Климаттың өзгеруі: Орталық Азия елдерінің дамуына әсері
Жаһандық дамуда климаттық өзгерістің орын алуы жыл өткен сайын артуда. Еуропа елдері мен Орталық Азия, Азия мемлекеттері үшін де бұл жағдай алаңдатушылық тудырып отыр. Оның ішінде, Орталық Азия елдеріне кіретін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан Тәуелсіз мемлекеттері өзара конференциялар мен келіссөз жүргізуде. Климаттық өзгеріске байланысты қабылданған әрбір шешім іс жүзінде жүзеге асуы тиістігін жақсы білеміз.Жалпы жаһандық жылыну қатері жер шарындағы кез келген мемлекеттің ілгері дамуына тікелей әсер етеді. Ол тіпті Еуропа елдері болсын, Азия мемлекеттері болсын. Климаттың күрт жылынуы – жер бетіндегі өзгерістердің түпкі себебі. Яғни температураның өсуі орташа көрсеткішпен салыстырғанда Орталық Азия елдерінің алдағы 100 жылда орташа есеппен +1 градустан +4,7 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деген болжам бар. Бұл жөнінде нақты мәлімет пен болжамды ұсынып отырған «Сabar.asia» сайтында толық жазылған. Сондай-ақ ауа-райының жылынуы 2030 жылға дейін +1 градусқа көтерілу ықтималдығын атап көрсеткен. Ал 2050 жылға қарай +2,7 градус, 2080-2090 жылдарға қарай +4,5 градусқа дейін көтеріледі деген болжамды тәжік климатологы Номвар Курбон «Сabar.asia» сайтына берген сұхбатында келтірген.
«ЕБР» ұсынған деректерге сүйенсек, Орталық Азиядағы температураның өсуі біркелкі болмағанын көрсетеді. Орташа жылдық температураның ең жоғары өсу қарқыны жазық аймақта байқалған, ал таулы өңірлерде жылыну қарқыны бәсеңірек, кейбір жағдайларда тіпті аздап салқындау да тіркелген. Мысалы, аумағының басым бөлігі таулы аймаққа жататын Қырғызстанда орташа жылыну қарқыны Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда ең төмен болған. Бұл туралы ғалым Номвар Курбон Тәжікстанның климаттық құрылымын тілге тиек етіп, пікір білдірген.
«Тәжікстанның климаттық ерекшеліктері елдің Еуразия құрлығының орталығында, теңіздер мен мұхиттардан алшақ, Орталық Азияның биік таулы аймақтарында орналасуымен сипатталады. Тәжікстан аумағы әрдайым атмосфералық қозғалыстың ең қуатты әрі белсенді орталығының ықпалында болады. Олар Орталық Азия өңірінің ғана емес, Еуразияның басым бөлігінің климатын айқындайды», – дейді маман.
Климаттың күрт жылынуы – құрғақшылық пен су тапшылығының айқын көрінісі. Ауа райының градустық мөлшері жоғары көрсеткен сайын мұздықтар да еріп, су дағдарысына әкеліп соғуы мүмкін. Соның бір дәлелі, «Zakon.kz» мәліметінше, соңғы 50 жылда Орталық Азиядағы тау мұздықтарының көлемі шамамен 20-30 пайызға төмендеген. ЮНЕСКО-ның ақпараты бойынша Тянь-Шань мен Памир сияқты таулы аймақтағы мұздықтардың көлемі едәуір қысқарған. Кейбір есеп бойынша, 30-ға жуық мұздық еріп кеткен. ЮНЕСКО-ның ресми сайтында температураның жоғарылауы «глобалды жылынудың әсері» деп тұжырымдалған. Бұл – Орталық Азияда орналасқан өңірлердегі су ресурстарының азаюына тікелей әсер етеді. Яғни өзендердің жаздағы ағысы бәсеңдеуі мүмкін. Сондай-ақ егін шаруашылығының дамуына да кедергі келтіретіні анық. Су ресурсы азайса, суармалы егінді суару мүмкіндігі де төмендейді. Онымен қоса ауызсуды пайдалануда да жыл өткен сайын мәселе туындауы ғажап емес.
