Түркістан облысында тәулігіне 2000 аяқ киім өндіретін цех ашылды
Түркістан облысы Жетісай ауданында аяқ киім шығаратын цех ашылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы инвестициялық құны – 300 мың АҚШ доллары. Мұнда тәулігіне 6 түрлі 2 000 дана аяқ киім шығарылады. Жұмыс істеп келе жатқанына 3 ай болған «Ұлықбек» жеке кәсіпкерлігінің иесі Ұлықбек Әбдіраманов цехты ашу ісінде мемлекеттік қолдау тапқан.
«Мен бұған дейін шамамен 10 жылдай аяқ киім сатумен айналысып келдім. Сол кезде жеке цех ашып алсам деген ой келді. Бүгінде соның сәті түсіп жаңадан іс бастап отырмыз. Жылдың мезгіліне байланысты аяқкиімнің бірнеше түрін өндіріледі. Өнімге деген сұраныс жоғары. Жергілікті әкімдік және кәсіпкерлік бөліміне ризашылығымды білдіргім келеді. Осы жобаны жүзеге асуына қолдау көрсетіп, қажетті жер бөліп берді», – деді мекеме басшысы.
Цехта 20 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Қажетті шикізат Қытай, Өзбекстан елдерінен тасымалданады. Дайын өнім еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтілуде. Кәсіпкердің ендігі жоспары мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті пайдаланып, кәсіптің өрісін кеңейту.
egemen.kz