Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасанды интеллект: көмекке келетін CHATGPT

Жасанды интеллект: көмекке келетін CHATGPT

Осыдан 3 жыл бұрын «OpenAI» компания­сы «ChatGPT» атты жасанды интеллект платформасын жасап шығарды. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап, бұл қосымша тарихтағы ең жылдам дамыған тұтынушылық бағдарламаға айналды. Екі айдың ішінде 100 миллионнан астам қолданушы жинады. Бүгінде «ChatGPT» әлем халқы арасында ерекше танымалдыққа ие. Себебі оның функциясы оқу мен ізденіс үшін өте ыңғайлы. Барлық адам бұл құралды түрлі тапсырманы орындау үшін қолданады.

Мәселен, құрылғы арқылы эссе жазуға, мәтін аударуға, есеп шығаруға, сурет салуға, сызба жасауға, кітапқа рецензия дайындауға, тіпті ақпарат жинауға болады.

Бір қуантатыны, бұл чат-бот қазақ тілін де еркін түсінеді. Қазір оны ана тілімізде қолданатындар саны артқан сайын, оның жауабы да, сапалы бола бастады. Жасанды интеллекттің күнделікті өмірде де пайдасы зор. Мысалы, көшеде белгісіз бір белгіні көріп, суретін түсіріп жіберсеңіз, бағдарлама оның не екенін түсіндіріп бере алатын қабілетке ие. Тіпті, ауырып қалған жағдайда, қандай дәрі керек екенін де ұсынады.

Ақпарат іздеу кезінде ол тақырыпта жоқ болса да, оны теориялық түрде ойланып, жауап қайтарады. Көбі оны психологиялық кеңес үшін де пайдаланып жүр. Күйзеліске түскен сәтте еркін әңгімелесетін се­німді серікке айнала алады. Өйткені қолданушы туралы өзі тани бастайды. Тұтынушы неге қызығады, не көреді, хоббиі қандай, қай жерде жұмыс жасайды деген сауалға жауап іздейді. Осыған байланысты адаммен ортақ құндылықтар мен ұстанымдарда тілдеседі. Бір қызығы алматылық бір азамат жол ережесін бұзды деген айыппен сотқа шақырылып, адвокаттың орнына ChatGPT-ді қолданып, кінәсіздігін дәлелдеп шыққан. Сотта «ChatGPT» нақты заңды дәлелмен жауап беріп, нәтижесінде айыппұл жойылған. Бұл жасанды интеллекттің құқық саласында да пайдалы екенін көрсетті.

Алайда кез келген құрал секілді бұл қосымшаның да пайдасымен қатар, зияны бар. Қазір адамдар қарапайым сұрақтарға да жауапты өздері іздемей, бәрін чат-боттан сұрауға бейімделіп барады. Бұл – ми жұмысын тежеп жатыр. Миымыз – бұлшық­ет секілді. Егер оны жаттықтырмасаң, әлсірейді. Сондықтан Жасанды интеллектті тек көмекші құрал ретінде пайдаланып, өз ойлау қабілетімізді дамыту маңызды. Ақпарат алу үшін қолдану дұрыс. Сондай-ақ шығармашылық, есеп-қисап пен ойлануды қажет ететін тапсырмаларды өзіміз шешкеніміз жөн. Әйтпесе адамның ойлау қабілеті төмендеп, тәуелділік қалыптасуы мүмкін. Жасанды интеллектіні қолданған кезде адамның миы баланыкіндей болып бара жатқандай көрінеді. Бұл өз бетімізше шешім қабылдау азайып, ойлау деңгейіміз түсіп жатқанына кішігірім дәлел. Сол үшін миымызды қозғай беру керек. Қарапайым өмірде білмеген дүниемізді, теориялық тұрғыда ойлансақ, өте пайдалы.

«ChatGPT» – өте пайдалы қосымша, кез келген салады ақпарат бере алатын, қолданушымен сөйлесуге ыңғайлы тілде жауап беретін чат-бот. Оның маңызы жылдан-жылға артып келе жатыр. Алайда оны қолдану барысында өз ой-өрісіңді де қолдану маңызды. Адамның миы жасанды интеллект емес.

Асылжан ҚОНЫС,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
1-курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден
29 шілде 2025 ж. 273 0