Аудан прокуроры брифинг өткізді
Аудан прокуроры Абай Әлімбаев өткен жылы қадағалау саласында атқарылған жұмыстар жөнінде баспасөз брифингін өткізді. Жиынға аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали, қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Гүлсән Қайратқызы қатысты. Брифинг барысында аудан прокуроры қылмыстық істер бойынша аудандағы ахуалға және атқарылған жұмыстарға тоқталды.– Қазіргі таңда бұл жұмыстар тиісті бағытқа қойылып, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізуде. Аудан көлемінде аса ауыр қылмыстар, кісі өлтіру, қарақшылық, зорлау, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қол сұғушылық қылмыстары мүлдем орын алмаған. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қылмыс түрінің жолын кесу бағытында атқарылатын профилактикалық жұмыстар белгіленіп, олар шынайы түрде орындалды. Өткен жылы аудан аумағында өсім алған қылмыстардың алдын алу мақсатында ведомствоаралық жедел мәжіліс өткізіліп, халық арасында БАҚ құралдары арқылы фото-бейнероликтер жариялау жұмыстары ұйымдастырылды, – деген Абай Мұхтарұлы аудан прокуратурасы қадағалауды жүзеге асыру барысында басты назарды азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттің мүддесі және кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарының сақталуына, сондай-ақ облыс прокуратурасымен бекітілген жобаларды жүзеге асыруға бағыттайтынын атап өтті.
Сондай-ақ «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі», «Смарт білезік», «IT-TERGEU», «Нашақорлыққа жол жоқ» секілді жобалар туралы сөз қозғалды. Одан бөлек, қоғамдағы ахуалға орай түрлі акция, түсіндірме жұмыстары атқарылатыны айтылды.
– «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі» жобасы аясында аудан аумағындағы 137 дүкеннің 82-сі алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан. «Смарт білезік» жобасы бойынша аудан әкімдігімен пробация есебіндегілерге 16 дана Смарт-білезік сатып алынып, үйқамақтағы 16 күдіктіге электронды құрылғыны тағып жүру міндеттелді. Барлығы мекенжайлары бойынша тексеріліп, сот белгілеген шектеуді бұзу болмады. Үйқамақта жүргендер қайта қылмыс жасамады. Яғни, бұл жоба оң нәтижесін берді. «IT-TERGEU» жобасы бойынша 6 интернет алаяқтықтың 4-еуі ашылып, 2 күдікті сотталса, 2-еуі ақталмайтын негізбен тоқтатылды. Барлық күмәнді шот «Антифрод» орталығына бұғаттау үшін жолдануда, – деді Абай Мұхтарұлы.
«Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында есірткі дүкендерінің интернет мекенжайлары, сондай-ақ есірткі контенті жарнамасына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 1 қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру басталған. Бүгінгі күнге есірткі жарнамалаудың 764 есепшоты анықталған. Есірткі және психотроптық заттардың саудасынан түскен 21 банктік есепшот бойынша 5 млн теңгеге жуық қаражат анықталып, барлығына тергеу сотымен тыйым салу санкцияланған. Ал «Киберволонтер» акциясы аясында топ мүшелеріне арнайы жилеттер дайындалып, еріктілердің қатысуымен зиянды заттардың зардаптары туралы жадынамалар, сақтық шаралары туралы ескертулер таратылып, ілінген. Бұл ретте, аудан прокуроры мемлекеттік айыпты қолдау, үкімдерді орындау, қоғамдық мүдделерді қорғау, атқарушылық іс жүргізу салалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, жүйелі іс-шаралар жалғасын табатынын айтып өтті.
«Тт» ақпарат








