет есебінен «Тереңөзек кенті көшелерінің автомобиль жолдарына күрделі жөндеу», «Сырдария ауданы, Шаған ауылының Ғ.Мұратбаев көшесін күрделі жөндеу», «Сырдария ауданы, Шаған елді мекені көшелерінің жол құрылысы» және «Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылының Н.Ілиясов көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғырту» жобалары бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын айту керек. Сонымен қатар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына барлығы 2,6 млрд теңгені құрайтын 6 жоба қосымша ұсынылды.
Атап айтқанда, С.Сейфуллин ауылының Е.Қосбармақұлы көшесінің автомобиль жолын күрделі жөндеу, Шіркейлі ауылының Ә.Тоққожаев, Д.Рахметов, Ғарышкер көшелерінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеу, Іңкәрдария ауылының Қазыбек би, Ғ.Мұратбаев, Төле би көшелерінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеу, Айдарлы ауылының Шамах Ілиясов, Мұраб Нұртаза, Қаныш Сәтбаев көшелерінің автомобиль жолын күрделі жөндеу, А.Тоқмағамбетов ауылының Бидайкөл, Ш.Ташимов, Қызыл­орақ көшелерінің автомобиль жолын күр­делі жөндеу және аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жаңадария» автомобиль жолының 5-10 шақырым аралығына күрделі жөндеу» жобалары бар. Бұл жоба нәтижесін алдағы уақытта көретін боласыздар.


– Биылғы жылы газдандыру жұ­мысы жалғасады ма, ауданның қай елді мекендері табиғи газдың игілігін көретін болады?

– Әрине жалғасады. Ірі жобаның қатарында 2026 жылға жоба құны 1,3 млрд теңгені құрайтын Шіркейлі елді мекенін газдандыру жобасына 400 млн теңге, жоба құны 1,1 млрд теңгені құрайтын Қоғалыкөл елді мекенін газдандыру жобасына – 320 млн теңге, құрылыс жұмыстарын бастауға барлығы республикалық бюджеттен 720 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізуге дайындық жұмыстары атқа­рылуда. Осы аталған Шіркейлі, Қоғалыкөл ауылдарын газдандыру жобасын қосымша толығымен қаржыландыру мақсатында республикалық бюджеттен – 972,6 млн теңге, облыстық бюджеттен – 725,4 млн теңге, барлығы 1 млрд 698 млн теңгеге облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне 2026 жылға бюджеттік өтінім ұсынылды.


Жоба құны – 972,4 млн теңгені құрайтын Бесарық елді мекенін газдандыру жобасын республикалық бюджеттен – 680,7 млн теңге, облыстық бюджеттен – 291,7 млн теңге, барлығы – 972,4 млн теңгені қаржыландыруға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне 2026 жылға бюджеттік өтінім ұсынылды. Сонымен қатар бүгінгі таңда Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл, Іңкәрдария ауылдарын газдандыру жобалары демеушілер тарапынан жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Алда қыруар тіршілік күтіп тұр. Мұның барлығы жалпы тұрғындардың өмір сапасын арттыру, кент және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылатын жүйелі жұмыстар дегім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет, іске сәт!


Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
14 наурыз 2026 ж. 23 0