КЕЗ КЕЛГЕН МӘСЕЛЕ
ШЕШІМІН ТАБУЫ ТИІС
Жаһандық жылыну деңгейінің жыл сайын артып келе жатқанын жоғарыда айтып өттік. Ал оның шешімі бар ма, соған тоқталсақ.
2025 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан мемлекетінің астанасы Самарқандта өткен «Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия» халықаралық конференциясына қатысқан болатын. Әлемдік өзгеріске серпін беретін бұл конференцияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, жаһандық жылыну әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жылдам жүріп жатқандығы туралы айтып өтті.
– Осындай күрделі жағдайда аймақ елдерінің күш-жігерін бір мақсатқа жұмылдыру аса маңызды. Сонымен қатар климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары елдеріміздің дамуына кедергі келтірмеуге тиіс. Біз экономикалық өсім мен климаттық саясат арасындағы тепе-теңдікті қатаң сақтауымыз керек. Бұл ретте Қазақстан аумағында жаппай ағаш егу туралы тапсырма бергенімді айта кеткім келеді. Бұдан бөлек, елімізде орманды сақтау мен қорғауға, экологиялық сананы қалыптастыруға, ең әуелі, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға үндейтін «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Өзбекстанмен бірге Аралдың табанына жасыл желек егу жұмыстарын қолға алдық, – деді Президент.
Сонымен қатар жаңартылған энергия көздерін дамыту бойынша дүниежүзілік ірі жобаларды жүзеге асыру керектігін тілге тиек етті. Қазіргі таңда жел, күн энергиясын өндіру жобалары да іске қосылғандығына тоқталды. Шөлейттену, су тапшылығы мәселесі де назардан тыс қалмады.
– Өңірімізде су тапшылығы уақыт өткен сайын өзекті мәселеге айналып келеді. Оны екі нәрседен аңғаруға болады. Соңғы жиырма жылда жан басына шаққандағы сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 пайызға кеміді. Аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы – трансшекаралық. Дәл осы себепті бізге су үнемдеу технологияларын және «smart» суару мен гидрологиялық мониторинг жүйелерін дамыту ісінде халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажет. Біз бұрыннан айтылып келе жатқан Орталық Азия су-энергетика серіктестігін құру бастамасын ілгерілетуге әзірміз, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл аталған ірі жобалар Орталық Азия елдері үшін жаһандық жылынудан туындайтын мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратындығының көрінісі. Экологиялық аймақ қатарына жататын Қызылорда облысы да суармалы егіншілікпен айналысады. Одан бөлек, «Арал» теңізінің жай-күйі де біртіндеп оң шешімін тауып келе жатқандығын Мемлекет басшысы айтып өткен болатын. Бұл «Арал» теңізінің жағдайы тек Қазақстан Республикасы үшін емес, Орталық Азия, ТМД елдері үшін де маңызды. Сондықтан оны қалпына келтіру іс-шарасы қарқынды жүзеге асуда.
Климаттың жылынуына байланысты мәселе – Орталық Азия елдерінің ортақ шешімін табуға тиіс өзекті дүниесіне айналып отыр. Бұл мәселеге тек бірнеше ел ғана болып шешімін іздеу мардымсыз. Әлемдік өзгеріске әлемнің барлық мемлекеттері болып күш біріктіріп, келіссөздер жасауы дұрыс. Климаттың жылынуы бойынша ғаламдық деңгейде зерттеулер жүргізіп жатқан ғалымдар мен мамандардың пікіріне құлақ түріп, соған сай ірі жобалар қолға алынуы өз нәтижесін береді. Еуропа елдерінің бұл жаһандық жылынудан туындайтын мәселелерге қандай шешім қабылдап жатқандығына назар аударып, жергілікті әр мемлекет жағдайына қарай тиісті іс-шаралар қабылданғаны дұрыс. Бұл шөлейттену, күннің күрт жылынуы, су тапшылығы мәселелері тек Орталық Азия мемлекеттерінің мәселесі емес, ол бүкіл әлемді алаңдатарлық жағдай. Сондықтан әлем елдері болып арнайы ұйым құрылып, бұл ахуалды дер кезінде қолға алу өз маңыздылығын жоймайды. Мысалы, технологияның дамыған заманында неліктен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын қарастырмасқа? Жауын-шашынның түсуі арқылы су тапшылығының алдын алуға болатын құралдар ойлап табылса, Орталық Азия елдері үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Су қоймаларын ТМД, Орталық Азия елдері болып жаңартып, талапқа сай әрі заманауи етіп салу жолдарын қарастыру және жүзеге асыру күн тәртібінен түспейді. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің ауызсуды тұтынуда белгілі бір қағидалар мен талаптарды сақтауы барынша ескеріледі. Мысалы, Еуропа елдерінде ауызсуды тұтынудың ережелері мен арнайы уақыттары бекітілген. Бұл жүйеге жергілікті халықта бейімделіп, арнайы ауызсуды пайдалануда «тәртіп» қалыптасқан. Осындай жүйені неліктен Орталық Азия елдеріне енгізбеске? Мұндай жүйе енгізілген жағдайда мемлекетімізде ауызсуды пайдалануда, жылдық пайдаланылатын су мөлшері 2-3 есеге дейін төмендейтіні анық. Екінші бір пайдалы жағы, халық суға немқұрайлы қарамай, тиімді пайдаланып, үнемдеуді үйренеді. Әрбір жаратылысқа ұқыпты қарап, ұтымды қолдана білу де өнер.
