Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек адамының мерейі үстем болуы керек

Еңбек адамының мерейі үстем болуы керек

Дүйсенбі күні Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын Ақордада ыждағатпен тыңдағандардың қатарында болдым. Бұл – қырық жылдан астам өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнаған мен сияқты еңбек адамдары үшін зор мәртебе.

Жолдау – болашақ үшін бағдар болатын, жауап­кер­шілікті айқындап бере­тін саяси құжат. Одан туын­дайтын міндеттер орын­далуымен құнды. Прези­дент­­тің әрбір сөзі еліміздің даму жолына тірек бола алады. Соның ішінде біз се­кілді еңбек адамдарын баға­­лауы, қоғамдағы орны­мызды нығарлауы көңілімнен шықты.

– Елімізге кәсіби даяр­лығы жоғары, білікті жұмыс­шылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Сон­­дықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда. Жыл сайын мың­даған инженер, құрылысшы және ауыл шаруа­шылығы маманы оқуын бітіріп шы­ғады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр. Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді, – деді Мемлекет басшысы.

Иә, адал ақы, маңдай тердің өтеуіндей еңбек әркез бағалы болуы керек. Өзім жас кезімде ауыр техниканы да басқардым, егін басында бидай да, күріш те ектік. Ұзақ уақыт трактор тізгінінде болдым. Таңның атысынан күн­нің батысына дейін егістік басында тынбай еңбек еттік. Міне, сол үшін де басшылықтың ұсынысымен түрлі жоғары мара­пат иелендім. 2017 жылы Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2023 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орде­німен марапатталдым. Еңбектің елен­гені мерейіңді өсіреді. Мен қазір де жауап­кершілігі жоғары жұмыстан қол үзген жоқ­пын. Әлі күнге жастармен бірге аграрлық саланың жүгін көтеріп келемін.

Жолдауда Үкіметке экономиканың нақты саласында жұмыс істейтіндерге қажет­ті жағдай жасауды тапсырды. Президенттің «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Олар­ға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деуі еңбек адамдарын кө­тер­мелеу деп түсінемін.

Гүлсім ДӘРІБАЕВА,
«Ақмая» шаруа қожалығының бригадирі,
Шиелі ауданы

09 қыркүйек 2025 ж. 180 0