Инфекция жас талғамайды
Қазіргі таңда қыс мезгілінің жылы ауа райында өтуіне байланысты сан түрлі вирустық ауру өршіп тұр. Құндақталған сәбиден бастап, жасы ұлғайған қартқа дейін аурухананың табалдырығын тоздыруда. Ауа райының тұрақсыз болуы мен күрт жылынуы – көптеген инфекцияның халық арасында жедел таралуына әкеп соғады. Бүгінде бұрқасындатып жауған қар да жоқ, ызғары сүйектен өтетін аяз да жоқ. Сондықтан болса керек, инфекциялық дерт өршіп, аурухана бөлімшелері босамай тұр.Ауырған науқастардың басым бөлігі – балалар. Бастапқы белгілері аса қауіпті болып көрінбегенімен уақытылы ем қабылдамаса асқынып, адам өміріне қауіп төндіреді. Алғашында құрғақ жөтелден басталып, ол уақыт өте келе күшейіп, қызуы заматында қатты көтеріледі. Вирус жөнінде Сырдария аудандық ауруханасының «Жұқпалы аурулар бөлімшесінің» дәрігері Мереке Ізтаева айтып өтті.
– Қазіргі таңда «ЖРВИ» диагнозымен ауруханаға түскен науқастар қатары азаймай тұр. «Жұқпалы аурулар бөлімшесі» бір мезгілде 18 науқасты қабылдауға дайын. Қаңтар айының басынан бері тұмау белгілерімен 40-қа жуық науқас түсті. Оның 30-дан астамы – балалар. Бөлімшеге күніне 5-10 емделушіге дейін түседі. Жалпы, бұл аурудың белгілері құрғақ жөтелден басталып, қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріледі. Дер кезінде ем қабылдамаса, отит, пневмония секілді асқынуларға әкеліп соқтырады. Үй жағдайында емделемін десеңіз, міндетті түрде дәрігерге қаралып, тағайындалған ем-шараны уақытылы қабылдап отыру маңызды. Өйткені, кей жағдайда жөтел кетпей, созылмалы бронхитке айналуы мүмкін. Балалардың арасында тараған бұл вирус тез жұғады. Сондықтан басты талап бетпердені пайдалану керек. Қоғамдық ортаға, адам көп шоғырланатын жерге шыға бермеу де орынды. Бүгінде бөлімшеде орын толық. Науқастар арасында ауруы асқынғандар жоқ. Күнделікті емі уақытылы жүргізіліп отыр, – деді дәрігер.
Ауру жас талғамайды. Жаңа туған нәрестеге дейін жұқпалы дертті жұқтырған жағдайда, инфекцияны жеңіп шығады. Инфекция – иммунитеті дұрыс қалыптаспаған бүлдіршіндер үшін бұл едәуір соққы. Себебі бала денесінде антидене дамып үлгермеген. Дамымаған жағдайда инфекциямен күресуге бала қауқарсыз. Бұл ретте «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөздің жаны бар екенін ұғасыз. Отбасында балаңыз немесе үлкен қарт кісілерден тұмаудың, жөтелдің бір белгісін байқасаңыз, дер кезінде қолға алып, дәрігердің кеңесіне жүгінген абзал. Үй жағдайында құрғақ жөтел болса, жылы суды көп беріп, құрамында қанты бар тағамды азайтқан дұрыс. Дәрігердің жазып берген дәрі-дәрмегін уақытылы беріп, қызуын 2-3 сағат сайын өлшеп отыру қажет. Сондай-ақ денеде антидене қалыптастыратын дәрумендерге толы жемістер мен көкөністерді көптеп жеу маңызды. Ал ауру біртіндеп күшейгенін байқасаңыз, бірден жедел жәрдемді шақырып, ем алған дұрыс. Әр аурудың белгісіне мән беріңіз. Ертерек қолға алған жағдайда ешқандай асқыну болмайтыны анық. Бұл тек жұқпалы ауруларға байланысты емес. Кей аурудың түрлері ешқандай белгісіз өтеді. Оны да ескеріп, айына немесе 6 айда бір тексерістен өтіп тұру артықтық етпейді. Өз денсаулығыңыз бен балаңыздың денсаулығы өз қолыңызда. Уақытылы қаралып, ағзаға қажетті дәрумендерді толықтырып отыру маңызды. Сонымен қатар вирусқа қарсы вакцинаның да маңызы зор. Оны салдырған жағдайда жұқпалы аурумен ауырсаңыз, антидене қалыптасып, жеңіл өтеді. Отбасыда бір адам ауырса, артынша барлығы кезегімен жұқтыруы мүмкін. Оны да ескеріп, барынша сақтанған жөн.
Гүлсезім Жансерікқызы