Қорытындылай келе, табиғи өзгеріске қарсы тұру мүмкін емес. Тек сол өзгерістен туындайтын апаттар мен келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жер шарында орналасқан кез келген мемлекет тиісінше күш біріктіріп, бір шешімге келуі тиіс. Яғни, ауа райының күрт жылынуынан пайда болатын ахуалдың алдын алу жобалары әлемдік деңгейде жүзеге асуы шарт. Бұл ахуал бойынша бірнеше әлемдік қорлар құрылғанымен, Орталық Азияда бұл мәселе әлі де толықтай шешім таппай тұр. Бірақ жыл сайын Орталық Азия мемлекеттерінің қатысуымен климаттың өзгеруіне байланысты конференциялық отырыстар өтуде. Соның бірі – 2025 жылдың мамыр айында Ашхабад қаласында өткен 7 конференциялық отырысы. Бұған 200-ден аса әр мемлекеттің, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының өкілдері қатысқан. Бұл конференцияның негізгі мақсаты өңірлік және ұлттық климаттық шараларды іске асыруда климаттық қаржыландыруды жүзеге асыру болатын. Жалпы мұндай конференцияның өтуі биыл да жоспарланған. Алдағы бірнеше айда климаттың өзгеруіне байланысты 8 конферецияда ұтымды мәселелер қаралып, шешімін табуы тиіс. Ауыл шаруашылығында қолданылатын су мөлшерінің жылдан жылға төмендеуі, күннің жылынуынан мұздақтардың еруі, ауызсудың тиімсіз пайдаланылуы Орталық Азия елдері үшін алаңдатарлық мәселе. Осы тұста климаттың өзгеруіне байланысты туындайтын біршама жағдайдың оң шешім табуы үшін арнайы қор немесе ұйым құрылғаны дұрыс. Ол тек конференциялармен шешілетін мәселе емес. Өйткені ауа-райының күрт жылынуынан шөлейттену, су тапшылығы жағдайлары орын алуда. Бүгінде Орталық Азия елдері суды пайдалану бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Соның ішінде, Қазақстан – 11 орында. Бұл біздің тіршілік нәрін қолдануда салғырттығымыздың айқын көрінісі. Сондықтан ең алдымен ауызсуды пайдаланудың арнайы жүйесін ойлап табу керек. Ол мейлі уақытпен болсын, халықтың суға деген көзқарасын өзгерте алатын арнайы жоба болу керек. Ал ауыл шаруашылығының жыл өткен сайын қарқын алуы Орталық Азия елдері үшін мемлекет экономикасының өсуіне тікелей әсер етеді. Бірақ оны суғарудағы мәселені шешу үшін көршілес елдердің бірге әрекет етіп, ортақ шешім қабылдауы маңызды.
Жоғарыда атап өткен әрбір ой – бір пайдалы дүниенің бастауы. Сондықтан мемлекеттің экономикасымен қатар әлеуетін, климаттың өзгеруінен туындаған ахуалды қолға алуда кез келген мәселенің уақытылы шешімін табу керек.
Гүлсезім ТАБЫНБАЙ
Фото: ашық дереккөз











