Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№98 газет

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 газет

16 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Бейбіт Смайлов, Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы: елдегі тұрақтылық – егемендіктің нышаны

Бейбіт Смайлов, Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы: елдегі тұрақтылық – егемендіктің нышаны

Қоғамдағы тұрақтылық ел дамуының басты кепілі саналады. Мемлекеттік басқару жүйесінде бірнеше негізгі бағытты қамтыған аудандық қоғамдық даму бөлімі идеологиялық сая­сатты жүзеге асырады. Жалпы қоғамның әлеуметтік, саяси және рухани дамуын үйлестіруге бағытталған құрылымның сан салаға бөлінген жұмыс барысы ауқымды. Бұл ретте, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайловпен жыл көлемінде атқарылған жұмыс барысын саралау мақсатында арнайы сұхбат құрған едік.

– Бейбіт Есенкелдіұлы, аудан көлемінде қоғамдық-саяси іс-шара өткізу – бөлімнің құры­лымдық жұмысының бір бағыты саналады. Осы мәселе жөнінде кеңінен тарқатып айтсаңыз...

– Расында, бөлімнің мамандары жылдық жоспарға сәйкес, қоғамдық-саяси маңызды іс-шараның ауданда өткізілуіне кеңінен атсалысып келеді. Осы жылдың межелі жоспарына 71 іс-шара енгізілген болатын. Оның ішінде, ұлттық және мемлекеттік мерекелер, кәсіби және өзге де атаулы күндерге арналған 14, қоғамдық-саяси және мәдени 46, мерейтойлық 4, еске алу бағытында 7 іс-шара бар. Барлық іс-шара аудандық, облыстық, республикалық деңгейде кеңінен аталып өтіп, бұқаралық ақпарат құралы мен әлеуметтік желі арқылы кеңінен насихатталды. Айта кетейік, жоғарыда көрсетілген іс-шараның басым бөлігі ұйымдастырылды. Ал желтоқсан айында бірқатар маңызды мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Атап айтқанда, КСРО спорт шебері Асылбек Матиковты еске алуға арналған облыстық турнир, аудан әкімінің дарынды балалармен кездесуі және жыл қорытындысы салтанатты іс-шарасы өткізіледі. Осы айда бірнеше еліміздегі маңызды мерекелік дата енгізілген. Жақында қазақ елі үшін қастерлі күн 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болды. Кеше, яғни «22 желтоқсан – Энергетиктер күні», «Архившілер күні» екені еске салған жөн. Жаңа жылдық мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде жүзеге асуы – басты назарымызда.

– Еліміздің айшықты символы саналатын мемлекеттік рәмізге құрмет көрсету – әрбір адамның міндетіне кіреді. Мемлекеттік рәміздің мәртебесін арттыру бағытында қандай жұмыс жасалуда?

– Тәуелсіздіктің тарихын, мәдениетін және бірлігін білдіретін құны жоғары мәртебелі рәміздер бағытында жүйелі жұмыс жасалуда. Ту, Елтаңба, Гимн – елдігіміздің, егемендігіміздің айшықты бел­гісі. Аудан көлемінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау, халықтың рәміздерге деген құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандық комиссия тұрақты жұмыс жасайды. Осы уақытқа дейін мемлекеттік рәміздер туралы аудан әкімдігі жанындағы комиссияның 1 отырысы өткізіліп, 4 мәселе қаралды. Осы желтоқсан айында соңғы комиссия отырысын өткізуді жоспарға қойғанбыз.

Айта кетейік, мемлекеттік рәміз­дерді насихаттау және құрметті қалыптастыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 8 мақала, әлеуметтік желі арқылы 200-ге жуық арнайы жазба жарияланды. 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен қомақты қаржы бөлініп, қоғамдық даму бөлімі арқылы барлық аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік рәміздер алып берілді. Негізінен, ұлттың бас ­нақышына айналған рәміздердің жай-күйі бақылауға алынған. Бұл ретте, жыл басынан бері мемлекеттік рәміздердің жай-күйін бақылау мониторинг тобының 6 мәрте зерделеу жұмысы жүргізілді. Анықталған кемшіліктің барлығы дер кезінде жойылды. Облыстық жұмысшы топпен жүргізілген зерделеу барысында 2 мекемеден кемшілік анықталып, тиісті тәртіптік шара көру жөнінде ұсыныс берілді. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау – бұл елдің патриоттық рухын көтеру, азаматтардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру екенін ескерсек, бөлім тарапынан бірнеше іс-шара өткізілді. «Менің Туым – менің мақтанышым» тақырыбындағы эссе жазу және сурет салу байқауы, Ұлттық мерекеде Мем­лекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі, марафон жарысы, веложарыс, бір мезгілде Гимн орындау се­кілді патриоттық іс-шара жүзеге асуда.

– Ауданда тұрақ­тылықты сақтау және мем­­лекеттік сая­сатты жүргізу мақ­сатында халыққа үгіт-насихат жұмысы жүргізіле ме?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын көпшілікке насихаттау аясында көптеген жұмыс атқарылуда. Мәселен, аудан бойынша барлығы 157 дана көрнекі үгіт-насихат құралдары орналастырылды. Көрнекі үгіт-насихат құралының мазмұнына мемлекеттік бағдарламаларды, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауындағы басымдықтар мен негізгі тезистерді, «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» бағыттарын, құқық бұзу­шылықтың алдын алу іс-шарасын, мемлекеттік қызмет көрсетуді, төтенше жағдайдың алдын алу бойын­ша түсіндірулерді, еңбек адамдарын насихаттау кіргізілген. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 8 билборд орнатылып, түрлі салада аянбай еңбек етіп келе жатқан еңбеккерлердің суреті қойылған. Тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп, талдамалық ақпарат аудан әкімдігіне ұсынылды. Идеологиялық мазмұны ескірген, күнге күйген, бүлінген баннердің барлығы уақытылы ауыстырылып отырады.

