Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қонақ күту мен қонаққа бару әдебі бар

Қонақ күту мен қонаққа бару әдебі бар

Қонақжайлық – қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан асыл дәстүрі. «Қонақ келсе – құт келеді» деп сенген қазақ әр мейманды береке мен бақыттың нышаны санаған. Дастарқан жаю тек ас ұсыну емес, кеңпейілділік пен рухани байлықтың белгісі болған. Қонақты төрге шығарып, барын ұсыну арқылы үй иесі өз құрметі мен ұлттық болмысын танытқан. Бұл дәстүр ислам тағылымымен де үндесіп, қазақ мінезінің айнасына айналған.

Ибраһим пайғамбар қонақсыз дастарқан басына отыра алмайтын кісі болған екен. Кісі келмесе өзі іздеп болса да қонақ күткенді жақсы көреді екен. Алла Тағала Құранда Ибраһим пайғамбардың қонақжайлылығы туралы «Зарият» сүресі, 25-26 аяттарында былайша баяндайды:
«Бір күні Ибраһимге қонақтар келіп: «Саған есендік тілейміз!» деп сәлем берген еді. Ибраһим де өз кезегінде оларға: «Сендерге де есендік тілеймін!» деп жылы шырай танытып, ішінен: «Бұлар (бұрын-соңды ұшыраспаған) бейтаныс қауым болды ғой» деді. Сөйтті де бірден үй ішіндегілерге барып (құдайы қонақтарға арнап), семіз тананың етін пісіріп әкелді».

Ибраһим пайғамбар келген қона­ғының кім екендігін, неге кел­гендігін, ас ішерін не ішпесін сұраған жоқ. Жалғыз малын құрбан етті, барын қонақтарының алдына қойды.


Міне, халқымыздың қонақ­жай­лылығы да жай ғана салт емес, шариғатпен сабақтас рухани амал. Біздің халқымызда үйіне қонақ келсе, барын қойып, ерекше құрмет көрсеткен. Қазақ дәстүрінде қонақ пен үй иесінің арасындағы сыйластық ерекше мәнге ие.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:


«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, көршісіне зиян келтірмесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағын құрметтесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген (имам Бұхари).
Қонақжайлық – тек ішіп-жеп кету емес, хәл сұрасып, қуаныш пен қайғыны бөлісіп, рухани байланыс­ты нығайту. Ол – исламдағы парыз етілген туыстық қатынасты сақтау ұстанымымен үндес. Дастарқан үстінде үлкендер бата беріп, жастар тәлім алып, ел жаңалығы айтылған. Қонақ күту арқылы үлкенді сыйлау, кішіге ізет, сабыр мен адамгершілік қалыптасқан. Сондықтан қонақжайлық – халқымыздың рухани бірлігінің, кеңпейілділік пен мейірімділіктің көрінісі.

Үмбетей жырау:
Кісі көрсең есікке,
Жүгіре шық, кешікпе,
Қарсы алмасаң мейманды
Кесір болар нәсіпке! – деп жырлаған екен.

Қонақ күту әдебі – қазақ халқының рухани болмысын танытатын асыл дәстүр. Қазақ үшін қонақ – береке мен ырыстың себепшісі. Қонақжайлық тек ас ұсыну емес, жүрек кеңдігі мен ниет тазалығын, адамға деген құрметті білдіреді. Үй иесінің жылы қабағы мен ықыласы сыйластықты арттырады. Халқымызда барын ұсыну – жомарттыққа бағаланған. Ал берекені – ниетте, құрметті – ықыласта деп түсінген.
Сондықтан қонаққа көрсетілген ізет – сауапты амал, ал қонақтың разылығы – Алланың разылығына себеп болатын игі іс. Себебі Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде:
«Қонақ күтпеген адамнан – қайыр жоқ», – деген.

Дегенмен, қонақ күтудің де өзіндік әдебі бар. Қысқаша тоқталар болсақ:

Бірінші, қонақты құрметпен қарсы алу. Үйге кірген сәттен жылы жүз, сәлем, ілтипат көрсету – әдептің бас­тауы.


Қонақты құрметтеудің кемелдігі – кірерде де, шығарда да жылы жүз танытып, көркем сөз сөйлеу. Имам Әузағиден: «Қонақты құрметтеу деген не?» деп сұрағанда, Ол: «Жылы жүз бен жағымды сөз» деп жауап берген екен. Қазақта да «Қара су берсең де, қабағыңды ашып бер!», «Жүзі жылыдан түңілме!» деп бекер айтпаса керек.

Екінші, дастарқан жайып, ас ұсыну.

Барымен бөлісу, қолда барды ренжітпей ұсыну – жомарттықтың белгісі. Келген қонағын төрге жайғастырып, асты дер кезінде ұсыну – қонаққа көрсетілген құрмет пен ізеттіліктің нышаны. Қонақтар көп болып, олардың бір-екеуі уәделі уақыттан кешіксе, келгендердің ақысы – асты кешіктірмеу, яғни отырғандарға дер кезінде тарту. Құранда Ибраһим пайғамбардың қадірлі қонақтарына тез арада ас әкелгені мейманды құрметтеудің үлгісі болды.

