Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№77 газет

11 қазан 2025 ж.

№ 76 газет

07 қазан 2025 ж.

№ 75 газет

04 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Егін науқаны аяқталуға жақын

Егін науқаны аяқталуға жақын

Тамыздың соңғы күндері басталған егін жинау науқаны қазанның алғашқы онкүндігінде аяқталуға жақын. Сырдария ауданы бойынша қамбаға астық толтырған шаруа­лар күзгі жиын-терімді тәмамдап, алажаздай еткен еңбектің өтеуін еселеп алуда. Күн суыта бастаған сәттен егістік басындағы қарбалас тіршілік саябырсып, ауыр техниканың жүрісі азайған. Сырдың басты дақылы күрішпен бірге бақша өнімін жерге еккен көпшілік молшылық мерекесіне дайындық үстінде.

Осы жылы аудан бойынша 33145 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріштің көлемі 19950, жаздық бидай 2000, арпа 40, мақсары 600, күнбағыс 150, жаңа жоңышқа 2200, ескі жоңышқа 7400 және картоп, көкөніс, бақша 805 гектарды құрайды. Жалпы шаруалар су тапшылығына қарамастан, мол өнім алу­ға үмітті болды. Дегенмен, межелі жос­парды орындау ба­рысында олар ешбір аянып қалмады. Білік­тілік пен нағыз шеберліктің арқасында аудандағы аграрлық саланың көші ілгері жүрді. Қиындықтан мүдірмей шыққан шаруашылықтар ұтымды әрі тиімді бағытты ұстанып, өткен жылмен салыстырмалы түрде қарқынды бәсеңдетпеуге тырысты.

– Биылғы жылдың егісіне 6303 тонна күріш тұқымы себілді. Атап айтқанда, «Лидер» 11121, «Маршал» 3151, «Янтарь» 2790, «Каурис» 1731, «Яхонт» 1117, «Айсара» 40 гектарға себілді. 17000 гектар күріш дақылын тыңайтқыштармен үстеп қоректендіріліп, арам­шөптерге қарсы 18500 гектар көлемге химиялық өңдеу жұмысы жүргізілді. Шаруашылық құрылымы жоңышқа дақылының 6455 гектарынан үш орым арқылы 20010 тонна малазықтық шөп жинап, орта өнімі 31 центнерден келді. Жалпы 2000 гектар бидайдан 1270 тонна, 40 гектар арпадан 2,0 тонна, 600 гектар мақсарыдан 144 тонна, 150 гектар күнбағыстан 3 тонна өнім алынды. Күзгі егін жинау науқанына барлығы – 894 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Оның ішінде, 170 комбайн, 91 жатка, 376 трактор, 194 трактор тіркемесі, 63 тасымал автокөлігі бар. Айта кетейік, күзгі егін жинау жұмысына қажетті 2730 тонна жанар-жағармай бөлінді. Дизель отынын жеткізіп беруші оператор «Жібек жолы ЛТД», «РК Мұнай» ЖШС-гі дизель отынының әр литрін 254 теңгеден шаруашылық құ­рылымдарына тасымалдау қыз­метін ұйымдастырды, – деді аудандық ауыл шар­уашылығы және жер қа­тынастары бөлімінің бас­шысы Қанат Нұрсейітов.

Негізінен, аудан бойынша егілген негізгі дақыл күрішті ору, бастыру жұмысы қарқынды жүр­гізілуде. Күріш дақылының 19950 гектары жүз пайыз орылып, 19030 гектары бастырылып, 95,4 пайызға жетті. Ал 112277 тонна астық жиналып, орта өнім әр гектарына 59 центнерден келуде. Аудан диқандары егінді ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін толық аяқтауды межелеп отыр.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
11 қазан 2025 ж. 234 0