– Сырдария ауданында үкіметтік емес бірнеше ұйымның жұмысы жолға қойылған... Бұл бағытта бөлімнің ұстанымы айқын шығар.

– Сырдария ауданы бойынша бүгінде облыстық әділет департаментінің мәліметі бойынша 42 ҮЕҰ тіркелген. Оның ішінде, 17 қоғамдық бірлестік, 16 қоғамдық қор, 9 филиал бар. Бүгінгі күні дерекқор базасына тіркеу, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес тиісті зерделеу жұмысы жүргізілуде. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2025 жылы жер­гілікті бюджеттен 7 жобаға 11 805 мың теңге қаралды. Барлық жоба техникалық ерекшелікке сәйкес жүргізілді. Жоба шеңберінде өткізілген іс-шара легіне аудан тұрғындары шақырылды. Танымдық, мәдени-көпшілік, ақпараттық бағытта іске асқан жұмыстың көпшілігі жергілікті халықтың қатысуымен жүзеге асады.

– Гендерлік саясат пен отбасы институтын қалыптастыру бағытындағы кешенді іс-шара легін айтып өтсеңіз...

– Аудандағы 38 мыңға жуық халықтың 48 пайызын нәзік жандылар құрайды. Олардың басым көпшілігі – білім, денсаулық, мәдениет саласында қызмет жасайды. 2025 жылдың қаңтар айынан 1 қарашаға дейін 281 Алтын алқа, 677 Күміс алқа иегерлері, 85 Батыр ана тіркелді. Өз кезегінде 2 аудандық мәслихат депутаты, 7 мектеп директоры, 17 балабақша меңгерушісі, 51 мемлекеттік қызметші болса, оның ішінде 9 әйел лауазымды қызметте, атап айтсақ 2 бөлім басшысы, 5 сектор меңгерушісі, 2 бөлімше басшысы елге қызмет етуде. Аудандық «Әйелдер» кеңесі, «Жас отау» клубы, «Әжелер» мектебі, «Көшбасшы әйелдер» мектебі жұмыс жасайды.

Отбасы – қоғамның ең маңызды бөлігі. Шын мәнінде, отбасы институты – қоғамдағы некеге, ата-ана мен балаға, туыстық қатынастарға байланысты қа­лыптасқан әлеуметтік жүйе. Ол қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізі болып саналады. Біздің бөлім мамандарының ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңі өткізіледі. Жыл сайын мерейі тасыған ауданның отбасылары марапат төрінен көрініп жүр. Биыл байқауға кент және ауылдық округтерден 17 отбасынан құжат келіп түсті. Аудандық комиссияның шешімімен іріктеу жұмысы жүр­гізіліп, облыстық ке­зеңге 2 отбасыға жол­дама берілді. Об­лыстық кезеңге жолдама алған Шіркейлі ауылының Әбсадықовтар отбасы бас жүлде иеленіп, республикаға жолдама алса, Аманкелді ауылының тұрғындары Жансейтовтер отбасы «Үлгілі отбасы» номинациясымен марапатталды. Ал «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде Әбсадықовтар отбасы марапат төрінен көрінді.

Жалпы аудандық қоғамдық даму бөлімімен «Отбасы және жеке құндылықтарын сақтау, гендерлік теңдікті насихаттау, отбасылық қатынастарды нығайту бағытында іс-шаралар ұйымдастыру» әлеу­меттік жобасы жүргізіліп келеді. Жоба аясында отбасы құндылығын арттыру бағыттында жүйелі жұмыс жүргізілді.

– Жастар саясаты мен өзге этнос өкілдеріне, БАҚ-қа байланысты жыл көлемінде қаншалықты жұмыс атқарылды?

– Қоғамның қозғаушы күші – жас­тар десек, олардың белсенді болуы – заңдылық. Аудан жастары жыл көлемінде көптеген жетістікке қол жеткізе алды. Ерен еріктілік үлгісін көрсетіп, қайырымдылық іс-шарасына қатысты. Бұл ретте, білімді, дарынды жас­тар республикалық, халықаралық, әлемдік деңгейде аудан мерейін тасытуда. Бөлімге аудандық жастар ресурстық орталығында Нұржан Сейтжан бастаған ұжымның еңбегі ерекше.

Өзге этнос өкілдері аудан өмірінде орын алып жатқан қоғамдық, мәдени-көпшілік іс-шарадан қалыс қалып жатқан жоқ. Ынтымақ-бірлікті сақтаған ұлттар татулығы қай кезде де жарасымды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату бағытында, жергілікті бюджеттен арнайы қаржы қаралып, 2 облыстық телеарна, 1 аудандық газет, 7 облыстық сайтпен 11 лот бойынша жұмыс жүргізілуде. Телеарналар арқылы 190 минуттық ақпарат таратылса, жергілікті «Тіршілік тынысы» газеті арқылы 52 500 шаршы/сантиметр мақала орналастырылды. Ал облыстық сайттарға 724 мың символды қамтыған материалдар жарияланды. Республикалық, облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, жетістіктер мен жоспарлар, мемлекеттік бағдарламалардың аудан көлемінде жүзеге асуы, жаңа жұмыс орындары: шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық даму, ауылдық елді мекендерді дамыту бағытындағы жұмыстар бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізіліп келеді.


Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ

23 желтоқсан 2025 ж. 85 0