Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық ардагерлер кеңесінің есеп беру конференциясы өтті

Аудандық ардагерлер кеңесінің есеп беру конференциясы өтті

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Руханият» орталығында аудандық ардагерлер ұйымының кезекті есеп беру, сайлау конференциясы өтті.

Конференцияға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Баекеев, Қазақсанның Еңбек Ері А.Ералиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, 104 жастағы қария Яхия Тасыров, сондай-ақ аудан ардагерлері, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Конференция барысында аудан басшысы ардагерлер ұйымының аудан өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар аудан дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, ардагерлерге өз алғысын білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ардагерлермен кездесуде аға буынды Ұлттық құрылтайда және Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруға, соның ішінде жастарға саналы тәрбие беру, нашақорлық пен лудомания секілді әлеуметтік кеселдерден сақтандыру, отбасы институтын дәріптеу ісіне белсенді атсалысуға шақырған болатын. Президентіміз атап өткендей, ардагерлер жастарға ақыл-кеңестерін айтып, үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Сыр өңіріндегі жаңа бастамалар мен ауқымды жұмыстардың атқарылуына ардагерлер үлкен қолдау білдіруде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша өңір республикада алдыңғы қатардан көрінуде. Соның ішінде қарттарға арналған жаңа нысандар да көптеп салынуда. Атап айтқанда, «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» ғимараттары өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие мен отбасы құндылықтарын дәріптеуде маңызды рөл атқарып келеді. Бүгінде Сырдария ауданы әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарқынды дамуда. Аудан ардагерлері аудан дамуына үнемі өз үлестерін қосып келеді. Аудан орталығында бой көтерген «Руханият орталығы» аға буын мен жастардың рухани ордасына айналды. Мұнда танымдық кездесулер өткізіліп, жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда ауданда 15 ардагерлер кеңесі жұмыс істеп, атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналуда. Ауданда 74 тыл ардагері және 4678 зейнеткер бар. 140-тан астам ардагерге кәсіпкерлер мен ұйымдардың демеушілігімен шипажайларда тегін демалу және емделу мүмкіндігі жасалды. Сонымен қатар 200-ге жуық қартқа Түркістан облысындағы Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, сондай-ақ Оқшы ата мен Қорқыт ата кесенелеріне тарихи-танымдық саяхаттар ұйымдастырылды. Мерекелік және атаулы күндері сала ардагерлеріне тұрақты түрде құрмет көрсетіліп келеді. «Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік» деген қанатты сөз бар. Ардагерлердің мемлекет пен қоғам үшін орны ерекше. Тәуелсіз еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қарияларымызды құрметтеу – әрбір азаматтың парызы, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Конференцияда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев 2021-2025 жылдары ардагерлер ұйымдарымен атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, есеп берді. Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Баекеев аудандық ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Іс-шара соңында «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» төсбелгісімен Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Я.Тасыров және ауданның бірқатар ардагері аудан әкімінің және облыстық ардагерлер кеңесінің атынан Алғыс хатымен, "Құрмет грамотасымен" марапатталды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

16 қаңтар 2026 ж. 339 0