Қызылорда диалог алаңына айналды
Өткен аптаның жұмасында облыс көлемінде ауқымды бірнеше іс-шара өткізілді. Ең алдымен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай облыс активімен кездесті. Одан кейін Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы өтіп, жиынды мәртебелі қонақтар өзара пікір алмасатын диалог алаңына айналдырды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов қатысқан болатын.Сонымен қатар «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» атты азаматтық форум өз жұмысын бастап, күні бойы сарапшылар мен сала мамандары, құрметті қонақтар өзекті мәселелерді талқылады. Расында, аймағымызда бір күнде қос форумның өтуі – үлкен мәртебе. Ең алдымен, Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумында мемлекеттік қызметшілердің қоғам өміріндегі рөлі айшықталып, қызметтік бағыты, заң аясында атқарылатын жұмыстар легі нақтыланды. Форумда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет екенін айтып, маңызды бастамаларға тоқталды. Өз кезегінде Наурызбай Байқадамов «Мемлекеттік қызметшілерді адамдардың құқыққа қайшы әрекеттерінен қорғау», Азамат Жолманов «Мемлекеттік қызметтің құндылықтары: Антқа адалдық» тақырыбында баяндама жасады.
Айта кетейік, «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» атты азаматтық форумының секциялық отырыстары Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов және Бесарық ауылында жалғасын тауып, негізгі отырыстың алдында форум делегаты озық ойларды ортаға салды. Қос ауылда өткізілген отырыста ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешу, халықтың өмір сапасын жақсарту, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету бағытындағы іс-шараларды іске асыру мәселелері қаралды. Расында, ел халқының басым бөлігі ауылда тұратыны жасырын емес. Мұндайда ауылды дамытуды көздеген жобалар мен бағдарламалардың тиімділігін арттыру да назардан тыс қалмады. Төртінші деңгейлі бюджетті бақылау арқылы жұмыс жүргізу мәселесі де форумның басты тақырыбына айналды.
Облыс орталығында түйінделген форум жұмысында облыс әкімі сөз сөйлеп, келелі жиынның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінде еліміздің дамуын айқындайтын көрсеткіштердің бірі – азаматтық сектор. Мемлекеттің табыстылығы үкіметтік емес ұйымдардың жемісті әрі тиімді қызметіне тікелей байланысты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп атап өткен болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аймағымызда 15 қоғамдық ұйым болса, бүгінде олардың қатары мыңға жуықтады. Оның 300-і өңіріміздің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне белсенді араласуда. Бұл қоғамда азаматтық жауапкершілік пен белсенділіктің артқанын айқын көрсетеді. Барлық ауданда үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестер, жүзеге асырылатын жобалардың тиімділігі мен өзектілігін бағалайтын сарапшылық топтар жұмыс істейді. Әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялардың жұмысына 190 үкіметтік емес ұйым өкілі белсенді қатысады. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғам институттарына қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. 2023-2025 жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бюджеттен 3 млрд 684 млн теңге қаражат бөлініп, 427 әлеуметтік жоба іске асырылуда, 3 мың адам жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жобалардың 200-ге жуығы ауыл тұрғындарының қатысуымен ұйымдастырылды. Басым бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуге, қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтуға, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған. Қоғамдық қауымдастықтың көшбасшылары ретінде бәріңізді Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құру жолында халықтың бірлігін арттыруға, егемен еліміздің жарқын болашағына бірлесе қызмет етуге шақырамын! – деді Н.Нәлібаев.
Бұл ретте, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, Қазақстанның Азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Жанаргүл Әлжанова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, Орталық Азиядағы Еуразия қорының директоры Ринад Темірбеков, Қызылорда облыстық үкіметтік емес ұйымдардың Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден баяндама жасап, іс-шараның мән-мағынасын айшықтай түсті.
«Тт» ақпарат







