Ауданның жас өнертапқыштары
Робототехника – қарыштап дамыған заманның жаңа деңгейі. Бірнеше жыл бұрын робот жасау тек ғалымдардың ісі деп білсек, қазіргі таңда жас өнертапқыштар да робототехника саласына үлесін қосуда. Әлемдік байқауларда Қазақстанның абыройын қорғап, бірнеше мәрте жеңімпаз атанған жас өнертапқыштар да көпке үлгі. Ал Сырдария ауданының жас өнертапқыштары туралы білесіз бе? Білмесеңіз жас өрендерді және жасаған жұмыстарын таныстырып, тарқатайық.Сырдария ауданының Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейі жаңа өзгерістермен толықты. Нақтырақ айтсақ, жақында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушігімен «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында мектепте жаңа сыныптар ашылып, өңдеуден өткен болатын. Соның бірі – «STEM робототехника» кабинеті. Бұл сыныптың өзгеріп, жаңаруы оқушылар үшін үлкен мүмкіндік алаңына айналды. Себебі, жақында аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Робототехника – жаңа заман талабы» атты жастар арасында байқау өткен болатын. Байқауға ауданға қарасты мектептерден оқушылар қатысып, бақ сынады. Нәтижесінде Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің оқушылары топ жарып, бас жүлдені иеленді. Бұл байқау жас өнертапқыштардың алғашқы жетістігі әрі бастамасы.
Байқаудың қорытындысын естігеннен кейін дереу мектепке бет бұрып, дарынды оқушылармен кездесуге асықтық. Білім ошағындағы жаңашылдықты көріп, қазіргі білім алушы жасөспірімдерге керемет мүмкіндік жасалғанына тағы бір мәрте көзіміз жетті. Жас өнертапқыштарға жеке-жеке тоқталып, кезек берсек.
ҚОС АРУДЫҢ РОБОТЫ
Айша Бауыржанқызы мен Аяулым Асылханқызының «асық атқыш робот» жасауы бір жасағаннан нәтиже бермеген. Бес күн қатарынан сабақтан тыс уақытта сүйікті ісімен айналысатын 9 сынып оқушылары бірнеше сәтсіздіктен мойымай, жасап шыққан.
– Аудандық байқау болады дегенде бірден іске көштік. Тіпті сабақтан кейін 10 сағат робот нәтижелі болу үшін тапжылмай дайындадық. Құрастыру жағы оңайырақ болды. Тек бағдарламалау тұсы қиындық туғызды. Бір жасағанда 4 рет қайта жасадық. Соның нәтижесінде бағдарламасы да сәтті жүзеге асты. Бұл «асық атқыш робот» асықты атқанда, белгіленіп тұрған шеңберден шығару керек. Байқауда тек екі мүмкіндіктен берілді әр роботқа. Екі мүмкіндікте де робот тапсырманы сәтті орындап, жеңіске жеттік, – дейді қос өнертапқыш.
Айша мен Аяулымның сабақпен бірге бұл салаға қызығушылығы артып, алып жүруі жасөспірімдердің жарқын болашағының бастамасы. Осы жерде айтып өтетін тағы бір қызықты мәлімет бар. Айша Ахметова қосымша өзінің қызығушылығын әрі қарай дамытып, жетілдіру үстінде. Өлкетану пәні бойынша мобильді қосымша ойлап тапқан. Яғни, «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығына» виртуалды саяхат жасау қосымшасын іске қосқан. Бұл оқушылардың өз бетінше қоршаған ортаға қызығушылығы артып, оны сақтау мен қорғауға үлес қосуының алғашқы бастамасы. Тіпті жас өнертапқыш десек, артық айтқандық емес.
БАҒДАРЛАМАЛАУ – НАҒЫЗ ШЕБЕРЛІК
Байқауда физикалық тұрғыдан әлсіз бола тұра, бағдарламалау тұсы сәтті жүзеге асқан робот «сумо жарысында» жеңімпаз атанды. Иә, дұрыс оқыдыңыз. Роботтардың да арасында күрес болады. Оны «сумо жарысы» деп атайды. Яғни салмағы жарты келі мен бір келі болатын роботтар өзара текетіресіп, арнайы белгіден шығарып жіберуі тиіс. Осы тұста аудандық байқауға қатысып, салмағы қарсыласынан аз бола тұрып, бағдарламасы мықты болғанының арқасында жеңіске жеткен роботқа кезек берсек. Бұл роботты жасап шығарған 9 сынып оқушылары Асылжан Әбетов пен Ярослав Лавров. Олар бір күннің ішінде құрастырып, бағдарламасын жасаған. Бұл туралы жетекшісі Айгүл Маратбекқызы айтып өтті.
