Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№4 газет

17 қаңтар 2026 ж.

№3 газет

13 қаңтар 2026 ж.

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ауылдағы күрескер келіншек

Ауылдағы күрескер келіншек

Таңғы уақытта қыбыр-қыбыр тіршіліктің ауанымен жүрген келіншектің бойында кейбір ер азаматта кездесе бермейтін батылдық бар. Осыған дейін тұрмыс тауқыметін аз тартпаған нәзік болмыстың шыңдалғанын жақсы білеміз. Жиырма төрт жасында ер азаматымен отау құрған Анар отбасылық өмірін ешбір қаймықпастан өзі қалыптастырған. Тұрмыста сыналған келіншек шыдамдылықпен адам баласына базынасын айтпайтын. Қайта бес баласын өсіріп-жеткізу жолында қолынан келген жұмыстың бәрін жасады.

Аптап ыстықта маңдайын күн сүйген Анар отағасымен бірге қам кесек басып, ең ауыр жұмысқа жегіліп жүр. Лай жасау оңай емес екенін кез келген аманкелділік біледі. Маусымда там салатын жұртшылық ауылға ағылып, кесек басқан тұрғындардан отыз мыңдап сатып алады. Кезекті тапсырысты орындау кезінде Анар үйдегі отағасына тосыннан сауал тастады.

– Жомарт, мен қалаға барып жұмыс жасасам қалай? Балалар өсіп келеді. Аспазшы болу – менің негізгі арманым еді. Болмаса үйден-ақ тәтті-дәмді пісіріп, сатуға шығарайын.

– Келіншегім, біз көрмеген қиындық бар ма?! Сендегі ауыртпалыққа мойымайтын жүрек сабыр мен батылдықты жиып, кемелдікке жетелейді. Жұрт көзіне қарапайым ғана ауылдың бір әйелі болып көрінерсің. Шындығында, осы үйдің жоғын түгендеп, барын кәдеге жаратып отырған өзің. Мейлі, уақытында аспаздықты да істей жатарсың.

Осылайша, ерлі-зайыпты күніне екі мыңнан аса кесек бастырып, күнкөріс қамын жасайды. Кесек құйып жүріп, екі перзентін дүниеге әкелді. Күрескер келіншек аяғы ауыр болса да, ауыр жұмыстан қашпады. Бар тапқан ақшасының басын құрап, жеке үйлерін салды. Анар –Тасбөгеттің қызы, Аманкелді ауылының келіні. Отбасында он екі ағайындының ортасында өскен. Күнделікті ер мен баланың бабын тапқан келіншектің анасы Оразкүл кілем тоқумен айналысқан.

Ол – қарапайым өмірдің қаһарманы болуға талпынбайды. Тіршіліктің тұтқасын ұстап, үндемей жүріп, үлкен іс тындырады. Төрт қыз, бір ұлдың аяулы анасы – ауыл әйеліне тән бейнетке берілу, үй мен түздің тірлігін тең ұстау секілді қасиеттерді қатар ұстайды.

Күйзеліске толы күндер Анардың анасы қайтыс болған сәттен басталған. Бар сырын анасына айтатын келіншек қапияда жақынынан айырылды. Жомарт оны алғаш алып қашып кетіп, отауына келін қылғанда анасы бар ақылын айтқан.

– Қызым, саған сенемін. Үнемі жадырап жүр. Еңсені тік ұста. Біздің берген тәлім-тәрбиемізді бөтен жерде жақсы жағынан пайдалана біл. Сүйіп қосылған жарыңа құрметің ерекше болсын.


– Өзім ұнаттым, өзім келісім бердім алып қашуына. Ендігі жерде сіздерге жаман сөз келтір­меймін.

Бұл диалог – Анардың анасы қайтыс болмас бұрын, он төрт жыл бұрын орын алған еді. Жан жарасы көзге көрінбейтін келіншек сыртқы ортаның ақылын емес, мейірімін аса күтті. Күйзеліс – үнсіз күрес. Күрестен шаршаған келіншек қолөнерге қызығушылық танытты. Қолөнерді үйрену кезінде қарағандылық Назыммен байланыс орнатты.

Расында, күйзеліс құрсауындағы үнсіз тағ­дырдың қайта түрленуі көңілге медеу сыйлайды. Әйелдің ішкі дауысы шықпай қалғанда алданыш ретінде көретін сүйікті ісіне машықтанған Анардың тоқыма өнеріне қызығушылығы күн санап артады. Гипстен ерекше бұйым жасайды. Қолында ілмегі бар келіншек анасының қазасын ұмыту үшін сүйікті ісіне барынша беріле бастады. Бірде тоқымамен айналысып отырған анасына Медина келіп:

– Сіздегі жан дағдарысын көріп, ұзақ уақыт сырласқым келді. Үнемі көзіңізден мөлдірдей үзілген жасты көріп, «қайтсем екен» деген ой тұратын. Міне, өзіңізге нағыз қажетті істі таптыңыз. Көрмелерге барып жүрсіз. Барлығы сіз жасаған бұйымға қызығушылық танытады.

– Алтыным, жарығым, өзіңмен бұлай ашылып сөйлесемін деп ойламаппын. Ана мен қызының сырласуы – жанның емделуі. Біз көрген ауыртпалықты сендер сезінбейсіңдер. Несін айтайын, анадан айырылу оңай емес. Мықты болу үшін сабыр мен төзім керек. Кейде осы қолөнермен айналысып отырып, «мұның бәрін кім үшін жасап жүрмін?» деп ойлаймын. Сөйтсем, сендер барда менің тіршілігім тоқтамайды екен. Ана баласы үшін жауапкершілікті сезінгенде, қайғының бәрі артта қалады.

– Біз сіздермен қашанда біргеміз. Сіз жасаған бұйым әлі талай брендке айналады. Перзент үшін ананың орны ерекше. Әкенің де болмысы ерек еке­нін ұмытпаймыз.

– Әкең екеуміз бес жыл үлкен үйде тұрдық. Мен ененің тәлімін көрдім. Екінші анам маған бәрін үйретті. Қашанда біз кесек құйып, біріміз күзетші болып, біріміз аспаз атансақ та, балаларымыздың аман­дығын тіледік. Сендер барда біз – бақытты отбасымыз.

Иә, ауыл әйеліне тән бір қасиет бар. Ол – төзім мен қанағат. Барын ұқсатып, ырысқа айналдыратын Анар қазіргі уақытта қолөнерді жетік меңгерген. Оның қолынан шыққан қуыршаққа жұртшылық тапсырыс береді. Ал гипстен жасалған бұйымдардың барлығы асқан ыждағаттылықты қажет етеді. Айрықша бұйымды сәндеп, әрлейді. Өзгеше жан бітіреді.

Төрт жастағы Азиманың шашын тарап отырып, өткеніне көз жүгірткен келіншек қырық беске келгенін сезбеді. Байқасаңыз, ауылдағы әйелдің барлығы Анар секілді отбасы-ошақ қасында мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп жүр.

Балтабай Ордабеков 

17 қаңтар 2026 ж. 213 0