Игілікті бастама – жергілікті халыққа
Айдарлы ауылында жақында газ құю бекеті ашылды. Жеке кәсіпкер Қанат Жармағанбетов аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекеннен газ құю бекетін ашуды мақсат тұтқан. Бұған дейін сан салада қызмет етіп, тәжірибе жинақтаған Қанат Ертайұлының бір істі бастаса, соңына дейін жеткізетінін жақсы білеміз. Айдарлы ауылынан бөлек, Бесарықта кәсіптің осы түрін жүргізіп отырған оның алдағы мақсаты – жеке бизнесін кеңейту екені анық.Осы күнге дейін айдарлылықтар арнайы балон мен автокөлікке қажетті газды толтыру үшін Қызылорда қаласына баратын еді. Талай жыл артығымен балонды алып қоятын көпшілікке бұл жаңалық – ерекше болды. «Ұлықбек» ЖК-нің иесі Қанат Жармағанбетов арнайы белгіленген жерді сатып алып, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін де ескерген. Қазіргі уақытта газ құю бекетінің жұмысын жүргізіп отыратын 3 маманды жұмысқа қабылдаған. Олардың айлық жалақысы мен әлеуметтік төлемін толықтай қамтамасыз етіп отыр.
– Елімізде жеке кәсіппен айналысамын деген жандарға барлық мүмкіндік қарастырылған. Бизнесімді бастамас бұрын жобамызды толыққанды зерттеген едік. Осылайша, ауылдан газ құю бекетін ашып, Қызылорда газ мекемесімен арнайы келісімшартқа отырдық. Тасымалдау қызметінің де барлық жолын қарастырдық. Бүгінде ауылда газдың бір литрі 102 теңгеден сатылымда. Сұранысқа сай күнделікті тауарды жеткізіп отырамыз. Алдағы уақытта Айдарлы мен Бесарықтан басқа Шиелінің Ботабай ауылынан ашу жоспарда бар, – дейді Қанат Ертайұлы.
Шағын кәсіпкерліктің өрісін кеңейткен бизнес иесі әрқашан кәсібін әртараптандыруға мүдделі.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ











