Ғылыми жоба қорғаудың тиімді жолы қарастырылды

Әдістемелік көмек пен сұрақ-жауап, пікір-таласқа негізделген іс-шараға аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұстафа Мамытов, химия ғылымдарының кандидаты Гүлжан Балықбаева, педагогика ғылымдарының магистрі Манат Парменова, Гүлфайруз Маханова, Гүлшат Оңғарбаева, география магистрі Сандуғаш Тәженова, жаратылыстану магистрі Гүлнұр Мұсағұлова шақырылды. Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейдің директоры Қалихан Омаров сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Ұстаз бен оқушыны ортақ байланыстыратын білім саласының негізгі тетігінің бірі – ғылми жоба дайындап, оны сәтті қорғау екені мәлім. Бұл тұрғыдан алғанда мектеп-лицей ұстаздарының тәжірибесі мол. Бұған дейін педагогикалық ұжым мүшелері оқушылармен бірге республикалық деңгейде жоғарғы орынға қол жеткізіп жүр. Бүгін сала мамандарымен тығыз байланыс орната білген аға оқытушылар әдістемелік көмек көрсетуге келді. Әрине білім сапасын арттыру бағытында ортақ пікір алмасып, әрбір оқытушының тәжірибесіне сүйенген абзал, – деді мектеп-лицей директоры.
Мектеп-лицей директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Жанна Сәркеева жыл көлемінде қорғалған жобалардың ауқымдылығына баса назар аударды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы Ләйлә Сағымбаева «Кептірілген жеміс чипстері» және жас ұстаз Айгүл Сүлейменова «Русский персонаж Иван Дурак и японский персонаж Наруто: Сходства и различия» тақырыбындағы жобасын таныстырып, құрылымдық ерекшелігін, зерттелу бағытын баяндады.
– Бізге көрсетілген қос жобаның ауқымдылығы жоғары. Мұғалім мен оқушының жан-жақты ізденісі көрініп тұр. Авторлық құқықты заңдастыру мәселесі назарда болған дұрыс. Іс-тәжірибемізде өзге біреу еңбегімізді көшіріп басып, өзінен қорғаған жағдай көптеп кездесті. Мұндайда патент алып, жоба жетекшісі өз құқығын қорғағаны дұрыс. Мектеп-лицей ұжымымен бірнеше жыл қатарынан жұмыс жасап келеміз. Үнемі әдістемелік көмек көрсетуге дайынбыз. Жоба дайындау барысында тың тақырыпқа көңіл бөлген дұрыс. Қазіргі уақытта заманауи технология даму үстінде. Барлық мүмкіндікті қарастырып, ауқымды жоба жасауға болады, – деді Гүлжан Балықбаева.
Пікірталас алаңына айналған жиында барлық аға оқытушы ғылыми жоба дайындауда жіберілетін кемшілікті тізбектеп, бағдарлы ізденіс жолындағы ескерілетін факторды атады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