Аймақ басшысы тұрғын үйлер құрылысының барысын көрді
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасарлары мен қала әкімі қала аумағындағы құрылыс нысандарындағы жұмыс барысымен танысты.Алдымен Президент саябағындағы, сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын көрді. Бүгінде Президент саябағында тоғыз қабатты тұрғын үйлер салынуда. Жоба бойынша 15 тұрғын үй салу көзделген. Бас мердігер «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8,2 гектар аумақта 18 млрд теңгенің жобасын іске асыруда.
Әр тұрғын үйде 63-тен, жалпы 945 пәтер пайдалануға беріледі. Оның 135-і бір бөлмелі, 540-ы екі бөлмелі және 270-і үш бөлмелі болады.
Сол жағалаудағы бес және тоғыз қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. «Мелиоратор» серіктестігі қолға алған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 32 897,4 шаршы метр, 7 бес қабатты және 3 тоғыз қабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары аяқталғанда 600 пәтер пайдалануға беріледі.
Аймақ басшысы бастаған топ сол жағалауда бой көтерген 4 тұрғын үйдің құрылыс алаңына да барды. "Тау групп" компаниясының тапсырысымен "Нұрлытау" серіктестігі салған "Тұран" тұрғын үй кешенінде 365 пәтер болады.
Айта кетейік, аймақта тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытына басымдық берілгендіктен, 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. 2023 жылдан бері барлық ауданда алғаш рет 1800-ге жуық пәтер тұрғындарға берілді. Өткен жылы 3600 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд. 785 млн. теңге бөлінді. Кезекте тұрған тұрғындарға 2 392 пәтер табыстау үшін 57 млрд. 440 млн. теңге жоспарланған.
Ерекше атап өту қажет, былтырдан бері Қызылорда қаласында заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










