Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№99

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 газет

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Мақсаты айқын талапкер

Мақсаты айқын талапкер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аудару керек екенін айтты. Сонымен қатар білім саласында креативті технологияның жүйелі дамуы мен жаһандық өзгеріс жасанды интеллектіні барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл пәрменді қолдануда білім ордаларында түрлі қосымша сабақтар ашылып, оқушылардың дарынын дамытуда. Соның бірі – ІТ саласында білімін шыңдап, бос уақытында бағдарлама жасаумен айналысатын А.Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұртөре Маратұлы.

«Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысының бастамасы білім жүйе­сіне тың өзгеріс пен жаңа серпін әкелері анық. ІТ саласына қызығушылығы артып, түрлі бағытта жұмыс істеуді өз бетінше үйреніп жүрген оқушылар қатары да көбеюде. Осы бағытқа деген қызығушылығы жыл сайын артып, күрделігіне қарамастан жасанды интеллектіні зерттеп, өзіндік жеке жобасын дайындап жүрген Нұртөре Ақылбеков осы уақытқа дейін біршама жетістікке жеткен. Жетістігі мен жүлделері ауыз толтырып айтарлықтай талапкердің қабілеті мен таланты ұштасқан. Жасанды интеллект бағыты бойынша қызығушылығы туралы Нұртөре өзі айтып өтті.

– Информатика пәні бойынша оның түрлі бағыттарына қызығушылығым 8-сыныптан бас­талды. Яғни ол кезде олимпиадаға қатысып, жүл­делі орынды иелендім. Сонымен қатар Арал ауданында өтетін «Қамбаш – Сыр дарыны» оқыту лагеріне жолдама ұтып алдым. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік пен мақсатыма деген алғашқы қадамның бірі болды. Сол кезден бастап информатика пәніне деген қызығушылығым артып, бар ынта-жігерімді осы бағытқа арнадым. Қазіргі таңда жасанды интеллект бағытында жұмыс істеп келемін. Оларды тиімді пайдалана отырып, өз бағдарламамды құрып бастадым. Жеке жобам болғандықтан барынша ізденіс үстіндемін. Әлі де білмейтінім көп. Менің басты мақсатым – IT саласында үлкен жетістіктерге жетіп, әлемге әйгілі алпауыт компанияларда, атап айтқанда Apple, Microsoft, Google, Amazon сияқты компанияларда жұмыс істеу. Осы жолда мен өзіме үлкен жауапкершілік жүктеймін. Ал­дағы уақытта білімімді одан әрі жетілдіріп, IT саласында кәсіби маман болып қалыптасып, елімнің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Арманыма жету жолында аянбай еңбек етіп, алған білімімді тиімді пайдалануға бар күш-жігерімді саламын, – дейді жас талапкер.


Аудандық, облыстық, республикалық деңгейде ауылының атын шығарып жүрген Нұртөренің жетістігі – аудан абыройы. Келешекте зор үміт күтетін оқушыны дайындауда біліктілігін шыңдаған ұстаз – Нұрлан Жорықбаев әркез шәкіртін тәр­­биелеуде. Бітіруші түлек бола тұра түрлі бай­қауларды қалт жібермей, таланты мен білімін сынап жүрген жас дарын осы жақында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінен жүлделі ІІ орынды иеленген. Бұл тұста қосымша ҰБТ-ға дайын­далып, сүйікті пәнін де мақсатына айналдырған Нұртөренің болашағы жарқын болары анық. Талабы мен талғамы сәйкес келген дарын иесі жасанды интеллект бағытын қосымша зерттеп, сол бойынша жұмыс істеуді мақсат етеді. Алдағы уақытта ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетіп, таңдаған ІТ саласы бойынша биіктен көрініп, жетістікке жетері анық.


Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

27 желтоқсан 2025 ж. 27 0