Үшінші, қонақты шығарып салу.

Қонақ күтудің соңғы, бірақ ең маңызды әдептерінің бірі – келген қонақты шығарып салу. Исламда қонақты есікке дейін шығарып салу – Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Бұл амал қонаққа көрсетілген құрметтің толықтығын білдіреді.


Қазақ дәстүрінде «қонақты аттандыру» айрықша мәнге ие. Үй иесі ақ жол тілеп, разы көңілмен қоштасқан. Қонақтың көңілі тоқ, жүрегі жай тауып қайтуы – үй иесінің көркем мінезі мен жомарттығының белгісі.


Қонақты күту әдебі секілді, қонаққа бару әдептеріне де тоқталып өтсек. Қонаққа бару – тек әлеуметтік қатынас емес, сонымен бірге әдептілік пен мәдениетті көрсететін маңызды рәсім. Қонақжайлық қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиет болса, сол қонақжайлықтың екінші тарапы – қонаққа бару әдебі. Үй иесінің ықыласына ризашылық білдіріп, шаңырақтың берекесін арттыру қонақтың іс-әрекетіне тікелей байланысты. «Қонақ қойдан жуас» деген сөздің төркінінде мейманның өзін ұстай білуі, үй иесіне салмақ салмауы жатыр. Қонаққа бару – бұл жай ғана дәм тату емес, бұл екі жақтың арасындағы рухани байланыс.

Қонақ болып бару – қазақы дәстүрде де, ислам тағылымында да үлкен әдеп пен жауапкершілікті талап ететін іс. Қазақ «Қонақ аз отырып, көп сынайды» десе, дініміз қонақтың мінезі арқылы оның иманы мен көркем мінезі көрінетінін ескертеді. Сондықтан қонаққа барған адам өз ісімен үй иесіне ауыртпалық салмай, береке мен тыныштық алып келуге тырысуы керек.


1)Қонақ ең алдымен уақытты қадірлеу. Тым ерте барып үй иесін әбігерге салу да, кешігіп келіп жұртты күттіру де әдепке жат. Ал дастарқан басында артық сөзден, өсек пен даудан сақтануы тиіс. Исламда «жақсы сөз айту немесе үндемеу» қағидасы бар. Қазақ дәстүрінде де дастарқан басы ақыл мен өнегенің, жылы сөздің орны болған. Сондықтан қонақтың сөзбен де, мінезбен де үй иесіне салмақ салмауы тиіс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін. Қонаққа көрсетілетін сый-құрмет – бір күн мен бір түн. Ал қонақ күту – үш күн. Одан кейінгісі – садақа. Қонақтың үй иесін қысылтатын, ыңғайсыз жағдайға қалдыратындай ұзақ қалуы дұрыс болмайды», – деген.


2)Қонақ болып барғанда әуелі үй иесінен рұқсат сұрау және кіргенде сәлем беру. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлердің босағасынан үй иелерінен рұқсат сұрамайынша һәм сәлем бермейінше аттамаңдар. Солай істегендерің өздерің үшін қайырлы әрі лайықты болмақ. Ендеше, ойланып хикметін түсінерсіңдер» деген («Нұр» сүресі, 27-аят).

Үйге кіргенде немесе қонаққа барғанда сәлем беру – қазақы дәстүр һәм ислам әдебі. Исламда бөтен үйге немесе шақырылған жерге сәлем бермей, рұқсат сұрамай кіруге ты­йым салынған. Бұл іс – үй иесіне деген құрмет пен әдептің өлшемі.

3)Қонақ алғыс айтып, батасын беріп, разы көңілмен шығу. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонаққа барған кезінде, тамақтанып болып, асын тәмамдаған соң былай дұға жасайтын болған:

«Астарыңды тақуа, ізгі жандар жесін. Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын. Сендерге періштелер дұға етсін». Бұл дұға қонақ болып барған кісінің үй иесіне жасайтын алғысы һәм дұғасы мен сыйы.

Сонымен қатар қонақ кісі үй иесінің кемшілігін емес, көрсеткен құрметін есте сақтауы тиіс. Халқымызда біреудің үйіне қонақ болып барсаң «Соқыр болып кір, мылқау болып шық» деген. Сондықтан қонақ болып барғанда да өзіндік әдепті сақтап, құрметпен шыққан жөн.
Құметті халайық!

Қорыта айтқанда, қонақжайлық кеңпейілділікке, көркем мінезге, бауыр­малдық пен мейірімге тәрбиелейді. Осын­дай әдеп сақталған жерде қоғамда сый­ластық артады, адамдардың жүре­гіне мейірім мен жылулық орнайды. Ал қонақ кірген үйге береке мен тыныштық бірге еніп, сол шаңырақта Алланың рақымы тұрақтайды.


Алла Тағала қасиетті Рамазан айында жасаған әрбір ізгі-амалдарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария ауданының
бас имамы
24 ақпан 2026 ж. 75 0