Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос тойың қабат: берекелі ауданда – мерейлі мереке

Қос тойың қабат: берекелі ауданда – мерейлі мереке

Аудан жұртшылығы берекелі мереке «Алтын күз» тойын думандатты. «Қос тойың қабат келсін» дегендей, Республика күнімен тұспа тұс келген молшылық мерекесі қазақтың көрнекті ақыны Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдық мерейтойымен жалғас тапты.

Ең ал­дымен Рес­публика күні ме­рекесіне орай салтанатты түрде Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, зиялы қауым, мекеме қызметкерлері қатысты. Рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалып, Мемлекеттік Ту биікке көтерілді. Іс-шарада аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің басты құндылықтарының бірі – Тудың тәуелсіздік, бірлік және елдік рухтың символы екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды Рес­публика күнімен құттықтап, ел игілігі жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.
Салтанатты жиын орталық ста­дионда жал­ғасын тауып, оған облыс әкімі­нің орын­басары Ардақ Зебешев, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, мәс­лихат депутаттары, мекеме басшылары, ардагерлер, шаруа­шы­лық төрағалары мен аудан меймандары және тұрғындары қатысты. Іс-шара ба­рысында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев құттықтау сөз сөйлеп, барша жұртшылықты мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ел бірлігі мен ынтымағының маңыздылығына тоқталып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізіп, ауданның дамуына зор үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.


– «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген керемет сөз бар. Еңбек адамдарына құрмет қашан да жоғары. Биыл Сырдария ауданында 33 145 гектар жерге егін егілсе, оның 19 950 гектары – күріш дақылы. Биыл аудан еңбек­керлері күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім алды. Қамбаға 122 мың тонна астық жиналды. Ал жыл басынан бергі тоғыз айда ауданда 20 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Осындай толайым табыспен келе жатқан Сырдария ауданы кешегі «Алтын күз» мерекесінде облыс бойынша «Егін шаруашылығы бойынша озат аудан» атанды, – деді облыс әкімінің орынбасары.


Іс-шара барысында аудан әкімі Берік Сәрменбаев сөз сөйлеп, жұртшылықты мерекемен құттықтады. Мерекелік концертте ауданның белсенді азаматтары мен түрлі сала қызметкерлеріне облыс және аудан әкімінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты» және еңбек адамдарына медальдар табысталды. Салтанатты іс-шарада ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен озаттары марапат тұғырынан көрінді. Сондай-ақ Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдық мерейтойы аясында өткен ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Айта кетейік, молшылық мерекесінде аудан еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін, игі істерін бұқаралық ақпарат құралдарында ұдайы жариялап отыруға ықпал еткен әріптесіміз Балтабай Аябекұлы «Үздік газет тілшісі» номинациясымен марапатталды.

Мерекелік іс-шара ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен қабат болды. Орталық стадион аумағында ұлттық нақыштағы алтыбақандар, сәндік безендірулер мен фотозоналар орнатылып, тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балаларға арналған ойын­дар, қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтар көтеріңкі көңіл-күйде болды. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне кент және ауылдық округтерден барлығы 23 тонна ақ күріш, 22 тонна жем, 15,5 тонна картоп, 21 тонна жуа, 8 тонна сәбіз, 13 тонна асқабақ, 1 тонна қырыққабат, 350 литр сүт, айран, қымыз, 1 тонна балық, 1,5 тонна сиыр, жылқы еті, 24 тонна қауын, 23 тонна қарбыз, 540 келі қызылша, 240 келі қызанақ, қияр, 900 келі алма, 700 келі жиде, 355 литр тосап пен салат, 545 литр бал, 5 көлік жоңышқа, қамыс пресс шөбі, қосымша нан өнімдері, 41 көлікпен 30 түрінен барлығы 108 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әкелініп, нарық бағасынан төмен саудаланды.



Республика күні мен Ұлбике Жанкелді­қызының 200 жылдық мерейтойы аудан өміріндегі айшықты мереке ретінде есте қалды. Мерекеде аудан өнерпаздары халыққа өнерін паш етіп, мерекені жоғары көңіл-күймен атап өтті. Сондай-ақ ақын Ұлбике Жанкелдіқызының өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-музыкалық композициялар көрерменнің ықыласына бөленді.

