Қызыл автобустағы қызықты күндер
Өткен ғасырдың соңғы жылдарында біз тұратын қазақы тамның кіреберіс бөлмесінде күні бойы радио қосылып тұратын. Дәл бүгінгідей телефонның заманы емес. Таңғы 7.00-де «Қайырлы таң қазақ елі» деген радиодағы диктордың дауысынан ең бірінші әкем оянады. Ол таңертеңнен қызыл автобусты оталдырып, кезекті жұмыс күніне дайындықты бастайды. Жұмысқа шығып бара жатқан әкем анама келіп:
– Бала оянып кетпесін. Бүгін күн ыстық. Үйде ойнағаны дұрыс, – деп нақтылап тапсырып кетеді. Ал мен болсам, күні бұрын әкемнің көзіне түспестен 50-60 адамды тасымалдайтын «қызыл қасқаның» артқы орындығына тығылып қаламын. Осылайша, әкем өзі қызмет ететін мекемеден рұқсат қағазын алып, гаражда автобустың май-суын тексеріп, 1 сағатқа жуық аялдайды.
Ақырында аялдамаға келіп, жолаушыларды мінгізген бойда діттеген бағытқа қарай жол жүреді. Тереңөзектен 4-5 шақырым ұзаған мезетте орындық қуысында бүктетіліп отырған мен әкемнің жанына жетіп барамын. Сонда әкем: – «Мен сені үйде екен десем, қай кезде мініп үлгердің», – деп жымия қарайды. Жол үстінде талай қызықтарға куәгер болатынмын. Бір жағынан дәл қазіргідей жеңіл көлік көп емес. Автобустың аузы-мұрны толып келеді. Сонда да, қысылысқан адамдардың арасында ойнап жүремін.
Негізінен, әкем Асқар Тоқмағамбетов, Сәкен Сейфуллин, Қызылорда қаласына жиі қатынайтын еді. Асқарлық сүт-май, айран-қатық сататын ақ жаулықты аналар жанына отырғызып, ерекше қамқорлық көрсетеді. Кешкілік үйге арқаланып қайтатын кездерім болады. Осындай ерекше сәттерді бастан өткеріп, көпшілік ортасында ер жеткенім рас. Қазіргі таңда тілшілік тіршілікпен ауылдарға бара қалсам, үлкендер жағы «Автобуста жүретін Аябектің баласы халықтың баласына айналды» деп жатады. Аллаға шүкір!
Өткен жылдары асқарлық жеке кәсіпкер Тамарахан апайды басылым бетіне жазған болатынмын. Осыдан 20 жыл бұрын ауылдағы қыз-келіншектермен базарға апарып сүт сататын апамның шашына ақ түсіпті. Сұхбат барысында Тамарахан апа «Автобуста жүргеніңде талай сүтімді ішіп едің. «Ақ сүтімді ақтадың» дегені бар.
Бірде жол үстінде қызық оқиға болды. Вахтада жұмыс жасайтын бір нағашым ауылына қайтып келе жатқан болатын. Мені әңгімеге тартып, әрнәрсені сұрап келеді.
– Әй, бала руың қандай? Мен әкеме қараймын. Әкем көзін қысып қолдау көрсетіп қойды.
– Ошақтымын.
– Расыменде солай ма?
– Иә.
Әлгі сөзіме балаша қуанған нағашым үйіп-төгіп тәтті алып берді. Үйінің тұсына келгенде нағашым алыстан тәттіге тойып отырған маған қарап:
– Бағанағы сөзіңді қайталап айтшы. Руың қандай?
– Найманмын.
– Не дейсің?
– Руым Найман. Мен ешкімге сатылмаймын.
Балалық еркелігіме таңданған нағашым бұл ісіме риза болған кейіппен автобустан түсіп кете барды.
Балалар күні мерекесінде балалық шақта осындай қызықты сәттер еріксіз еске түсті.
А.БАЛТАБАЙ
Фото: ашық дереккөзден