Ұлттық құрылтайдың V отырысы: мәтін трансляциясы
Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр. KAZINFORM11:05
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Құрылтай отырысы басталды.
11:07
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сөз сөйлеп жатыр:
Кеше биылғы құрылтайдың 4 секциясы өз отырыстарын өткізді. Соның аясында құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 200-ден астам ұсыныс айтылды.
Ғылым және білім, бала құқықтарын қорғау саласында маңызды бастамалар қолға алынды. Жақында ғылыми қалашықтар құру және дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Мектептердегі тәрбие бағдарламасы жетілдірілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы әзірленді. Балалардың құқығын қорғау бағытындағы шараларының бәрі енді осы құжатқа біріктірілді.
Былтыр аймақтардың дамуы бойынша бірқатар бастама іске асты. Қазақстан Республикасының Өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды. Құжаттың басты міндеті – халықты негізгі инфрақұрылымдармен тең дәрежеде қамтамасыз ету. Өңірлердегі негізгі мәдени-туристік іс-шаралардың тізбесі жасалды. Мұның бәрі бір жылда атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Жалпы Бурабайда айтылған бастамалар мен ұсыныстар негізінде жүйелі жұмыстар жүргізілді. Оларды тиімді іске асыру үшін құрылтай мүшелері секцияларда, жұмыс кездесулерінде түрлі талқылау өткізді
11:11
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов баяндама жасады:
Бүгінгі жиын арқылы ел ішіндегі бірқатар түйткілді мәселеге тоқталғым келеді. Бірінші, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы экономикада өсімді қалыптастыру. Қазір банктер кәсіпкерлікке несие беру кезінде 25 пайыздық мөлшерлеме қолданады. Бұл кәсіпкерлер үшін қолайсыз және бизнесті дамыту мүмкіндігін шектейді. Сол себепті кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жеңілдетілген несие жүйесін енгізу керек деп есептеймін. Мұны даму институттары мен банктердің қаражатын үйлестіру арқылы жүзеге асыруға болады.
Сондай-ақ мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға бөлінетін қаражатқа, берілетін жеңілдіктерге цифрлық платформа арқылы жыл сайын оның тиімділігіне, экономикаға әсеріне талдау мен бақылау жүргізу қажет. Өйткені жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту сияқты бизнесті қолдаудың мемлекетке қайтарымы болуы керек.
11:18
Саясаттанушы Марат Шибұтов сөз сөйледі.
11:24
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова сөз сөйледі.
11:32
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев сөз алды.
11:41
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Лаура Қарабасова сөз сөйлеп жатыр.
11:48
Мемлекет басшысы сөзін бастады.
11:53
Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аумағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихи бай Көкшетау төрінде жиналдық. Енді міне қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл - халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан 1 ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды.
11:54
Біз су мәселесімен жүйелі айналысуымыз керек. Мен былтыр БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. БҰҰ-ны реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады.
11:57
- 2025 жылды мол табыспен аяқтадық.
11:58
– Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарып келеді.
12:06
– Ұлы бабаларды мерейтой кезінде ғана еске алу дұрыс емес
12:10
– Мамыр айында Алтын орда тарихына арналған халықаралық симпозиум басталады.
12:15
Жалпы, «Сыр елі - жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі. Сыр бойы нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан жүзге жуық еңбек адамы шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді.
Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр аймақтың жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. 3 жылда облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығының іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу электр орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі.
Облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді.
Облыстық әуе және теміржолы жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата терминалының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 теміржол бекетін жаңғырту басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі.
12:18
Бүгінгі басқосуға Сыр елінің азаматтары қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және жастар бар. Осы орайда жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын атап өткім келеді. Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін. Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартады. Нағи Ілиясов және Таң ауылдарын бүкіл елге үлгі ретінде үнемі айтып жүремін. Сіздер осы аймақпен қатар күллі еліміздің дамуына үлес қосып келесіздер. Бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық.
12:20
Қазір Қызылорда облысында әсіресе әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. 3 жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі.
12:21
Біз соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеттік. Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады. Осы ауқымды жобаның басталғаны туралы Атырауда өткен құрылтай отырысында айттым. Көп сериялы фильнің тұсаукесері беделді халықаралық патформаларда өтеді.
12:28
Өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны бүкіл әлемге белгілі дерек. Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда. Қызылордағы келіп тұрып Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселені халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады.
Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады. Бірақ, бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші елдерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Көптеген түйткілді шешу шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет. Су еліміз үшін стратегиялық ресурс.
12:34
Кез келген мемлекеттің күші – халықта. Азаматтарымыздың жасампаздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жететініне кәміл сенемін. Өздеріңіз білесіздер, мен түрлі жоспарлар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге қарсымын. Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн.











