Тұрғындар тілегі – билік назарында
Әкімдердің ел алдында есеп беруі – атқарылған жұмыстарды тиісті деңгейде бағалап, алдағы міндеттерді айқындауға негізгі мүмкіндік. Жыл қорытындысына орай аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кезекті кездесулері басталып кетті. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдық округтерінен бастау алған кездесулер Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі елдімекендерінде жалғасты.Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауданға қарасты ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті. Кездесулерге «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау, бөлім, мекеме басшылары мен бұқаралық ақпарат құралы өкілдері қатысты. Өз кезегінде аудан әкімі Мемлекет басшысының Сыр өңіріне сапары, өңірде, ауданда атқарылып жатқан игі істерді айтып өтті.
– Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келіп, «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалымен танысудан бастап, бірнеше әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарында болды. Мемлекет басшысы Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылордада ашылатындығын жеткізді. Мұны облыс жұртшылығы үлкен қуанышпен қабыл алды. Президентіміз Сыр өңірінің даму қарқынына, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Биыл облысымыздың бюджеті 851 млрд 300 млн теңгеден асты. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 720 млрд теңгеге жетті. Облыста соңғы үш жылда білім беру саласына 812 млрд 245 млн теңге бөлінді. 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектептің жанынан қосымша ғимараттар бой көтерді. Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақта 6900 орындық 10 мектеп іске қосылды. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты ашылды. 11 млрд теңгеге «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы пайдалануға берілді. «ҚазМұнайгаз» ҰК демеушілігімен Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі оқушылар сарайы ашылды. Демеушілікпен 4 млрд 800 млн теңгеге музыкалық колледждің жаңа 450 орындық оқу ғимараты мен 200 орындық жатақханасы өнерлі өрендердің игілігіне табыс етілді. Облыс орталығында 5 млрд 200 млн теңгеге кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтардың «құзыреттілік орталығы» ғимаратының құрылысы басталды. Президентіміздің Катар еліне жасаған жұмыс сапары аясында Оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд теңгеге бу-газ қондырғысы аудан аумағында салынатын болады. Бұл мегажоба ауданымыз үшін өте маңызды. Жоба толығымен іске асқанда, аудан экономикасының дамуына үлкен серпін береді, – деді аудан басшысы.
Ауылдық клуб үйлерінде өткен еркін форматтағы кездесуде ауыл тұрғындары аудан басшысымен сұхбат құрып, көкейдегі сауалдарын, ұсыныстарын жеткізді. Әдетте ұсыныс-пікірлердің басым бөлігі аяқсу, газдандыру, жол жөндеу, медициналық пункт пен жедел жәрдем жұмысын жандандыруға байланысты болды. Өз кезегінде аудан әкімі ұсыныс-пікірлердің ескерілетінін айтып, сала мамандарына тапсырма жүктеді.
Айта кетейік, бүгінде ауылдарда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып, халық тұрмысын жеңілдету жолында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ











