Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қызылордада өтуі – Сыр өңірі жұртшылығы үшін зор мәртебе
Ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланған бұл алқалы жиынның дәл осы өңірде ұйымдастырылуы және бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған қасиетті Қызылорда жерінде өтуі – Сыр өңірі жұртшылығы үшін зор мәртебе әрі тарихи маңызы айрықша оқиға болды.
Осындай тарихи және саяси мәні зор құрылтай отырысынан кейін Сыр елінің зиялы қауым өкілдері мен жастары Мемлекет басшысына алғысын білдіріп арнайы хат жолдады.
«Аймақ халқы Өзіңіздің ұлттық бірлікті нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған сындарлы саясатыңызды әрдайым қолдап келеді. Құрылтай барысында Қызылорда облысының соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға беруіңіз Сыр жұртшылығына үлкен сенім мен жігер сыйлады. Бұл – ынтымағы жарасқан өңір халқына көрсетілген лайықты қолдау әрі еңбектің әділ бағасы деп қабылданды.
Қызылорда қаласынан Президенттік кітапхана ашу, жаңа драма театр мен 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салу, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе арасын төрт жолақты етіп кеңейту, сондай-ақ биыл «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын бастау және Көкарал бөгеті жобасын жүзеге асыру арқылы кіші Аралдың су көлемін айтарлықтай көбейту бойынша берген тапсырмаңыз өңір тұрғындарын ерекше қуантты.
Сізге барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды, зор ризашылығымызды білдіреміз.
Біз Сіздің әділетті, қуатты, қауіпсіз әрі таза Қазақстанды орнықтыру бағытындағы барлық бастамаларыңызды қолдаймыз! Егемен еліміздің дамуы жолындағы ерен еңбегіңізге табыс, деніңізге саулық пен күш-жігер тілейміз!» – делінген хатта.
Сыр жұртшылығының алғысын жеткізгендер арасында «Қазақстанның Еңбек Ерлері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», еңбек ардагерлері, зиялы қауым, облыстық мәслихат төрағасы мен «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы, ассамблея өкілдері және жастар бар.











