Сапалы қызмет көрсету – ұжым алдындағы міндет
Халыққа үнемі сапалы қызметін ұсынып келе жатқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жұртшылықтың сенім үдесінен шығуды көздейді. Күнделікті халықпен тығыз байланыс орнатып, кәсіби білікті таныта білетін мамандар шоғыры қалыптасқан мекеменің құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Осы ретте «Руханият орталығында» «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Аида Абибуллаева, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық филиал директоры Жұмабек Ембергенов, аудан ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары арнайы қатысты.Мерекелік жиынды ашқан аудан әкімі Берік Сәрменбаев сала мамандарын мерейтоймен құттықтады.
– Мемлекет басшысы биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Біз жаппай цифрландыруды барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет» деп атап өтті. Президент Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай цифрландыруды тапсырды. Осы ретте, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына жүктелетін міндет көп. Корпорацияның басты жетістігі – адамға бағдарланған қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруында. «Бір терезе» қағидаты арқылы көрсетілетін қызметтер халықтың уақытын үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік қызмет көрсету мәдениетінің жаңа стандарттарын енгізді. Осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында бүгінде еліміз онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде үздік 10 елдің қатарына енді. Ауданымызда «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының филиалы тұрғындарға күн сайын сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетіп келеді. Туу туралы куәліктен бастап, әлеуметтік төлемдерге, жылжымайтын мүлікті тіркеу мен көлік құралдарын рәсімдеуге дейінгі көптеген маңызды қызметтер осы мекеме арқылы көрсетіледі. Бұл – әрбір отбасының, әрбір азаматтың өмірімен тікелей байланысты үлкен жауапкершілік жүктейтін жұмыс деді, – аудан басшысы.
Өз кезегінде облыстық корпорация директоры Аида Ибрагимқызы мерейтоймен құттықтап, корпорация қызметкерлерінің халыққа қызмет көрсетудегі адал еңбегіне жоғары баға берді. Сондай-ақ алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, цифрландыру үдерістерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын айтып, ұжымға толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі. Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз алып, сала мамандарын мерекемен құттықтады.
Іс-шара соңында сала дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкер «Алғыс хатпен» және мерекелік медальдармен марапатталды.
Айта кетейік, жиынға қатысушылар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық филиалында болып, жаңа форматта жүзеге асқан іс-шара легімен танысты. Құжаттардың сақталуы мен азаматтарға қызмет көрсету базасы көрсетілді. Аудан әкімі сала мамандарының жұмысына сәттілік тіледі.
«Тт» ақпарат









