Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Келісіп пішкен тон келте болмас

Келісіп пішкен тон келте болмас

«Руханият орталығында» аудандық ардагерлер ұйымының кезекті есеп беру, сайлау конференциясы өтті. Конференцияға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, 104 жастағы қария Яхия Тасыров, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мақсұт Баекеев, Қазақсанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, сондай-ақ аудан ардагерлері, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Конференцияда аудан басшысы ардагерлер ұйымының жергілікті жер­дегі орны ерекше екенін атап өтті. Ауданның дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, ардагерлерге өз алғысын білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ардагерлермен кездесуде аға буынды Ұлттық құрылтайда және Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруға, соның ішінде жастарға саналы тәрбие беру, нашақорлық пен лудо­мания секілді әлеуметтік кеселдерден сақтандыру, отбасы институтын дәріптеу ісіне белсенді атсалысуға ша­қырған болатын. Президентіміз атап өткендей, ардагерлер жастарға ақыл-кеңестерін айтып, үлгі-өнеге көр­сетіп келеді. Сыр өңіріндегі жаңа бастамалар мен ауқымды жұмыстардың атқарылуына ардагерлер үлкен қолдау білдіруде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша өңір респуб­ликада алдыңғы қатардан көрінуде. Оның ішінде, қарт­­тарға арналған жаңа нысандар да көптеп салынуда. Атап айтқанда, «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» ғимараттары өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие мен отбасы құндылықтарын дәріптеуде маңызды рөл атқарып келеді. Бүгінде Сырдария ауданы әлеу­меттік-экономикалық тұрғыда қар­қын­ды дамуда. Аудан ардагерлері аудан дамуына үнемі өз үлестерін қосып келеді. Аудан орталығында бой көтерген «Руханият орталығы» аға буын мен жастардың рухани ордасына айналды. Мұнда танымдық кездесулер өткізіліп, жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беру бағытында жұмыстар жүр­гізілуде. Қазіргі таңда ауданда 15 ардагерлер кеңесі жұмыс істеп, атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналуда. Ауданда 74 тыл арда­гері және 4678 зейнеткер бар. 140-тан астам ардагерге кәсіпкерлер мен ұйымдардың демеушілігімен шипажайларда тегін демалу және емделу мүм­кіндігі жасалды. Сонымен қатар 200-ге жуық қартқа Түркістан облысындағы Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, сондай-ақ Оқшы ата мен Қорқыт ата кесенелеріне тарихи-танымдық саяхаттар ұйымдастырылды. Мерекелік және атаулы күндері сала ардагерлеріне тұ­рақты түрде құрмет көрсетіліп келеді. «Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік» деген қанатты сөз бар. Ардагерлердің мемлекет пен қоғам үшін орны ерекше. Тәуелсіз еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қос­қан қарияларымызды құрметтеу – әрбір азаматтың парызы, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Келелі жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев 2021-2025 жылдары ардагерлер ұйым­дарымен атқарылған жұмыстары жөнін­де баяндап, есеп берді. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мақсұт Баекеев аудандық ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыруға қа­тысты ұсыныстарын жеткізді. Бұл ретте, бірқатар азамат мінберге шығып сөз сөйлеп, ардагерлер кеңесінің жұмысын бағалады. Ортақ ойларын жеткізіп, түйткілді бірнеше мәселеге тоқталды.

Іс-шара соңында «Қызылорда облы­сының Құрметті ардагері» төсбелгісімен Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыров және ауданның бірқатар ардагері аудан әкімінің және облыстық ардагерлер кеңесінің атынан Алғыс хатпен, «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
21 қаңтар 2026 ж. 77 0