Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұхамед Сейілханұлы, жастар ресурстық орталығының кеңесшісі: Президентпен кездесу – үлкен жауапкершілік

Мұхамед Сейілханұлы, жастар ресурстық орталығының кеңесшісі: Президентпен кездесу – үлкен жауапкершілік

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Сырдария ауданы әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығын волонтерлік бағыт негізінде жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Мұхамед Сейілханұлы иеленген болатын. Жақында үздіктердің үздігі атанған белсенді жас Астана қаласына іссапармен барды. Бұндағы мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Халықаралық волонтерлер жылы аясында өткен форумға қатысу. Сыр өңірінен барған 14 делегаттың қатарында болған ерікті жаспен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Мұхамед, ерен еріктілік үлгі­сі дегенді қалай түсінесіз?
– Мен үшін еріктілік – атақ үшін емес, жүрек қалауымен жасалатын қызмет. Ерінбей еңбек ету – бір рет­тік әрекет емес, өмірлік ұстаным. Қинал­ғанға қол ұшын созу, қоғамға пайдаңды тигізу нағыз азаматтық по­зи­­цияның көрінісі деп білемін. Ерік­тілік адамды тәрбиелейді, шың­дайды, жауапкершілікке үйретеді.

– Қайырымдылық пен ерік­тіліктің айырмашылығы қандай?

– Қайырымдылық көбіне ма­териалдық көмекпен өлшенсе, ерік­тілік – уақыт, күш-жігер, жан жыл­уын арнау. Қайырымдылық – бір сәттік қолдау болуы мүмкін, ал еріктілік – үз­діксіз еңбек, тұрақты жауапкершілік. Екеуін бөліп-жарып қарауға болмайды. Себебі түпкі мақсаты – бір. Адамға қызмет ету. Қайырымдылық іс-шарасы кезінде маған ең үлкен ерік-жігер беретін сәт – мұқтаж жанның жүзі­нен шынайы қуаныштың көрінуі. Кіш­кентай ғана көмектің өзі біреудің үмітін оятып, жүрегіне жылу сыйлап жатқанын сезіну – сөзбен айтып жеткізу қиын әсер. Сол сәтте шаршау да, уақыт та ұмытылады. Олардың ақ көңілімен айтылған алғысы, дірілдеген дауыспен айтылған «рақметі», кө­зіндегі жас пен ризашылық – мен үшін ең үлкен марапат. Бұл тек көмек көрсету емес, адамдық борышты өтеу екенін терең сезінемін. Осындай сәтте жасаған ісімнің бекер емес екеніне, қайырымдылықтың қоғамды да, адамды да тазартып, биіктететініне тағы бір мәрте көз жеткіземін. Міне, дәл осы шынайы қуаныш пен алғыс маған алға жүруге, жақсылық жасаудан ешқашан тайынбауға күш береді. Мұндай іс – жүректен шыққан іс, ал жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді.

– Сырдария еріктілер шта­бының жұмысымен жан-жақты таныстырасыз ба?

– Сырдария еріктілер штабы – елге жанашыр, жүрегі отты жастардың басын қосқан ұйым. Біз әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуден бастап, экологиялық, патриоттық, мәдени-рухани бағыттарда жүйелі жұмыс атқарып келеміз. Әрбір бастамамызда тәртіп, ұйымшылдық және шынайылық басты қағида болып қала береді. Бұл штаб – тек ұйым емес, ортақ мақсатқа біріктірген үлкен отбасы. Негізінен, «Сырдария еріктілер штабы» құрамында 75 волонтер бар. 2025 жылы 20-дан астам қайырымдылық, экологиялық акция өткізілді.
– Астанада өткен форумнан қандай әсер алдыңыз?

– Астанада өткен форум маған үлкен серпін берді. Елдің түкпір-түкпірінен келген белсенді жастардың тәжірибесімен танысып, жаңа идеялармен сусындадық. Мемлекет тарапынан еріктілерге көрсетіліп жатқан қолдауды көріп, еңбегіміздің елеусіз емес екенін сезіндік. Бұл форум – мотивация мен жауапкершілікті қатар арттырған маңызды алаң болды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу ерекше ерік-жігер сыйлаған шығар…
– Әрине, Мемлекет басшысымен жүздесу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Президенттің ерік­тілерге деген оң көзқарасы, жастарға артқан сенімі бізге жаңа күш-қуат берді. Бұл кездесу мені одан әрі еңбек етуге, өзіме және командама талапты күшейтуге жетеледі.

– Үздіктердің үздігі атанған жас­тың болашаққа құрған жос­парын білсек…

– Алдағы мақсатым – еріктілікті бір реттік іс-шара емес, тұрақты мәдениетке айналдыруға үлес қосу. Сырдария ауданында ғана емес, рес­публика көлемінде әлеуметтік жобаларды кеңейткім келеді. Ең бастысы – кейінгі буынға дұрыс бағыт-бағдар беріп, пайдалы іспен айналысудың үлгісін көрсету.

– Еріктілікпен айналысатын жастың бос уақыты неге арналады?

– Еріктінің бос уақыты да бос өтпейді. Ол – ізденіске, білім алуға, рухани дамуға, спорт пен кітапқа, отбасымен және командамен бірге болуға арналады. Өйткені, жан-жақты дамыған, ойы сергек адам ғана қоғамға шынайы пайда келтіре алады. Өз басым жекпе-жек спорт түрімен тұрақты түрде айналысамын. Бұл біреуге әлім жеткенді көрсету немесе күш сынасу үшін емес, ең алдымен өзін-өзі қорғай білуге, тәртіп пен төзімділікке үйрететін, саламатты өмір салтын қалыптастыратын маңызды бағыт деп есептеймін. Спорт адамды физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да шыңдап, сабырлы әрі жауапкершілігі жоғары тұлға болуға тәрбиелейді. Осындай ұстаным еріктілік жолындағы қызметімде де маңызды рөл атқарады.

Әңгімелескен
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
10 ақпан 2026 ж. 82 0