Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№77 газет

11 қазан 2025 ж.

№ 76 газет

07 қазан 2025 ж.

№ 75 газет

04 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Қоғамдық кеңес – қоғамдық сенім бастауы

Қоғамдық кеңес – қоғамдық сенім бастауы

Әділетті Қазақстанды құру – бәріміздің ортақ ісіміз. Бұл ретте қоғамдық кеңестер жұмысы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үйлесім тауып отыр. Жалпы айтқанда, қоғамдық кеңестер – мемлекет пен қоғамды байланыстырушы көпірдің біріне айналған.

Президент әркез жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, соның ішінде қоғам­дық кеңестердің қызметіне айрықша назар аудару қажеттігін айтып келеді. Елімізде азаматтық белсенділікті жандандыру, мемлекет пен қоғамның саналы серіктестігіне жол ашу мақсатында құрылған қоғамдық кеңестер жұмыс істейді.

Сырдария аудандық қоғамдық кеңесі әркез халық үніне құлақ асып, бірқатар ауқымды мәселелердің оңтайлы шешілуіне өз үлесін қосып келеді. Қоғамдық кеңес мүшелері алдында ауданымыздың алымды аяқ алысы, маңызды мәселелері күн тәртібінде тұрады. Бүгінде аудандағы кеңес құрамында он бес мүше бар. Олар қоғамда белсенді, жан-жақты білімді азаматтар. Ал Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы – Еспенбетов Маратбек Нағимұлы.

– Қоғамдық кеңестің негізгі міндеті – азаматтық қоғамның маңызды мәсе­лелері бойынша пікір білдіру. Қоғамдық кеңес­тің орасан зор әлеуетке ие екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында да айтып өткен болатын. Бүгінде қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның құрылымына еніп үлгерді. Қоғамдық кеңес институты мемлекет пен қоғамның мүддесін тікелей байланыстырушы ретінде қаралады. Бұл ретте кеңес мүшелерімен бірігіп, жоспарға сәйкес бірқатар жұмысты жүзеге асырып келеміз. Биылдыққа қоғамдық кеңестің 16 жоспарлы отырысы өткізілген болатын. Онда аудан тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер ететін сала бо­йынша есеп тыңдалды, мәселе қаралды, – дейді Сырдария аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов.

Қоғамдық кеңес Қазақстан Респуб­лика­сының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес өз жұмысын жүзеге асырады. Бұған дейін де талай түйткілді тарқатуға септігін тигізген кеңес мүшелері бірлесе отырып, маңызды шешімдерге ықпал етуге тырысады.

Атап айтар болсақ, жыл басында қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидат­тармен әңгімелесу өткізіліп, кеңес мүше­лері нақтыланған. Одан кейінгі кезекте ауданның бюджеті мен әл-ахуалын айқын­дау мақсатында отырыс өткізіліп, онда аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетовтің, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Есмағанбетованың есебі тыңдалған. Қоғамдық кеңестің әрбір отырысына кеңес мүшелері түгел қатысып, күн тәртібіндегі мәселелерге аса мән беретінін айта кету орынды. Сондай-ақ жыл басында «Қоғамдық кеңестің жылдық жоспарын бекіту» туралы отырыс міндетті түрде өтеді. Онда жыл бойына атқарылуы тиіс жұмыс пысықталып, кеңес мүшелері өз пікірін ортаға салады. Одан беріде Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің ұйытқы болуымен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін белгілеу туралы, аудандық аурухананың медициналық қызмет көрсету сапасының деңгейі туралы, мәдени іс-шаралар мен нысандардың жай-күйіне қатысты жоспарлы жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар қоғамдық кеңес жеке азаматтардың да мәселесіне назар салып, жеке қабылдау өткізіп тұрады. Және кеңес мүшелері білім саласы, құрылыс, әлеуметтік сала, спорт, құқық қорғау салалары бойынша да кеңес отырысын өткізіп, өз кезегінде бірқатар түйткілді мәселені қозғап, нәтижеге қол жеткізгенін атап өту орынды. Ал елді мекендерге жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша арнайы отырыс өткізіліп, талқыланатынын да айта кету жөн.

– Қоғамдық кеңес мемлекеттік орган­дардың қоғам алдында ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындардың ұсыныс-тілегін ескере отырып, маңызды шешімдер қабылдануына ықпал етеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қай сала болса да бәрібір, маңыздысы – нәтижеге жұмыс істеу. Қарапайым сөзбен айтқанда, қоғамдық кеңестер – халық пен билік арасындағы көпір. Ал енді биылдыққа атқарылған жұмыстар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Алдағы уақытта да атқарылатын жұмыс ауқымды. Жыл соңына дейін шешімін табар бірнеше жоспарымыз бар. Жалпы қоғамдық кеңес мүшелері қай істе де мемлекеттің алға жылжуын, қоғамның келісті қызметін жүзеге асыруға талпынады, – дейді Сырдария аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов.

Қоғамдық кеңестердің қазіргі кезеңде басқарудың ашық және жауапты жүйесін қалыптастыруда мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен өзара белсенді іс-қимыл жасауы маңызды. Кеңес мүшелерінің жүргізген жұмысы әркез халықтың – көз алдында. Бұл орайда Сырдария аудандық қоғамдық кеңесі әлі де талай маңызды түйткілді тарқатуға үлес қосып, халық үнін билікке жеткізуде мықты көпірге айналады деген сенімдеміз.

Фото: ашық дереккөз

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

11 қазан 2025 ж. 186 0