Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№99

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 газет

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Он бір қыз тапқан ана

Он бір қыз тапқан ана

Жетікөлдік қарт Аманкүл Түменбаева – өмірге 13 перзент әкелген алтын құрсақты ана. Балаларының он бірі қыз, екеуі ер бала. Қарап отырсаңыз, қатарынан он қызды болып, содан соң ер бала сүю, тағы да бір қыз бен ұлды өмірге әкелу – нағыз шыдамдылық әрі ерлік дерсіз. Тіпті өмірге сонша баланы әкеліп, бақытқа кенелу өте сирек кездеседі, ондай ана біздің ауданда жалғыз ба дерсіз.

Біз сапарлап барған қасиетті ме­кен Жетікөлге «Алтын алқалы» ана­лардың санатындағы Аманкүл ананы іздеп барғанымызда, ақ жаулықты ана облыс орталығына ем алуға кеткен екен. Шаңырақтың үлкен ұлы Думанмен жүздесіп, батыр ананың жай-күйін біліп, ұялы байланыс арқылы асыл анамен тілдестік.

Тартоғай ауылының тумасы Аманкүл Түменбайқызы он сегіз жа­сын­­да жетікөлдік азамат Тұрсынәлі Оржановпен отау құрып, дүниеге бірінен соң бірі келген қыздарын мәпе­леп өсіреді. Ауыл азаматымен көңіл жарастырған ана осынша қыз баланы өмірге әкелгенде ерінің бір қабақ шытпағанын айтады.

– Тағдыр маған он үш баланы өмірге әкелуді жазыпты. Барлығын жұбайыммен бірге өсіріп, жеткіздім. Баланы өмірге әкелу – ана үшін үл­кен бақыт. Қаншама қыз тусам да ер азаматымның ренжігенін көр­медім. Енем де туған балаларымды бағып-қағып отырды. Жұмыстан қал­дырмады. Ал алғаш ер баланы бо­сан­ғаным тіптен қызық болды. Бала­ларымның үшеуін ғана перзентханада босандым. Осы ер баламды перзентханада босанғанымда, сүйінші хабарды естіген ауылдағы адамдар қайран қалыпты. Бүкіл ауыл болып қуанғанын осы күні көзкөргендер айтады. Жолдасымның қуанышы өзінше бөлек. Қазір ойлап қарасам, не деген шыдамдылық деймін. Менің азаматымдай адам өмірде жоқ шығар сірә, деп мақтанамын. Қазір жастардың арасында мұндай шыдамдылық жоқ қой. Шүкір қыздарымның орны бір төбе, қос ұлымның орны бір төбе. Осынша жасқа келгенімде балаларымның барлығы алақандарына салып, аялап отыр. Бұл да Құдайдың берген сыйы, – дейді қажырлы ана Аманкүл Түменбайқызы.

Он үш перзенттің арасындағы қыз­дардың барлығы аналарына қамқоршы, еңбектегі көмекшісі бол­ғанын қызы Айман айтып берді.


– Анам ауылда пошташы болды. Ол кезде аптаның алты күнінде де ауылға газет-жорнал келеді. Арасында хат та болады. Қыздардың ішінде Жанат пен Манаттың газет тасығанын білемін, біз Күміспен екеуіміз анамыз зейнеткерлікке шыққанша тасыдық-ау деймін. Қыздар күннің ыстығына да, суығына да қарамастан, бір-бірімізбен жарысып, ойнап жүріп үй-үйге апарып беруге асығатынбыз. Хат келген күні хат келген үйден бетер қуанатынбыз. Әсіресе, әскерге кеткен балаларынан хат келгенде, өкпемізді қолымызға алып ұшып, дереу жеткіземіз. Қазірдің өзінде қай үй қандай газет-жорнал алғанын білемін. Есімде қалған мына бір оқиға тіпті қызық. Ол кезде «Қазақстан әйелдері» деген жорнал шығатын. Жаңа жылдың басында жорналдың мұқабасына Роза Рымбаеваның суреті шықты. Әнші апамыз ұл туыпты жаңа жыл түнінде болуы керек. Міне, сол қуанышты бүкіл ауыл болып сол жорналдан оқып шықтық десем, артық айтқандық болмас. Анамыз жұмысын адал атқарды, келген газет-жорналды дереу бөліп береді. Біз оны иесіне апарып беруге асығамыз, – дейді анасына қамқоршы болған қыз Айман.

Он үш баланың ата-анасы атанған Тұрсынәлі аға мен Аманкүл апа бірге ұзақ жыл тату-тәтті өмір кешті. Қазір балаларының арасында мұғалімнен бастап қарапайым жұмысшы, механизатор, тігінші де бар. Бір өкініштісі, отағасы Тұрсынәлі аға бірнеше жыл бұрын қайтыс болды. Бұл қайғы жүре­гін шерге толтырса да, Аманкүл ана шүкіршілігінен танбаған, Аллаға өкпесі жоқ. Барға қанағат дейді. Қазір қыздары бір-бір үйдің түтінін түтетіп, алды зейнеткерлікке шыққан. Қос ұлы келіндерімен әулеттің дәулетін асырып, алтын құрсақты ананың ақ батасымен ұрпақ өрбітуде.

Қазір 56 немере, 16 шөбере сүйіп отырған 85 жастағы Аманкүл ананың шаңы­ра­ғында бауырмалдық, бірлік пен береке салтанат құрып, көпке үлгі болуда.

Бибісара ЖАНӘЛІ

27 желтоқсан 2025 ж. 16 0