– Оқушылардың алғашқы ойлап құрастырған роботы болғандықтан, бәрі бірден болған жоқ. Ең бастысы бағдарламасын дұрыс орната білу болатын. Оған балалар бар күш-жігерін салды. Мұндай робототехника кабинеті бұрын болмағандықтан, қазіргі таңда бұл мұғалімдер мен оқушылар үшін қызық дүние болып тұр. Бірге үйреніп, бірге жасап шығарудамыз. Маңыздысы, оқушылардың өз бетінше ізденіп, қызығушылығының артқаны. Тіпті ІТ саласын таңдаушылар қатары да көбейіп келеді. Ал «сумо жарысына» қатысушы роботымыздың салмағы бар-жоғы жарты келіні құрады. Тек бағдарламасы мықты жүзеге асты. Байқауға қатысушы өзге мектептердің роботтары бір келіні құрап, физикалық тұрғыдан біздің роботтан басым болды. Бірақ олардың бағдарламасы әлсіздеу болғанға ұқсайды. Асылжан мен Ярославтың жасаған бағдарламасында робот 2 метр қашықтықтағы қарсыласын көре алады. Содан болса керек, робот қарсыласын тез анықтап, соққыны бірінші бергенде-ақ жеңіп кеткені. Бұл әрине, оқушылардың тапқырлығы. Қазіргі таңда роботтан бөлек екі оқушым бағдаршамды басқаруды және оған бағдарлама арқылы тапсырма беруді үйреніп жүр, – дейді информатика пәнінің мұғалімі Айгүл Маратбекқызы.
ЭСТАФЕТА – РОБОТТАР САЙЫСЫ
Дамиржан Жандосұлы мен Береке Жақсыбекұлының құрастырған роботы спорттық сайыстың бір түрі – эстафета ойынына арналған. Байқауда дәлдікті тиек етіп, жасаған темір туындысы жетістікке жеткізген оқушылардың жетекшісі информатика пәнінің мұғалімі Самал Серікбаева. Оқушылардың құрастырған роботының ерекшелігі арнайы бір жеңіл затты көтеріп тұрып, кедергілерден өтіп, келесі роботқа табыстауы керек. Бұл туралы жетекшісі Самал Әбілханқызы айтып өтті.
– Дамиржан мен Береке бұл роботты 1-2 күнде құрастырып шықты. Тек тапсырма беру бағдарламасын жасау логиканы талап етті. Өйткені эстафета роботы жай кедергілерден өтіп қана қоймай, белгіленген арнайы қара сызықтың бойымен шығып кетпей, дәл жүріп өтуі тиіс. Бұл жерде роботтың көру мүмкіндігі 10 см-ді құрайды. Яғни, алшақтағы нәрсені көру маңызды емес, ең бастысы алдында тұрған кедергіні еңсеріп өтуі қажет. Оқушылар үшін бұл алғашқы бастама әрі жетістік. Алдағы уақытта мектептегі жаңа өзгерістер арқылы оқушылардың мүмкіндіктері шарықтайтыны анық, – дейді жетекшісі.
Бұл сайыс негізі 3 кезеңнен тұрады екен. Әрқайсысында әртүрлі тапсырма. Сондықтан роботтарды да дұрыс бағдарламалау – өте маңызды.
«ІТ САЛАСЫН ТАҢДАЙМЫН...»
3D принтер арқылы үлгі жасау – 9 сынып оқушысы Альмира Нұрланқызының шеберлігі. Ол суретті арнайы қосымшаның көмегімен дайындап, принтерге тапсырманы орындауға жібереді. Сол арқылы қандай заттың болсын үлгісін жасап шығаруға болады екен. Принтерге арнайы PLA пластик материалы тұтынылады. Одан өзге түрін пайдалануға болмайды. 3D үлгі 219 градуста еріп, жасау ұзақтығы 20-30 минутты құрайды. Бұдан бөлек Альмира Алдабергенова аудандық конкурстан облысқа жолдама алған. Қорғаған жұмысы физика және химия пәніне де тікелей байланысты.
– Ол байқауда жұмысым әтірдің хош иісін зерттеу болатын. Яғни, әтірдің себілгеннен кейінгі оттегімен байланыса отырып, хош иістегі молекулалардың бейнеленуін 3D үлгіде көрсеткен болатынмын. Жалпы жасаған жұмысым физика, химия, информатика пәндеріне келеді. Негізі өзімнің арманым ІТ саласын таңдап, таңдаулы мамандардың бірі болу. Әлемге әйгілі компанияларда жұмыс жасау, – дейді жас дарын.
Қорыта келгенде, бұл аты аталған әр оқушы – өз алдына жеке дара талант иелері. Жас өнертапқыштардың қазіргі кішігірім бастамасы, келешекте үлкен жетістікке ұласары анық. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып оқушыларға сәттілік тілеп, бастаманың әрі қарай үздіксіз жүзеге асуы керектігін айтып өтті.
– Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейі жыл аяғында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры демеушілігімен «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында материалдық-техникалық базасы жаңартылған болатын. Арнайы қосымша сыныптар ашылып, оқушылардың қызығушылығы арта түсті. Бұл өзгерістің мектеп-лицей оқушыларына тигізер әсері орасан зор. Оқушылардың жаңа бағытта, жаңа бастамада өздерін сынап көруі қалыпты жағдай. Олардың әрбір жетістігі ауданның абыройы. Сондықтан олардың бұл жаңашыл бағытта дамуына әрдайым қолдау білдіреміз, – деді Еркебұлан Жақып.
Әр оқушы жетістігінің артында еңбегі ақталған ұстазы тұратыны анық. Жас өнертапқыштардың жетекшілері – Айгүл Маратбекқызы мен Самал Серікбаева. Ұстаздардың оқушыларға сіңірген еңбегі орасан. Олардың кез келген жетістігіне қуанып, бағыт-бағдар беріп отыр. Жаңашыл ұстаздар талапты оқушыларымен бірге алдағы уақытта биік белестерді бағындырары анық.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ












