Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№90 газет

25 қараша 2025 ж.

№89 газет

22 қараша 2025 ж.

№88 газет

18 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Темір тұлпарыңыз қысқа дайын ба?

Темір тұлпарыңыз қысқа дайын ба?

Бірнеше күннен кейін қыс мезгілінің алғашқы айына аяқ басамыз. Күн суытып, жер ана ақ ұлпаға айналатын мезгіл. Жылдың осы бір мезгіліне тұрғын үйлер жылыту жүйесіне қосылып, әр отбасы сандыққа салынған жылы киімін шығарып, дайындалады. Ал, қысқа темір тұлпарыңыз дайын ба? Жазғы дөңгелекті шешіп, қысқыға ауыстырдыңыз ба?

«Қамдансаң қапы қалмайсың» дегендей, қысқа ертерек дайындалу артықтық етпейді. Кей адамдар уақыт тақалғанда әрекет ететіні тағы бар. Тек дөңгелек ауыс­тырумен шектелмей көліктің қозғалтқышын тексеру де қауіпсіздіктің кепілі. Күн суытқанда автокөліктің аккумуляторына қо­сымша жүк түсетіні анық. Сондай-ақ майын ауыстыру да сенімділікті арттырады. Одан бөлек көліктің пешіне де мән беріп, жөндейтін жерін қапыда қалдырмау керек. Аязды күнге сақадай сай болу үшін өзің қысқа дайындалғандай, көлікті де дайындау қажет. Бұл ең алдымен қыс мезгіліндегі келеңсіз жағдайлардың алдын алып, қауіпсіздік пен сенімділікті нығайтады.


Қазақстан Республикасының заңна­ма­сына сәйкес, 1 желтоқсаннан 1 нау­рызға дейін көлік міндетті түрде қысқы дөңгелекпен жүруі тиіс. Егер де бұл талапты елемеген жағдайда жүргізушілер 5 АЕК көлемінде, шамамен 19 660 теңге айыппұл арқалайды. Заңбұзушылық қайта тіркелсе, айыппұл көлемі 20 АЕК, яғни 78 640 теңгені құрайды. Сондықтан жазғы дөңгелекті ауыстыру өте маңызды. Қысқы дөңгелектің де сақтандырылған арнайы түрі салыну керек. Яғни, қысқы дөңгелектің «M+S» немесе қар таңбасы барын пайдаланған абзал.

Осы тұста шағын кәсібін дөңгелетіп, ауданның біршама тұрғынына қол ұшын созып, дөңгелек ауыстырып, үрлеу жұмыстарын жүргізетін Рүстембек Исабекұлы маман ретінде пікірін айтып өтті.

– Қазіргі таңда қысқы дөңгелек те қымбаттаған. Нарықтағы бағасы ұшып тұр. Жеңіл көліктердікі шамамен 20 мың теңгеден басталады. Орташа баға 60-80 мың теңгені құрайды. Төрт дөңгелекті бірдей ауыс­тыруды кей жүргізушінің қалтасы көтермейтіні анық. Кәсіпкерлер бағаны көтермей, халыққа тиімді етуі керек. Осы салада келе жатқаныма 19 жылдан асты. Бұрындары дөңгелек қана ауыстырмай, көлікке қатысты қандай мәселе бар, соның барлығын жөндеп, реттей беретін едім. Қазір зейнеттік жасқа таяғаннан кейін тек дөңгелек ауыстырып, үрлеп беру жұмыстарын ғана жасаймын. Менің мақсатым халықтың қалтасына ауыртпалық түспесе болғаны. Басқа кіші кәсіп иелері төрт дөңгелекті 5000 теңгеге ауыстырып берсе, мен 3500 теңгеге істеп беремін. Әзірге қысқы дөңгелек салдыруға күніне 1-2 көлік келеді. Негізі мезгілімен ертерек ауыс­тырып алған абзал. Өйткені жазғы дөңгелек +5 оС-тан төмен температурада шыдамдылығын жоғалтып, қатып қалады. Ондай кезде жолда сенімділік жоқ. Сондықтан жазғы дөңгелекті ертерек, күн суытпай ауыстырып алған жөн. Мұндай көліктің дөңгелегін ауыстыру сияқты шағын кәсіппен айналысатын жастарды қолдап, қосымша мемлекеттен көмек көрсетіп, кәсібін жандандыруға қол ұшын созу керек, – дейді сала маманы.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

25 қараша 2025 ж. 67 0