Ақжармаға «көгілдір отын» барады
Сыр өңірінде соңғы 4 жылда халықты газбен қамтамасыз ету бойынша біршама жұмыс атқарылуда. Мәселен, 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайыз болса, биыл жыл соңына дейін көгілдір отынның облыс көлемінде жүргізілуін 83 пайызға жеткізу көзделген. 2022–2025 жылдар аралығында жалпы 63 млрд 600 млн теңгеге 77 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде Сырдария ауданының да үлесі бар.Жақында облыс әкімінің қатысуымен Шаған ауылында көгілдір отын қосылған еді. Міне, енді ақжармалықтар үшін де қуанышты жаңалық болды. Бүгінде Ақжарма ауылында газдандыру жұмыстары басталып, көпшілікке ақжолтай ақпарат жетті. Өз кезегінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікеновпен бірге Ақжарма ауылындағы газдандыру жобасымен танысты.
– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп атап өтті. Осыған орай аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл облысымыздың газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті. Ауданда осы жылы Н.Ілиясов және Шаған ауылдары табиғи газға қосылды. Енді Ақжарма ауылын газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Жалпы жоба құны – 1 млрд 881 млн теңге. «Алия Сервис» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта қажетті техникалар жұмылдырылып, жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Аудан әкімі Ақжарма ауылы халқының бұл көптен күткен жаңалығы екенін атап, жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуының маңыздылығына тоқталып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, Сырдария ауданы бойынша бүгінде Тереңөзек кенті және Асқар Тоқмағамбетов, Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун, Нағи Ілиясов, Шаған елді мекендерінің тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ










