Тәжірибелі шаштараз
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қайтарымсыз негізде берілетін гранттар өз жалғасын тапты. Аталған гранттың басты мақсаты – жаңа кәсіпті бастауға және оны дамытуға жағдай жасау, тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына және тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне мүмкіндік беру.Бағдарлама аясында әрбір қатысушыға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 572 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұсынылды. Бұл қаржы кәсіпкерлерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға, өндірісті жолға қоюға, қызмет көрсету саласын дамытуға және өз бизнес-идеяларын жүзеге асыруға бағытталды. Айта кету керек, әрбір қатысушы бұл грантты тек бір рет қана алу құқығына ие бола алады.
Өз кезегінде 2025 жылы аудан бойынша барлығы 129 адам аталған гранттың иегері атанды. Грант алған азаматтардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, шағын өндіріс, шаштараз және қолөнер саласында өз кәсібін бастаған. Бұл ретте аудан экономикасының дамуына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде.
Соның бірі бірнеше жыл бұрын қайтарымсыз несие алған шаштараз – Толқын Ойсаева. Сүйікті ісін 25 жыл бойы кәсіпке айналдырған Толқын Серікқызы шаштараз саласында үздіксіз еңбек етіп келеді. Бастапқыда шағын ғана қызмет көрсетумен айналысқан ол мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін біртіндеп кеңейтіп, жылдар бойғы тәжірибе мен тынымсыз еңбектің арқасында кәсібін дамытып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізді. Қайтарымсыз несиеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, жұмыс орны толық жабдықталды.
Қазіргі таңда шаштаразға тек аудан тұрғындары ғана емес, жақын елді мекеннен де арнайы іздеп келетіндер өте көп. Қызығушылығын кәсіпке айналдырған Толқын Ойсаева бала кезінен армандаған ісін жүзеге асырғанын айтты.
– Мен бала кезімнен өз кәсібімнің болуын армандадым. Сол арманыма жету жолында шаш қию мен әртүрлі әдемі шаш үлгілерін жасау мені әрдайым қызықтырды. Бұл қызығушылығымды кәсібіме айналдыру – мен үшін үлкен жетістік. Кәсібімді дамыту мақсатында 2020 жылы «Бастау бизнестің» бір айлық оқуын оқып, Еңбек мобильді орталығына жобамды ұсынып, аудандық комиссияның шешімімен 500 мың теңге грант ұттым. Мемлекеттің қолдауының арқасында өз ісімді дамытып, тұтынушыларыма сапалы қызмет көрсету арқылы өз арманыма жеткенімді сеземін. Қазіргі таңда жыл сайын шаш үлгілері де өзгеріп, жаңарып отырады. Сондықтан облыс орталығындағы білікті мамандарға барып шеберлік сабақтарын өту арқылы жаңа үлгілерді үйреніп, сертификат аламын. Қазір оқушы ер балалар да өз стилін, шаш үлгісін айтып отырады. Барлығын қамту керек. 25 жылдық кәсіби тәжірибемнің арқасында тұрақты келушілерім баршылық. Әр тұтынушымның ризашылығы мен үшін жұмысымның жандануына шабыт әкеледі, – дейді өз ісінің шебері.
Осы орайда алдағы уақытта үлкен сән салонның жобасын қолға алып, түрлі сән шеберлерін жұмысқа қабылдайтынын айта кетті. Еңбегінің жемісін көріп отырған кәсіпкер жолдасымен бірге ұл-қыздарын өсіріп отырған үлгілі отбасылардың бірі.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ










