Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өкіл болу зор жауапкершілік жүктейді

Өкіл болу зор жауапкершілік жүктейді

Қазақы ғұрыптың айнымас қағидасы өмірлік тұжырымнан қалыптасатыны жасырын емес. Қай кезде де ұлттың рухани өзегінен тәрбиелік, сыйластық турасында жасалатын ғибраты мол дүниені аңғарамыз. Қашанда қала­мымызды қалқан етіп, ойлы оқырман­ның талғам үдесінен шығатын мақала жазуды алдымызға мақсат етіп қой­ғанбыз. Бұл жолы ежелден келе жатқан өзгеге өкіл болу мұратын саралап көрмекпіз. Анығын айтқанда, көпшілік жанына жақын тартқан адам­ға өкіл әке немесе аға, бала болып жатады. Оның негізгі түпкі мақсаты тереңде жатыр.

Әдетте, қазақтың ырымшылдығын былайғы жұртшылық жақсылыққа балап жатады. Өмірден көргені мен түйгені ғибрат бола білген үлкендер қауымы туыстық байланысты нығайтуға барын салған. Шын мәнінде, өкіл бола білу – үлкен жауапкершілік жүктейді. Ертеректен келе жатқан зерттеулерге сүйенсек, өкіл болу келісім бойынша жасалатын туыстық атау саналады. Яғни, отбасылы елге танымал азаматқа қаны бөлек, ата-аналы ержеткен ұлдың, бөйжеткен қыздың ықыласы ауып, балалық жылы сезімі оянып, ниеттескен екі тараптың әкелік пен перзенттік қалауы болып табылады. Дәстүр бойынша халық той жасап, ер балаға асық жілік, қызға тоқпан жілік берген. Негізінен, дәстүр бойынша туыстас, дос-жаранның жетім қалған балаларына өкілдік жасап, қамқорлық көрсету де парыз екені айтылады. Ұлы жоқ кісі бала асырап алып, ұрпағының көп болуын ырымға балайды.

– Ақиқатында, өкіл болу арқылы көпшілік баланы, бауырды өз қам­қорлығына алған дұрыс. Өкіл болудың жолы ауыр. Баланы шалыс кетсе демеп, барынша мейірімге бөлеген жөн. Өкіл бала болған жанды отбасының кез келген мүшесі жақын тартуы керек. Кейде біз бауырлар арасында алауыздықты, түсініспеушілікті көріп жатамыз. Мұндай жағдай туған ба­уырдан бұрын өкіл баланың жанашырлығын сезінеміз. Өз перзентінен артық көрмейтін ата-ананың міндеті өкіл баланы өсіріп, жеткізуге үлес қосу екені айдан анық. Расында, тасжүректік, қатегіздік жайлаған қоғам өмірінде өкіл туыстықты нығайтуды қолдаймын. Мысалы, өзім 8 айлығынан бастап Перизат есімді қызымды бауырыма бастым. Анасы – Жұмабике ол кезде Асқар Тоқмағамбетов ауылында қызмет жасайтын. Күнделікті қызымды бағып-қағып, өкіл шеше атандым. Қазіргі уақытта Перизат қызым Астана қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектепте жұмыс істейді. Қызым кез келген уақытта келіп сәлем беріп кетеді, – дейді Тереңөзек кентінің тұрғыны Қадиша Бердіқожаева.

Иә, Қадиша апа секілді арамызда жандар жеткілікті. Әрбір жанның қиын-қыстау сәтте жан ұшыра жүріп, қуанышында марқая алатын өкіл ата-анасы болғаны қандай жақсы?! Үнемі мейірім-шапағатына бөлейтін бауыр біткен өкіл бола тұрып, бір-бірін қолдап жүргені құптарлық іс.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ

25 сәуір 2023 ж. 240 0