Мал басын көбейту мен асылдандыру мәселесі – партия назарында

«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы «Қарақоныс» шаруа қожалығында болып, шаруа қожалық иелерімен, малшылармен және сауыншылармен кездесті. Партиялық бақылау іс-шарасына аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Болатбек Ұлтанбекұлы, аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің маманы Айбек Қозыбаев қатысты.
– Биыл «Кеңдала», «Агробизнес», бағдарламалары бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы, «Сырдария-1» кредиттік серіктестіктері арқылы 15 шаруашылық құрылымдары егін және мал шаруашылығын дамытуға 3,5 млрд. теңге несие алғанын білеміз. Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешен саласындағы тәжірибесін алмасу бағдарламасы бойынша ауданда қуаттылығы 400 бастан бастап тауарлы сүт фермасын ашу жұмыстары қолға алынды. Жобаның бастапқы құны шамамен – 3,7 млрд теңге. Бұл жұмыстарға облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы ерекше қолдау білдіруде. Бұл қолдау – шаруаларға үлкен көмек. Сонымен қатар аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлының тапсырмасымен мал шаруашылығы саласын дамытуда кешенді жұмыстар атқарылуда. Әр бастамаға «AMANAT» партиясы қолдау білдіріп, атсалысуда. Біздің сайлауалды бағдарламадағы басым бағыттардың бірі – мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде мал басын көбейту мен асылдандыру мәселесін тұрақты назарда ұстау, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
«Қарақоныс» шаруа қожалығында бүгінде 200-ге жуық асыл тұқымды мүйізді ірі қара бар. Шаруа қожалығының жұмысшылары сиыр сүтін қала орталығы мен аудандағы дүкендерге сатуда. Сонымен қатар мал бордақылау жұмыстары да атқарылуда. Ата кәсіпті берекенің көзі деп тапқан «Қарақоныс» шаруа қожалығының басшысы Ерсін Қарақонысов мемлекеттік қолдаудың шарапаты жөнінде айтты. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы осынған кәсіпкерлікті дамыту жобаларының тиімділігін жоғары бағалады.
Өз кезегінде ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің маманы Айбек Қозыбаев былтырғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда мүйізді ірі қара 28,2 пайызға (38819 бас), жылқы 100,0 пайызға (28662 басқа), құс 3,6 пайызға (13419 басқа) өсіп, түйе 100,0 пайызға (1716 басқа) артқанын айтып өтті. Сондай-ақ ет өндірісі 3,3 % (1575,3 тонна), сүт өндірісі 1,5 % (1293,0 тонна) көбейген. Ауданда жалпы 128 шаруашылық құрылымдары мал шаруашылығымен айналысып келеді. Оның ішінде 11 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. Асыл тұқымды 1000 бас мүйізді ірі қара, 4749 бас қой малы бар.
«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалы