Ғалымдар тәуліктегі ең өнімді уақытты атады
Көп адам әлі ұйқыда жатқанда, кейбіреулер күнін ерте бастайды. Таңертең сергек болып, алдағы жоспарға ден қою үшін уақыт қажет. Ғалымдардың айтуынша, таңды ертерек қарсы алудың пайдасы бар: шамамен сағат 10:30-ға қарай адам өзін барынша сергек әрі белсенді сезінеді, - деп хабарлайды Tengri Life DoctorPiter-ге сілтеме жасап.Бірнеше жыл бұрын Лондон университеттік колледжі ауқымды зерттеу жүргізіп, оның нәтижелері British Medical Journal Mental Health журналында жарияланған. Зерттеу деректеріне сүйенсек, ерте тұратын адамдардың өмірге қанағаттану деңгейі мен психикалық саулығы жоғары болады. Ал кешкі уақытқа қарай көпшіліктің көңіл күйі төмендеп, шаршау мен жабырқау сезімі күшейеді.
"Бұл адамдардың психикалық денсаулығы мен әл-ауқаты күннің уақытына байланысты өзгеруі мүмкін екенін көрсетеді. Орташа есеппен біз таңертең өзімізді жақсы сезінеміз, ал кешке қарай нашарлай береді", - дейді жетекші автор доктор Фейфей Бу.
Сондай-ақ, London Offices мамандары жұмыс тапсырмаларын орындауға ең қолайлы уақытты анықтаған. Олардың мәліметінше, еңбек өнімділігінің шарықтау шегі шамамен сағат 10:30-ға сәйкес келеді. Бұл уақытта адам оянып, сергіп үлгереді, бірақ әлі шаршамайды. Көңіл күйі тұрақты болғандықтан, жұмыс та нәтижелі жүреді.
Фото:depositphotos.com










