Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 газет

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 газет

29 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Сұранысы биік Сырдың өнімі

Сұранысы биік Сырдың өнімі

Жылдағы дәстүрге сай облыс орталығында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, аудан диқандары да өз тауарларын қала халқына арзан әрі қолжетімді бағада ұсынды. Сұранысқа ие Сырдарияның өнімін тұтынушылардың қарасы биыл да қалың болды. Аудан еңбеккерлерін молшылық мерекесіне аудан әкімі Берік Сәрменбаев бастап барды.

Күріштен тау тұрғызған астықты өңір халқы берекелі шаққа мерекелі көңіл-күймен жетіп отыр. Атап айтар болсақ, биыл ауданда 33145 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 19950 гектар, жаздық бидай 2000 гектар, арпа 40 гектар, мақсары 600 гектар, күнбағыс 150 гектар, жаңа жоңышқа 2200 гектар, ескі жоңышқа 7400 гектар және картоп, көкөніс, бақша өнімдері 805 гектарды құрайды. Биылғы жылдың егісіне 6303 тонна күріш тұқымы себілген. Оның ішінде «Лидер», «Маршал», «Янтарь», «Каурис», «Яхонт», «Айсара» сорты бар. Шаруашылық құрылымдары жоңышқа дақылының 6455 гектарынан 20010 тонна мал азықтық шөп жинап, орта өнімі 31 центнерден келді. Биылғы егілген жаңа жоңышқадан 1100 тонна шөп жиналып, барлығы 21110 тонна малазықтық шөп жиналды. Егілген 2000 гектар бидайдан 1270 тонна, 40 гектар арпадан 2 тонна, 600 гектар мақсарыдан 144 тонна және 150 гектар күнбағыстан 3 тонна өнім алынды. Күзгі егін жинау науқанына 894 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысқан. Ауданда егілген негізгі дақыл күріш ору, бастыру жұмысы қарқынды жүріп, күріш дақылының 19950 гектары орылып, 121 695 тонна астық жиналған. Орта өнім әр гектарына 61 центнерден келіп, диқандар мерейін үстем болды. Еселі еңбектің нәтижесінде Сырдария ауданы облыстық «Алтын күз – 2025» мерекесінде «Егін шаруашылығы саласы бойынша Озат аудан» атанған болатын.

Мерейлі мереке қарсаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеде Сырдария ауданының өнімі облыстағы «Тағзым» алаңында орналасып, қала тұрғындарына ұсынылды. Жәрмеңкеде ауданның барлық ауылдарынан әкелінген таза әрі сапалы азық-түлік пен бақша өнімдері қала тұрғындарына қолжетімді бағамен сатылды. Сауда сөрелеріне 70 тонна күріш, 39 тонна жем, 47 тонна картоп, 32 тонна жуа, 11 тонна сәбіз, 22 тонна асқабақ, 1 тонна қырыққабат, 500 литр сүт өнімі, 6 көлік шөп, 5 тонна балық, 2 тонна жылқы және сиыр еті, 56 тонна қауын-қарбыз, 0,5 тонна бал, 0,5 тонна қызылша, 0,5 тонна қызанақ пен қияр, 1,5 тонна алма, 0,7 тонна жиде жеткізілді. Барлығы 61 көлік өнім саудаға шығарылды.

Қазақ атауының қайтарылғанына және қаланың астана болғанына 100 жыл толуына орай, сондай-ақ «Қала күні» қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға облы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жәрмеңкеде ұсынылған өнімдермен танысты. Өңір басшысы аудан диқандарының еңбегін жоғары бағалап, олардың ауыл шаруашылығын дамытуға қосып отырған үлесін атап өтті.

Жәрмеңке барысында тұрғындар мен балалар үшін түрлі қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды. Арнайы балаларға арналған ойын алаңы жасақталып, қолөнер бұйымдары қойылған көрме өтті. Келушілер ұлттық нақыштағы композицияларды, жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттыру үшін алтыбақан құрылып, жастар мен балалар ұлттық ойындарға белсене қатысты. Киіз үйлер тігіліп, келген қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.

Алаштың анасына айналған Сыр диқандары алажаздай еңбек етіп, күз мезгілінде тоқшылықтың то­йын думандатады. Жер-Анадан ризығы мен несібесін молынан терген еңбеккерлер ауылшаруашылығы өнімдерімен көпшілікті қамтамасыз етіп, ризашылыққа бөленуде. Айта кетейік, кеше «Руханият орталығында» облыстық «Алтын күз» жәрмеңкесіне атсалысқан бірқатар аудан азаматы арнайы алғысқа ие болды.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
21 қазан 2025 ж. 146 0