Сырдария – «Озат аудан»

Кеше облыстағы «Өнер орталығында» диқандардың алажаздайғы еңбегі қорытындыланып, мерекелік салтанат болып өтті. Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбегін бағалау, жыл қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттау және еңбек адамын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ғалымдар, өнер майталмандары, республиканың барлық өңірінен келген облыстық мәслихат төрағалары арнайы қатысты. Мерекелік жиын барысында ауыл шаруашылығы саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген аудан, шаруашылық және еңбек озаттарына Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Сырдария ауданы жылдағыдай биыл да мол өнімге қол жеткізіп, үздік көрсеткішке қол жеткізді. «Егін шаруашылығы саласы бойынша Озат аудан» номинациясы аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа табысталды.
Бұл жетістік – аудан еңбеккерлерінің табанды еңбегі мен ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы – тұрақты даму жолында. Нақтырақ айтар болсақ, биыл ауданда 33145 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 19950 гектар, жаздық бидай 2000 гектар, арпа 40 гектар, мақсары 600 гектар, күнбағыс 150 гектар, жаңа жоңышқа 2200 гектар, ескі жоңышқа 7400 гектар және картоп, көкөніс, бақша өнімдері 805 гектарды құрайды. Биылғы жылдың егісіне 6303 тонна күріш тұқымы себілген. Атап айтқанда, «Лидер», «Маршал», «Янтарь», «Каурис», «Яхонт», «Айсара» сорты бар. Шаруашылық құрылымдары жоңышқа дақылының 6455 гектарынан 20 010 тонна малазықтық шөп жинап, орта өнімі 31 центнерден келді. Биылғы егілген жаңа жоңышқадан 1100 тонна шөп жиналып, барлығы 21110 тонна малазықтық шөп жиналды. Егілген 2000 гектар бидайдан 1270 тонна, 40 гектар арпадан 2 тонна, 600 гектар мақсарыдан 144 тонна және 150 гектар күнбағыстан 3 тонна өнім алынды. Күзгі егін жинау науқанына 894 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысқан. Ауданда егілген негізгі дақыл – күріш ору, бастыру жұмысы қарқынды жүріп, күріш дақылының 19950 гектары орылып, 121 695 тонна астық жиналған. Орта өнім әр гектарына 61 центнерден келіп, диқандар мерейін үстем етті.
Сырдың елі, жырдың елі, ақ күріштің отауы атанған Сыр өңірінде молшылық мерекесі осылай жалғасын тапты. Айта кетейік, облыстың күрішшілері биылғы жылы 470 мың тоннаға жуық Сыр маржанын жинап, оның әр гектарынан 58,1 центнерден өнім алды. Сыр маржанын төкпей-шашпай жинап алуда диқандар қауымы ауызбірлікпен жұмыла еңбек етіп, қамбаны дәнге толтырды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