Көрнекті ақын Ұлбике Жанкелді­қызының 200 жылдығына арналған іс-шара­лар легі «Руханият орталығындағы» мәні мен маңызы терең рухани-таным­дық конференциямен жалғасын тапты. «Таңдайында өлеңнің ұясы бар» тақы­рыбын арқау еткен конференцияға Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев, Сырдария және Қармақшы аудан­дарының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Жақай Бодықбаев, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы Өзбекстан бөлімі­нің төрағасы, қоғам қайраткері Хамза Қалмұратов, Мемлекет және қоғам қай­раткері Рахымберген Тоқсейітов, зиялы қауым арнайы қатысты. Конференцияны аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы ашып, жүргізіп отырды.


– Баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі мереке аясында айтыс өнерінің хас шебері Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдық мерей­тойы кең көлемде аталып өтілуде. Ауданымызға Өзбекстан мемлекетінен, рес­­публикамыздың түкпір-түкпірінен мей­ман­дар келуде. Жезтаңдай әнші, дәу­лескер домбырашы, айтыс өнерінің хас шебері атанған Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтілуде. Оның ішінде, туған жері – Сырдария ауданында жыл көлемінде рухани-танымдық іс-шара­лар ұйымдастырылуда. Жылдың басында аудан орталығында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған рес­публикалық ақындар айтысы өткізілді. Айтыскер ақындарымыз қазақтың даңқ­ты ақын қызын жырға қосып, өшпес өнерін дәріптеді. Одан кейін де ауданымызда танымдық іс-шаралар көптеп ұйым­дастырылып, бүгінгі ауқымды іс-шарамен жалғасын табуда, – деген аудан әкімі көрнекті ақын, қайым айтыстың хас шебері Ұлбике Жанкелдіқызының өмірбаянына тоқталды.

Одан кейін сөз кезегі құрметті қонақтарға беріліп, өз кезегінде белгілі профессор, қоғам қайраткерлері ақын туралы тың дерекпен, оң пікірмен бөлісіп, ойларын ортаға салды.

– Қазақ зиялысы Мұхтар Әуезов «Жақсы ақын өз өмірбаянын өлеңмен жазып қалдырады» деп айтқандай, небәрі 24 жылдық ғұмырын ақын қыз шығар­машылығында бейнелеген. Өз өлеңінде дарын иесі он екі жасқа дейін сөйлемей, тілі өлеңмен шыққанын айтады. Бұл туралы ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеген Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Ұлбике өмірінде қара сөз сөйлемеген, біреуге жауап берсе де, біреуге әңгіме айтса да өлеңмен толғаған. Осы себепті көзінің тірісінде-ақ жұрт: «Ұлбикенің таңдайында өлеңнің ұясы бар» деп аңыз еткен» деп жазған. Ұлбике – төкпе ақын, табанда суы­рып сөз айтатын ақындардың қатарынан болған. Бізге жеткен аз ғана мұрасынан соны аңғаруға болады. Тағдырлы ақын өз талантымен айтыскерлерге ұтқыр жауап беріп, таң қалдырып отырған. Оны Ұлбике ақынның Күдері қожамен, Жанкелмен, Таспақожамен, Мәде­лімен айтыс­тарынан анық білуге болады, – деді Жақай Серікұлы.

Одан кейін конференцияға қаты­су­шы­лар өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Ру­­ха­ни-танымдық конференция барысында Ұлбике ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы көп мәлімет айтылды.

Сондай-ақ ақжолтай жаңалық көп­шілікке ұсы­нылып, халықаралық, рес­пуб­­ликалық айтыс­тардың жеңімпазы, «Сер­пер» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Нұрмат Мансұрдың авторлығымен шыққан кітаптың тұсаукесері өтті. Сырдария ауданынан шыққан айтыскер ақындардың, оның ішінде Ұлбике Жанкелдіқызының айтыстары жинақталған құнды кітап «Жырдария» атауымен ойлы оқырманына жол тартты. Өз кезегінде Нұрмат Абдоллаұлы сөз сөйлеп, одан кейін көпшілік жаңа кітаптың тұсаукесеріне куә болды. Зиялы қауым өкілдері ойлы оқырманның олжасына құнды кітап қосылғанына ризашылық білдіріп, ақ тілектерін арнады. Осылайша Сырдария ауданында атаулы мерекелер жоғары дәрежеде атап өтілді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
(Сурет Нұрасыл ЕСЕНГЕЛДІ)

29 қазан 2025 ж. 182 0